“АҚМАРЖАНДЫ“ АЯЛАҒАН АЗАМАТ

“АҚМАРЖАНДЫ“ АЯЛАҒАН АЗАМАТ

Бүгінде «Құрмет» орденінің иегері, күріш шаруашылығы саласындағы белгілі ғалым және жетекші селекционер, ауыл ша­руа­шылығы ғылымының док­торы Құрманбек Бәкірұлы 70 жасқа толып отыр. Ол 1944 жы­лы Шиелі ауданындағы Қа­­зақ­станның 30 жылдығы атын­­дағы ұжымшар, қазіргі Ба­ла­ би ауылында өмірге келген. Құрманбек аға 1967 жылы Қа­зақтың мемлекеттік ауыл ша­руашылығы институтының аг­­ро­­номия факультетін се­лек­ция және тұқым шаруашы­лы­ғы мамандығы бойынша бі­тір­геннен бастап ауыл шаруа­шы­лығы ғылымы саласында же­місті еңбек етіп келеді.

Жас маман институтты бі­ті­рісімен алдымен Қызылорда облыстық күріш тәжірибе стан­­сасында, 1974 жылдан Қа­зақ­тың күріш ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қыз­меткер, топ жетекшісі, бөлім меңгерушісі, ғалым-хат­шы қыз­­меттерін, сондай-ақ инс­титут бастауыш партия ұйы­мы­ның хатшысы міндетін ат­қар­ған. 1995 жылдан 2007 жыл аралығында «Арал өңірі аг­ро­экология және ауыл шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу инс­ти­туты» директорының ғы­лыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ал 2007 жылдан осы кезге дейін «Ы.Жақаев атын­дағы Қазақ күріш ша­руа­­шылығы ғылыми-зерт­теу инс­титутының» агроэко­ло­гиялық сортсынау және тұқым ша­­руа­шылығы бөлімінің мең­герушісі қызметтерін атқарып келеді.

Қазақстанда бірінші болып күріш селекциясында тәжіри­бе­лік мутагенез әдісін қолданған оның зерттеулер нәтижесінде 200-ден аса мутанттар алынып, селекциялық жұмыстарда пай­да­ланылуда. Оның ішінде екі му­тантты тікелей көбейту арқылы жаңадан екі сорт шығарды жә­не кандидаттық диссертация қор­ғады. Сонымен бірге 1978-1981 жылдары кү­ріштің тұзға төзімділігін зерт­теу тобының жетекшісі қыз­метін атқарған кез­дері күріш сорт­тарының тұз­ға төзім­ділі­гін анықтаудағы тұз ерітін­­дісі­нің оңтайлы концент­ра­ция­­сын анықтап, жүздеген күріш сорттарының тұзға тө­зім­ділігі сынақтан өткізілді. Со­ның нәтижесінде тұзға тө­зім­ді үлгілер іріктелініп алы­нып, күріш селекциясында пайда­ла­ны­лып келеді.

Құрманбек Бәкірұлы күріш шаруашылығының селекция, тұ­қым шаруашылығы және тех­нологиясы саласында 1981-1987 жылдары институттың Оң­түстік-Батыс аумақтық бөлі­мінің меңгерушісі қызметін ат­қарып, Алматы облысының кү­ріш өсіретін Ақдала және Қа­ратал массивтерінде ғылы­ми-зерттеу жұмыстарына жетек­шілік жасады. Ол институтта 1987 жылы құрылған картоп және көкөніс дақылдары бөлі­мінің алғашқы меңгерушісі бо­лып, оның негізін қалады. Оның ғылыми басшылығымен кар­топтың популяциялық тұ­қым шаруашылығы, көкөніс кон­­вейері, картоп және көк­өніс дақылдарын өсіру техноло­гия­сы мен тыңайтқыш қолдану, өсімдік қорғау жүйелері бойын­ша өндіріске ұсынымдар әзір­ленді.

Құрманбек Бәкірұлы бір­не­ше күріш сорттарының, оның ішін­де республикаға және шет елдерге танымал бол­ған «Маржан» және ерте пісе­тін «Ару» сорттарының не­гізгі ав­торы. «Маржан» сорты өнді­ріс­ке енгізілген 1987 жыл­дан бастап егіліп келеді. Жер­гі­лікті топырақ-климат жағ­дайы­на жақ­сы бейімделген бұл сорт егін­шілік мәдениеті күрт тө­мен­деп кеткен қиын жыл­дар­дың өзінде тұрақты өнім беріп, облыстың экономикалық және әлеуметтік әлеуетін нығайтуға өз ықпалын тигізді. Мысалы, соңғы 9 жылда «Маржан» сор­тының тұқымы 374,3 мың гектар алқапқа себіліп, жалпы егілген күріш көлемінің 56,3 пайызын құраған. Осы егіс алқабынан 1 млн. 631 мың тонна астық жи­налған, яғни әр гектардан ор­таша 43,6 центнерден өнім алын­ған. Қазіргі бағамен есеп­те­генде бұл жылдары алынған күріштен түскен қаржының жал­пы сомасы 65 млрд. 240 млн. теңгені құрайды.

Ғалымның 130-дан аса ғы­лыми еңбегі жариялан­ған, оның ішінде 2 монография, жи­ыр­ма­дан аса ғылыми жинақтар, ұсынымдар, авторлық куәлік­те­рі және патенттері бар. Оның тікелей жетекшілігімен кей­інгі жылдары күріш сорт­та­рын көбейтудің бірнеше жа­ңа әдістері әзірленіп, олар­ға патенттер алынды. Атап айтқанда, күріштің тұ­қым ша­руа­шылығында қолданы­ла­тын күрішті көшеттеп масағымен өсіру, тұқымды өндіріп егу және ТМД елдерінде бірін­ші болып күрішті және кү­ріш ауыспалы егісінің әртарап­тан­дыру дақылдары – рапс, соя және арпаны жалға егіп өсіру технологиясын зерттеп, әзір­леген. Жыл сайын алыс және жақын шет елдердің 50-ден аса күріштің жоғары өнім­ді сорттары экологиялық сорт­сы­наудан өткізілсе, олар­дың жергілікті жағдайға бейім­ділігі, өнімділік әлеуеті, өнім сапасы жан-жақты бағаланып, үлгілердің ең үздіктері өндіріс­ке ұсынылды. Облыста пайда­лануға рұқсат етілген және перс­пективалы 10-нан аса күріш сорттарының бастапқы және элиталық тұқым шаруашылығы жүргізіліп, оң нәтижесін беруде. Оған дә­лел, соңғы 3 жылдан бері инс­титутта жыл сайын күріштің 100 тоннадай суперэлиталық жә­не 500 тоннадай элиталық тұ­­қымы өндірілуде.

Құрманбек Бәкірұлы Үн­діс­тан, Филиппин, Қытай, Ита­­лия және ТМД елдерінде бо­лып, Халықаралық ғылы­ми конференциялар мен конгрес­терге қатысқан, баяндамалар жа­саған. Ол 2003 жылы ау­ыл шаруашылығы ғылымы са­ла­сында республикада ал­ғаш­қылардың бірі бо­лып «Өнім­ділікке және бейім­ді­лікке бағыт­талған Қазақстан­да­ғы күріш селекциясы» та­қы­рыбында мем­лекеттік тіл­де докторлық дис­сертация қор­­ғады. Ғылыми жұмысты ұс­­таз­­дық жұмыспен ұш­тас­тыр­­ған ғалым Қорқыт ата атын­­дағы Қызылорда мемле­кет­тік университетінің ма­гис­­транттары мен докто­рант­та­ры­на дәріс береді.

Ол ғылыми және қоғамдық жұмыстағы жетістіктері үшін облыс әкімі мен мәслихаттың, ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің, Ұлттық Аграрлық зерттеулер орталығының,КСРО халық шаруашылығы же­­­тіс­­тік­тері көрмесінің қола ме­да­лімен марапатталған. «КСРО өнертапқышы» бел­­гі­­сінің, 1997 жылғы ҚР мемлекеттік ғы­лы­ми стипен­дия­сының, 2006 және 2008 жыл­дардағы Қы­зылорда облы­сы әкімі сти­пен­диясының ие­ге­рі. 2004 жылы ҚР «Құр­мет» орденімен марапат­тал­­са, жақында ғана «Ауыл шаруа­шы­лығы саласының үзді­гі» ме­даліне ие болды.

Үлгілі отбасының басшысы, белгiлi ғалым Құрманбек Бә­кiр­ұлы қажырлы еңбегімен салаға лайықты үлес қосуда.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
ҚОҒАМ 20 қараша 2014 г. 1 530 0