« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жуырда Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында көп көңілін толқытқан ерекше өнер фестивалі болып өтті. Оның ерекшелігі сол, онда өнер көрсеткендердің барлығы да ақ шашты аналар мен ақ сақалды қариялар еді. "Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!” деп аталған бұл фестивальға облыс аумағынан 300-ге тарта ардагер қатысты. Өнер сайысын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов қысқаша сөз сөйлеп ашып, өнер айдынында құлаш сермеп жүрген ардагерлерге сәттілік тіледі.
– Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өтетін республикалық фестивальдің алғашқы баспалдағы жеті аудан мен Қызылорда қаласында болып өтті, оның жеңімпаздары бүгін сіздердің алдарыңызда өнер көрсеткелі жиналды,– деді кеңес төрағасы өз сөзінде. – Енді осы сайыстың жеңімпаздары республикалық фестивальда өз бақтарын сынайтын болады. Сыр бойының жырдың елі, өнердің ордасы екенін тағы бір дәлелдейтін тұсымыз осы. Сондықтан да өнерлеріңізге өріс, өздеріңізге сәттілік тілеймін.
Облыстық өнер сайысына қатысуға ниет еткен ардагерлер 12 номинация бойынша сайысқа түсті. Фестиваль шымылдығын Садық Қаниев жетекшілік ететін Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің хор ұжымы "Бейбітшілік сақталады” әнімен ашты. Сырдария ауданының атынан шыққан Қоғалыкөл ауылының хор ұжымы өз жетекшілері Ермекбай Әдікеновтің "Отан деп соққан жүрекпен” атты әнін шырқаса, Әдебиет Сүгірбаев жетекшілік ететін Жаңақорған ауданының хор ұжымы Бексұлтан Нұржекеевтің "Гүлденген Жаңақорғаным” атты әнін әуелетті. Мұнан кейін өнерпаздар жеке ән орындау, вокалдық ансамбль, дуэт, трио, квартет, жеке аспапта орындау, аспаптар ансамблі, би, көркемсөз оқу, музыкалық және ауыз әдебиеті номинациялары бойынша сайысқа түсті. Жеке орындаушылар көшін бастаған аралдық Айман Шүренова орыстың халық әні "Ах Самара городок” әнін шырқап, көпшілікті бір серпілтті. Облыстық соқырлар қоғамының атынан шыққан Бибіажар Абдуллаева, жаңақорғандық Бекболат Төребаев, жалағаштық Яштайбек Сырмаханов, қазалылық Шәмшігүл Шақатова мен Әбжәми Жанаев шырқаған әндер тыңдаушылар көңілінен шығып, олардың риясыз ықыласына бөленді. Тағы бір айта кетерлігі, сайысқа қатысушылар қазақтың халық әндері, соғыс жылдарындағы әуендермен қатар орыс, қырғыз, өзбек, үнді әндерін шырқады. Мәселен, тыңдаушылар аралдық Дайрабай мен Айманның шырқаған үнді әніне, сырдариялық Бейсенкүл мен Пернекүлдің орындаған қырғыз әніне, қармақшылық Ордабай Төлебаевтың орындауындағы орыс әніне ризалықпен қол соқты.
Көпшілікті ерекше сүйсінткен вокалды топтардың өнерлері болатын. Қармақшы, Сырдария және Жалағаш аудандарының "Әжелер”, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы "Аталар” ансамблінің өнері көп көңілінен шықты. "Жеке аспапта орындау” номинациясы бойынша өнер көрсеткен аралдық Достан Көзмағанбетов баянмен вальсті құйқылжыта ойнап, талайдың ұмыт болған жастық шағын, жақсы күндерін есіне қайта оралтты. Белгілі ақын Жүсіп Қыдыровтың "Батыр ескерткіші алдында” атты балладасын қармақшылық Дәріқұл Маханбетов тебірене оқығанда көпшіліктің көзіне жас үйірілді. "Би” номинациясы бойынша Арал, Жалағаш, Сырдария және Жаңақорған ауданы өнерпаздары орындаған 4 жеке, 2 ұжымдық би де көптің ықыласын өздеріне аударды. Жалағаштық Роза Боранбаева мен жаңақорғандық Жақсыгүл Бегманова өздерінің шалт қимылымен, жарасымды қозғалысымен көрермен ризалығын алды. Жұртты дүр сілкіндірген "Музыкалық және ауыз әдебиеті” номинациясы бойынша көрсетілген өнер еді. Онда қармақшылық Бидас Рүстембеков, шиелілік Әлмырза Ноғайбаев пен жаңақорғандық Әлібек Сүгірбаев орындаған термелер көп көңілінен шықты. Халықтың айтыс өнерін жаңғыртып, сахнаға жеңге мен қайын іні арасындағы жарасымды әзіл-қалжыңымен шыққан Қазына Өзденбаева мен Айтбай Ахмедияев та көрерменді күлкіге кенелтті.
Сыр ардагерлері қолөнер шеберлігінен, бейнелеу, сурет салу өнерінен және аспаздықтан тысқары қалмағанын да дәлелдеді. Театрдың кіреберісіне орналасқан көрме соның дәлеліндей. "Бейнелеу өнері”, "Көркемөнер-қолөнер шығармашылығы” және "Аспаздық өнер” номинациялары бойынша жасалған көрмеде бәрі бар. Жалағаштық Қанымкүл Шаханова мен Тынымкүл Асанова, жаңақорғандық Шәрбан Өрікбаева, сырдариялық Ұзақкүл Ережепова мен Әсем Сейтімова, қалалық Раушан Тұрмағанбетова дайындаған ас мәзірі мен қолөнер бұйымдары көздің жауын алады. Көрерменге қымыз, қымыран, шұбатпен қатар түрлі салаттар, қазақы жент, ірімшік, құрт-май, қазы-қарта, жал-жая, асылған ет ұсынылған. Мұнда бәрі бар, заманауи заттарды есептемегенде кезінде қазақи ауылда қолданылған құрт жаятын шыпта, киіз үй шиі, тоқым, ала арқан, терме бау, қазан ұстайтын тұтқыш, қоржын мен тұскиіз де бар. "Туған жер”, "Ана махаббаты” және "Кел, бірге шырқайық” атты кітаптардың авторы, жаңақорғандық Шәрбан Өрікбаева ұлттық нақышқа толы өзге заттарымен қоса көрерменге өзінің бұдан жарты ғасыр бұрын Әлия мен Мәншүктің бейнесін кестелеп тоқыған кесте орамалы мен киізден басылған жайнамазын ұсыныпты.
Қармақшы ауданы Ақай ауыл клубындағы сурет үйірмесінің жетекшісі, қылқалам шебері Жайлау Байсаловтың майлы бояумен салған суреттерінде ауыл өмірі жан-жақты бейнеленген. Сырдария ауданындағы Асқар ауылынан келген қолөнер шебері Жәнібек Маханбетов жасаған сандық пен жүкаяқ, бесік пен түрлі от шашулар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған солдат бейнесі, өзге де тұрмыстық заттар көрушілердің көз қуанышына айналды.
Ардагерлер фестивалін қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова бұл шараның негізгі мақсаты халқымыздың Ұлы ерлігін ұлықтау, ардагерлердің өнері мен өнегесін, шығармашылық қабілетін жетілдіру, олардың қоғамдық жұмыстағы белсенділігін арттыра отырып, жас ұрпаққа ұлттық, патриоттық тәлім-тәрбие беру болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол бүгінгі фестивальдің діттеген деңгейде өткеніне, оған қатысқан ардагерлердің өз дәрежесінде өнер көрсете алғанына ризалық білдірді.
Облыстық филармонияның режиссері, "Мәдениет қайраткері” белгісінің иегері Оңталап Нұрмаханов жетекшілік еткен қазылар алқасы жүлдегерлерді жариялап, жүзден жүйрік шыққандарының республикалық деңгейде өнер көрсетуіне тілектестік білдірді.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |