“САРАТС-2” ЖОБАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ШЕШІМІН ТАПТЫ

“САРАТС-2” ЖОБАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ШЕШІМІН ТАПТЫ Үстіміздегі жылғы 14 қарашада ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен республикалық бюджеттік комиссияның отырысында "САРАТС-2” жобасын Дүниежүзілік банктің қарыз қаражаты есебінен және республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты. Бұл жөнінде облыстық коммуникациялар орталығында журналистермен жүздескен облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов толыққанды түрде айтып берді.

Серік Салауатұлы Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан "Ғасыр жобасы” аталған "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау” (САРАТС) жобасының бірінші кезеңі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер берді деді. Бұл жоба Дүниежүзілік банк пен республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру арқылы жүзеге асты. Соның нәтижесінде Солтүстік Арал теңізі суының тұздылығы литріне 23-тен 17 граммға дейін төмендеп, су көлемі 15-тен 27 текше шақырымға дейін жетті. Сырдария өзенінің қыс кезіндегі су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін жоғарылады. Теңізге құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келді. Суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Бұл өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Нақты айтқанда, теңізде бұрын жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта пайда болып, балық аулау көлемі 400 тоннадан 5 мың тоннаға дейін жетті. Теңіз Арал қаласына 75-тен 17 шақырымға дейін жақындады.

“САРАТС-2” ЖОБАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ШЕШІМІН ТАПТЫЖобаның Арал өңірі үшін әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын жоғары бағалаған Елбасы 2005 жылы бұл істі жалғастыруды тапсырды. Сөйтіп, сол кезден жобаның екінші кезеңінің дайындығы елімізде жүзеге асырылатын басым жобалар қатарына енгізілді. Соның нәтижесінде бірқатар талқылаулардан кейін жобаның құрамы қайта қарастырылып, "САРАТС-2” жобасын іске асырудың екі кезеңдік тәсілін қолдану туралы шешім қабылданды. Негізі жобаның екінші кезеңіне сегіз компонент енгізіліп, оның алғашқы кезеңінде алты компонент жүзеге асырылатын болды. Атап айтқанда, бұл кезеңде Қызылорда су торабының сол жағалауындағы шлюз-реттеуішін қалпына келтіру мен облыстың Қазалы мен Қармақшы аудандарында су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттерін салу, Қорғанша және Тұрымбет учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету, Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірін салу қарастырылған. Сондай-ақ, Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру мен Арал ауданы «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигінің Тастақ учаскесіндегі балық өсіру тоғандарын кеңейту де іске асырылады. Сонымен қатар, екінші кезеңде Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, яғни Көкарал тоспасын Балтық жүйесі бойынша қазіргі 42 метрден 48 метрге дейін биіктету мен Сырдария өзені бассейнінің қазақстандық бөлігінде су ресурстарын басқарушы жұмыс орталығын салу мен жабдықтаудың техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленетін болады.

Биылғы жылы "САРАТС-2 жобасының екінші кезеңі Қазақстанның Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасына және Үкіметпен бекітілген ҚР әлеуметтік-экономикалық саясатының 2014 жылға арналған бірінші кезектегі шаралардың жол картасына енгізілді.

Жобалық құны 23,2 млрд. теңге. Бұл жоба 2015-2020 жылдар арасында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биылғы шілде айында Қызылорда қаласында Дүниежүзілік Банк және ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі арасында "САРАТС-2” жобасын Дүниежүзілік банк қарыз қаражаты есебінен жүзеге асыру бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Өз кезегінде Дүниежүзілік банкінің бұл жобаны қаржыландыруға қатысуы өңірге инвестиция салудың көбеюіне біршама қозғау салады. Жалпы жобаның 85 пайызын қаржыландыруға Дүниежүзілік банк алдын ала келісімін беріп отыр. Айта кететін жайт, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Үкіметтің атынан сыртқы көздердің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын инвестициялық жоба тек республикалық бюджеттік комиссия отырысының оң шешімі негізінде ғана жүзеге асырылады. Сондықтан, 2014 жылғы 14 қарашада ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен республикалық бюджеттік комис­сия­ның отырысында "САРАТС-2” жобасын Дү­ние­жүзілік банктің қарыз қаражаты есебінен және республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты.

“САРАТС-2” ЖОБАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ШЕШІМІН ТАПТЫБүгінгі күні өңірдің инвестициялық ахуалына ауқымды үлес қосып, халықты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған "Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолының құрылысы, "Бейнеу – Бозой – Шымкент” магистральды газ құбырының құрылысы секілді мегажобалар аяқталуда. Осы және басқалай әлеуметтік нысандардың құрылысы салдарынан облыста таяу арада 4 мыңға жуық адам жұмыстан босау қаупі бар. Сол себептен, ұлттық экономикадағы осындай қолайсыз жағдайларды болдырмаудың маңызы зор. Сондықтан да "САРАТС-2” жобасын жүзеге асыру Арал өңірінің әлеметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Атап айтқанда, бұл кезеңде 63 мың гектар болатын суармалы жерлер тұрақты сумен қамтамасыз етіліп, 250 мың гектарға жуық жайылымдар мен шабындық жерлер суландырылады. 15 мыңнан аса халық тұратын елді мекендер су басудан қорғалады. Қазалы ауданы Бірлік ауылы маңынан автомобиль көпірін салудың нәтижесінде жыл бойы қауіпсіз автокөлік байланысы қамтамасыз етіледі. Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі және өзен сағасындағы жалпы ауданы 34 мың гектар болатын көлдер сумен қамтамасыз етіліп, Солтүстік Арал теңізінің су басу ауданы 3151-ден 4645 шаршы шақырымға дейін ұлғаяды. Теңіздегі судың көлемі 27,1 текше шақырымнан 51, 17 текше шақырымға дейін жетеді. Балық аулау көлемі 30 мың тоннаға жетіп, балық шаруашылығы саласында 3 мыңға жуық жаңадан жұмыс орындары ашылады. Теңіз айдыны мен Арал қаласының арақашықтығы 1 шақырымға жетеді. Сонымен қатар, су айдынының алаңы елді мекендерге жетіп, теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан ұшқан шаңды тұздар азайып, туризмді дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Ендігі кезде, Үкіметпен бірлесіп, сыртқы заем алу бойынша Дүниежүзілік банкпен келіссөздер жүргізіліп, оны жыл соңына дейін Қазақстан Республикасының Парламентінде ратификациялау бойынша жұмыстар іске асырылатын болады.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
ҚОҒАМ 20 қараша 2014 г. 1 023 0