« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
– Балам, "Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді” деген, менің жолымды қусаң, жаман болмассың, – деді Ердүйсенге әкесі. – Теміржол – күре тамыр ғой, осы салада еңбек еткенің жөн секілді.
Көп сөзге жоқ, обал-сауапқа қараңқырайтын, ескіше де оқуы бар, жаңа өмірден хабарлы кісі еді жарықтық Сағынтай көкесі. Кезінде машинистің көмекшісі ретінде өзі еңбек жолын бастаса, кейінгі 25 жыл бойы теміржолдағы әскерилендірілген күзет бөлімінде қызмет істеді.
Бұл 1971 жылдың күз айы еді. Жас жігіттің бойшаң, тұлғалылығы, әр іске зейінімен ден қоятындығы басшыларды да қызықтырды. Көп ұзамай тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмысқа кірісті. Оның алдында арнайы курстан өтіп келді.
Адам уақыттың қалай өткенін де байқамай қалады. "Аяқталған ай тураған ет секілді” дегендей, көмекші машинист болып жүргенде арада жеті жыл өте шығыпты. Айтпақшы, Германияда екі жыл әскери борышын өтеп келді. 1978 жылы Ердүйсен Ахметов Қазалы қаласында тепловоз машинисін дайындайтын курста білімін шыңдап, білігін молайта түсті. Содан арқыраған алып машинамен Қазақстанның біраз жерін шарлады-ау. Шаршадым демеді, өз ауысымы келгенде түн бе, күн бе деп санаспай, талмай жортты. Жұмысы тыңғылықты болған соң, абыройы да асқақтап, табысы да жаман болған жоқ. Ең бастысы – реттілікке, тәртіпке әбден бойұсынды, басқалардан да осыны талап ететін құнттылығы әріптестері арасында жоғары бағаланды. Осы бедел, біліктілік ұжым басшыларының берік сенімін оятып, оны 1980 жылы депо кезекшілігі қызметіне жоғарылатты. Содан бері Е.Ахметов Шиелі станциясындағы №6 айналым локомотив депосында аталмыш қызметін атқарып келеді. Содан бері 34 жыл өтті. Бұл жігіттің есею, толысу жылдары ғой.
– Депоға келген тепловоз уақытылы техникалық жабдықталуы тиіс. Берілген уақыт аралығында бұл шаруалар тыңғылықты да, тиянақты орындалады. Ол үшін әрбір қызметкер, слесарьдің жауапкершілігі мықты болуы тиіс. Бұл жерде кейінге қалдырылатын бірде-бір жұмыс болмайды, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Теміржол бойы өзіндік өмірлік үрдіс пен реттілікке құрылған. Оның жартылай әскериленгендігі де осы талапқа саяды. Теміржол бойындағы үлкен көлемдегі жүк тасымалы, жолаушылар қатынасы бәрі де экономиканың нығаюына қызмет жасар еді. Сондықтан Ердүйсен секілді жауапты қызметте жүрген азаматтарға артылар жүктің салмағы аз емес. Қарапайым ғана мына мысалға назар аударалықшы. Бір тепловоздың өзіне бір ауысымда 6800-ден 7300 литр жанармай құйылады. Сол секілді 800 литр суды және құю керек. Басқа ақаулықтарды тез ретке келтіру үшін 8 адамнан құралған бригадаға 1 сағат 12 минут уақыт беріледі. Осы мерзімде тапсырылған жұмысты сапалы етіп атқарып шығуға тиіссің. Мұны өзге де жауапты қызметкерлермен бірге депо кезекшісі бақылайды және талап етеді. Бір ауысымда осындай 20-30 тепловозға техникалық қызмет жасауға тура келеді. Өзімен бірге жұмыс істейтін машинистер – Алмас Сүлейменов, Әмірхан Маханбетов, Бауыржан Ержанов пен шебер Кемал Мырзахметовтер де аға толқыннан үйренген, тыңғылықты жігіттер.
Адамның өз ортасындағы дұрыс қарым-қатынасы, оның өмір сүру құштарлығын арттырып, абыройын көтереді. Осы орайда оның отбасындағы жайлылықты айтқан жөн болар. Өмірлік қосағы – Мейрамкүл екеуі түтін түтеткелі де көп жылдар өтті ғой. Тату-тәтті тіршілік етіп келеді. Ұлы Әбілжан мен қызы Ақнұр жоғары білімді мамандар. Ал бала кезден бергі достары Асқар, Ғани, Қабілештермен жиі жолығысып, қуаныш-реніштерін бөлісіп отырады. Тілектес кісіңнің көп болуы да адамның мерейін өсіріп отыратын жағдайлардың бірі болса керек.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі станциясы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |