ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНА ХАЛЫҚ ҚОЛДАУЫ

ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНА ХАЛЫҚ ҚОЛДАУЫ

Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең-байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

(Қазақстан халқына Жолдауынан).
 

БАҚЫТ БАҒДАРЫ

Елбасының қазақстандықтарға жолдаған жаңа Жолдауында түрлі маңызды мәселелер жан-жақты көрініс тапқан. Жұмыссыздықты болдырмау, жол, баспана мәселесіне баса мән берілген. Сонымен бірге Елбасы Жолдауда денсаулық, білім мәселесінің де күн тәртібінен түспейтінін айтты. «Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді...»,–деп Елбасы Жолдауда нақты айтты. Олай болса, денсаулық сақтау саласы да өсіп-өркендейді деп сенеміз. Қазірдің өзінде елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде де санавиация қызметі дамуда. Жақында ғана облыс әкімі аймақтағы медициналық ұйымдарға автокөліктердің кілтін табыстады. Егер жол жөнделіп, өңірлер арасына жол қатынасы жақсарса, денсаулық сақтау саласының осы қызметі онан да жандана түсері сөзсіз. Онда ана мен балаға, жағдайы ауыр науқастарға шұғыл әрі сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігіміз де артар еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдау­­да тұрақтылық пен келісім ұғымына түсінік берді. Оны отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана, ал бейбітшілікті әке мен ананың қуанышы, ата-аналар денсаулығы және балалардың бақытымен байланыстырған Нұрсұлтан Әбішұлы осы орайда еліміздегі жетім, тастанды балаларды отбасыларына тартуды, сол арқылы, патронаттық тәрбиеге көңіл бөлуді алға тартты. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді тапсырды. Бұл Жолдауды бақытқа апарар бағдар деп білемін.

Ләйлә ҚҰЛТАЕВА,

«Ана мен бала орталығының» бас дәрігері.


 

САПАЛЫ БІЛІМ ЖОЛЫНДА

Елбасының халыққа арнаған "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі ел үмітінің денсаулығы, оларға берілетін білімнің сапасы, Отанға, туған жерге, елге адалдық тұрғысындағы тәрбиесі жайында жан-жақты айтылған. Содан да болар облыстың білім беру ұйымдарында балалардың тәрбиесіне деген оң көзқарас қалыптасып, жақсы жұмыстар атқарылып келеді. Ең бастысы, биылғы оқу жылында аймақта үш ауысымда оқитын мектептер жоқ. Облыс көлеміндегі апатты мектептер саны уақыт өткен сайын азайып, оның орнын кең де жарық, жаңа заман талабына сай салынған білім ошақтары басты. Аймақтағы апатты мектептер саны 25 болса, оны 2016 жылға дейін толық шешу жоспарға енді. Сол жоспарға сай соңғы жылдары облыс көлемінде жаңа білім ордаларын салу мен күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттерден қомақты қаржы қаралып, нақты жұмыстар іске асырылды, Мәселен, биыл республикалық бюджет есебінен 12, жергілікті бюджет есебінен 18 мектеп құрылысы жүргізіліп, 49 мектепке күрделі жөндеу жасалды.

Тағы бір айта кетерлігі, бұрын жазғы каникул кезінде пайда­ланылған лагерьлер, тынығу орындары жылдың басқа мерзімінде бос тұратын. Тоғыз ай қаңырап тұрған балалар мекені жазға қарай қайта жөндеуден өткізілетін. Әрине, оған қыруар қаржы жұмсалатыны айқын. Биыл сол кемшілікті болдырмаудың жолдары қарастырылды. Мысалы, Жаңақорған ауданына орналасқан "Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру” орталығы биыл жыл бойы жұмыс жүйесіне көшті. Облыс бойынша жалпы қосымша біліммен 64019 бала қамтылған, ол бүкіл оқушының тең жартысы десе болады. Бұл бір жағынан оқушыларды жыл бойы қосымша дайындауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан мұғалімдердің біліктілігін арттыруға септігін тигізеді. Биылғы нәтиже жаман емес. Алдағы уақытта қала сыртындағы лагерьлер мен тынығу орындарының жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндіктер қарастыру көзделуде. Сонымен қатар "Облыстық білім берудегі ақпараттық-қатынастық технология­лар ресурстық орта­лығы” аймақ әкімінің арнайы қаулысымен "Облыстық білім басқармасының "Дарын” ғылыми-практикалық орталығы” болып қайта құрылды. Мұның барлығы жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру ісін тиянақты жүргізуге мүмкіндік жасайды.

Оқушыларға жасалған жақсы жағдайдан, болмаса ұстаздар қауы­мы­ның біліктілігінен болар облыс оқушыларынан құрылған команда өткен жылы "Ең үздік олим­пиадалық команда-2013” сайы­сын­да үшінші орынға көтеріліп, "Олимпиада қозғалысына адалдығы үшін”, "Үздік ғылыми жарыс командасы-2013” номинациялары бойынша жүлделі Ш орындарды иеленген болатын-ды. Ал биылғы өткен республикалық пәндік олимпиада мен ғылыми жарыстар қорытындысында облыстық команда "Ең үздік команда-2014” номинациясын иеленді. Демек, бұл аймақта оқушылардың сапалы білім алуына, мұғалімдердің білімін жетілдіруге жағдай жасалғанын айғақтайды. Биылғы жылы 2035 мұғалім біліктілігін арттырды. Жыл соңына дейін 615 мұғалімнің біліктілігін арттыру көзделуде.

Біздің қоғамда тағдыр тәлкегіне ұшырап, ағзасындағы ақаумен өмірге келген балалардың оқып, білім алуына, еңбек етіп, нан табуына мүмкіндік жасалған. Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қызмет көр­сететін 17 арнаулы білім беру ұйым­дары жұмыс істейді. Сондай-ақ 3 балабақшада, жалпы білім беретін 3 мектептегі арнайы топтарда 154 мүмкіндігі шектеулі бала білім алуда.

"Жетім көрсең, жебей жүр” деген халық даналығы қазір де өз мағынасын жойған жоқ. Мәселен, биыл өңірде "Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында 29 жасқа толмаған балалар үйінің түлектері мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған 17 жасқа тұрғын үй кілті тапсырылды. Жағдай мұнымен шек­телмеді. Биыл аймаққа қа­жетті мамандықтар бойынша аз қам­тамасыз етілген отбасылар есе­бінен 365 мектеп бітіруші облыс әкімінің грант иегері атанды. Оның 234-і бакалавр болса, 8-і магистратурада бағын сынайды. Барлық оқу ақысына облыстық бюджеттен 158,2 млн. теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, әр студентке тұру және тамақтану ақысына бір жылға 95214 теңге қарастырылған. Өткен жылы бөлінген 123 гранттың 76-сы он екі мамандық бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне беріл­ген. Ал биылғы 242 гранттың 140-ы осы университетке тиесілі болды. Олар бұл оқу орнында 18 мамандық бойынша білім алады. Жалпы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да облыс әкімінің грантымен білім алып жатқан 216 студенттің 74-і техникалық, 83-і ауылшаруашылық, 28-і қызмет көрсету, 31-і өнер және шығармашылық мамандықтарын игеруде. Университеттегі облыс әкімінің грант иегерлерінің 9-ы ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған жас, 80-і толық емес отбасынан шыққан, 90-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшесі болса, 32-нің ата-анасы жұмыссыз, 4-нің ата-анасы зейнеткер болып келеді. Қазіргі таңда Сыр бойының 117 түлегі алыс және жақын шет елдердің жоғары оқу орындарында білім алуда. Атап ай­тарлығы, аймақ басшысының грант иегерлері мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арасында екіжақты жасалған келісім-шарт негізінде грант иегері оқу бітіргеннен кейін 5 жыл өңірде жұмыс жасайтын болады. 2013 жылы барлық мектеп бітірушілердің 29,7 пайызы жоғары оқу орындарына ақысыз оқуға қол жеткізсе, бұл бақытқа биылғы түлектердің 37,2 пайызы ие болды. Оқудың инемен құдық қазғандай қиын­дыққа түсетінін, қазіргідей нарық заманында жоғары оқу орнында оқып, мамандық алудың одан да қиындап кеткенін ескерсек, облыс басшысының бұл жасап отырған қамқорлығы көңіл қуантады.

Иә, ел болашағы бүгінгі мектеп оқушысы мен арнаулы, жоғары оқу орындарының студенттері. Елдің ертеңгі өркениетті елдер қатарындағы терезесі тең жарқын бейнесі осы жастар қолында. Сон­дықтан да бүгінгі орта мектеп пен арнаулы, жоғары оқу орын­дарындағы берілетін білім сапасының жақсаруы, оның өндіріс­пен ұштастырыла жүргізілуі аса қажет. Білім саласы мамандары осы міндет деңгейінен көрінуге күш салса, жақсы нәтиже берері анық.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.


ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ ЖАҢА ФОРМУЛАСЫ

Біздің еліміз үшін тарихтың жаңа беті ашылғалы тұр. 2015 жылдың қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық Одақ аясында еңбек ететін боламыз. Ресей, Беларусь сияқты мемлекеттермен экономикалық байланысымыздың одан әрі нығаятыны қуантады.

Елбасымыздың биылғы Жолдауы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын және жаңа қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған басты бағдар деп санаймын. Жол – тірліктің бірден-бір мәнді сипаты. Ежелгі Рим империясында бағынышты елдер мен провинциялар арасын жалғастыратын жолдарға айрықша мән беріліп, байланыс күшейтілген. Сол себепті де «барлық жолдар Римге апарады» деген қағида қалыптасқан. Бабаларымыз да жол қадірін ерекше ұғынып, «бір жол бар – алыс, алыс та болса-жақын, бір жол бар – жақын, жақын да болса-алыс» деп оның мехнатын да білдіріп кеткен.

Елбасы «Нұрлы Жолда» алдағы жылдарда қандай салаға баса мән беру керегін және оған Ұлттық қорды пайдалана отырып салынатын қаржы көлемін нақтылап берді. Бұл Жолдау бұған дейінгі Жолдаулармен салыстырғанда көлемі жағынан шағын болғанмен, мәнінің нақтылығымен ерекше. Ең бастысы, табысқа жетудің формуласын тағы да саралап беруімен құнды. Құнды құжат соңында Елбасымыз «Ел бірлігі барша табыстарымыздың кілті» деп атап көрсетті. Егер осыдан 20 жыл бұрын Алматыда өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының алғашқы сессиясын еске түсірсек, бірігудің мәні мен маңызы жөнінде терең әңгіме болған еді. Сол жиында Мемлекет басшысы этникалық проблемаларға тоқтала келе, «ұлтаралық шиеленіс пен әр түрлі дәрежедегі қақтығыстар адамзат дамуының барлық кезеңдері үшін тән құбылыс. Сондықтан социалистік дүниеден кейінгі қазіргі жанжалдардың өршуі де сөзсіз еді. Мұның өзі көптеген халықтардың өздерін бір-бірінен шеттетудің кезеңінен өтуіне байланыс­ты. Мен осы қақтығыстардың бұл кезеңі де біраз уақыттан кейін тұрақтылықтың жаңа сапасына әкелетініне – бір-бірінен іргесін аулақ салған елдер мен халықтар бөлінудің пайдасыз екенін түсініп, бірігу жолына оралатынына сенемін» деген болатын. Әзербайжан мен Арменияда, Босния мен Тәжікстанда, Грузия мен Молдовада орын алып отырған жанжалдардың себеп-салдарын сараптай отырып, ондай қақтығыстарды қазақ жерінде болдырмаудың механизмдерін атап көрсеткен еді. Бұл ретте «Ұлттық мәселені шешуде 3 тәсіл бар деп есептеймін» – дей келе, «біріншісі – кейбір елдер ұлты басқа халықты «күш­теп көшіру» сая­са­тын жүргізуінде. Мен бір халықтың екінші халыққа қоятын кезкелген талаптары еш мағынасыз және өзінің салдары бойынша қауіпті деп ойлаймын. Тайталасу жолы орасан зор сілкініске және сан мыңдаған адам құрбанына әкеліп соғады. Екіншісі – ұлттық мәселеге жалпы мән бермеу, сөйтіп, бұл проблемалар өзінен-өзі шешіледі деп сену. Бұл да оңтайлы жол емес. Біз үшін үшінші, ең сенімді жол қалып отыр. Біз көп еңбекті және тынымсыз жұмысты талап ететін осы жолмен келе жатырмыз. Бұл – түйісу нүктелерін, халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарын кеңейту жолы. Біз келісім саясаты мен парасатты ұлттық стратегиясыз ешқандай міндеттерді шеше алмаймыз» деп бейбіт өмір сүрудің бас­ты бағдарын айқындап берген болатын. Расында бұл жолдың баршамызды табысқа жеткізер әділетті жол болғанын кейінгі 20 жылдық тарихымыз дәлелдеп берді. Басқаша болғанда сонау патшалық Ресейдің отарлық шырмауына оратылған тұста адай Көкше бидің «Алашты қойып, алшын деген елім болды. Қаратау қалып, Қарақұм деген жерім болды. Алысты қойып, ру- рудан қыз алып, қарындасым келін болды. Бұл не деген керім болды?» деп өрісінің тарылғанына өкінгеніндей, біздің де бармақ шайнап қалуымыз мүмкін еді. Қалай десек те, кез келген деңгейдегі бейбіт келісімнің қандай бір қарулы қақтығысқа барудан әлдеқайда тиімді болатыны рас.

Осындай ұлттық ұстындарды басшылыққа алған Елбасы 2015 жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланғанын, еліміздің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығының басты назарда екенін атап айтты. Бірлік идеясы біздің осы күнге дейінгі жиған-тергенімізден айырылып қалмай, өзгеге жем болмай, өзіміздің сан қырлы әлеуетімізді арттырудың жасалып отырған мол мүмкіндігі деп санаймын. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қасиетті қағиданы ата-бабаларымыз бекер бекемдемесе керек. Біз үшін маңыздысы мұраға қалған материалдық немесе материалдық емес жәдігерлерді жинап, сақтау ғана емес, солармен «мұралану», яғни жәдігерлердің мәнін терең ұғынып, маңызын бойымызға сіңіру. Осындай тәрбие дағдысы арқылы біз рухани дамуға мүмкіндік алып, салт-дәстүріміздің, әдеп-ғұрыптарымыздың «ырым қырын кетпейді» дегендей рухани сілкініске әкелер әсерін көрер едік. Бұл бізге ұлттық болмысымызды сақтап қалуымыз үшін аса қажет. Қандай да бір болмасын салт-сананың астарында ұлт болып ұйысу, халық болып бірігу, ел болып қиындықтарды еңсеру идеясы жатқанын байқауға болады. Елбасының «бірлікті табыстың кілті» деуі сондықтан болар, бәлкім. Адамдардың белгілі бір меже мен мүдде жолында қауымдасуын пассионарлықтың бастауы деп бағалауға да болады. Жаңа экономикалық саясат бізді жаңа кеңістікке бастайды деген сенім бар.

«Нұрлы Жол» халықтың тұрмысын жақсартып, бәсекеге қабілетін арттыра түсетін құтты Жол болғай!

Нұрлыбек Мыңжас,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қазақстан

халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының

кандидаты.


 

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы сан қырлылығымен, көтерген мәселесінің өзектілігімен ерекше. Осы тарихи құжатта Мемлекет басшысы елімізде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған шаралардың жалғасатындығын тағы да атап өтті. «Нұрлы Жол» әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына бару жолындағы ауқымды қадамымыз болатындығын ескертті.

Жолдауда әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуда бірінші кезекте апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу, мектептерді жөндеуге және жаңалауға – 20 млрд. теңге, жолдар салуға 70 млрд. теңге бөлінетіні айтылды. Жолдарды салу барысында жаңадан 200 мыңдай жұмыс орны ашылатыны да белгілі болды. Биыл жалпы ұзындығы 1250 шақырым болатын «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркүл» темір жолы пайдалануға беріліп, ел экономикасына елеулі үлес қосатын болады. Жолдауда нақтыланған осындай міндеттер көңілге қонады.

№39 Қызылөзек орта мектебінің ұжымы Елбасының жаңа экономикалық саясатын қолдай отырып, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында қойылған ортақ міндеттерді орындауға белсене араласады.

Гүлзия ҚЫСТАУБАЕВА,

Қызылорда қаласы, Қызылөзек ауылдық округінің №39 Қызылөзек орта мектебінің

тарих пәні мұғалімі.


 

СЫР СПОРТЫНА СЕРПІН БЕРГЕН

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дәс­түрлі Жолдауының мерзі­мі­нен бұрын жариялануында терең мән бар деп ойлаймын. Ол осылайша қазіргі таң­дағы әлемдік жаһандану уа­қытында кезек күттірмей сая­си оң шешім қабылдап отыр. Оның себептерін Елбасының өзі нақты ашып айтты. Жолдаудың әлемдік дағдарыстың алдын алудан басталуы да соның айғағы.

Мемлекет басшысы ел спортына ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасының: «Қазақстанның Әнұраны екі жағдайда орындалады. Оның бірі – Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен шетелге барғанда, екіншісі – жеңіс тұғырына көтерілген спортшының құрметіне» деген даналық сөзі бар. Осынау қамқорлыққа қазақ елінің сайыпқырандары өз кезегінде қомақты қайтарым жасауда. Оған Лондон Олим­пиадасындағы тола­ғай­лары­мыздың табысы дәлел болса, биылғы қоңыр күзде Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азиада ойындарында төртінші орынға табан тіреген қазақстандықтар алтын, күміс, қоласын қосқанда 84 медальді мойынға іліп, ел мерейін бір көтеріп тастады.

Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу бүгінгі күні облысымызда бұқаралық сипатқа ие болып келеді. Дене шынықтыру және спортпен шұғылданудағы жүйелі жұмыстардың нәти­жесінде қызылордалықтар қол жеткізген көрсеткіштері бойынша республикада сегізінші орынды иеленуде. Облыс спор­тына аймақ басшылары ай­рықша назар аударуда. Соңғы жылдары облыс көлемінде 320 шағын спорт алаңдары пайдалануға берілді. Барлық аудан орталықтарындағы ста­дион­дарға жасанды шөп төселіп, көрермен орындықтары қайта қалпына келтірілді. Биыл облыс орталығында Илья Ильин атындағы спорт кешені, бокс ор­талығы, Сырдария ауда­нындағы Нағи Ілиясов ауылында стадион, Жаңақорған және Әйтеке би кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кеше­нінің құрылысы басталса, ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында 3 мың орындық ипподром бой көтереді деп күтілуде.

Күні кеше қызылор­далықтар ғана емес, барша қазақстандықтар тағы бір қуанышты сәттің куәсі болды. Бұған дейін қос мәрте Олимп шыңын бағындырып, үш дүркін әлем чемпионы атанған жерлесіміз Илья Ильин Алатаудың баурайын дүбірге бөлеп, төртінші рет төрткүл әлемнің теңдессізі атанды. Алдағы уақытта да Сыр бойының абыройын асқақтатар спортшы жастарымыз дүбірлі додаларда талай белестерді бағындырады деген сенімдемін.

 

Ишанбек ЖҰМАБАЕВ,

Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық

спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директоры, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.


ҚОҒАМ 18 қараша 2014 г. 1 144 0