“КЕГОК” АКЦИЯСЫН САУДАҒА ШЫҒАРДЫ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында "Кегок” акционерлік қоғамы өкілдері "Халықтық ІРО”-ға қатысушы инвесторлармен кездесті. Роуд-шоу немесе өңірлерді аралау барысындағы кездесуде компания қызметінің тұсаукесері өткізіліп, компанияның акциясын қайдан және қалай алуға болатыны да айтылды. Компанияның бұл тұсаукесер шарасына облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова қатысты.

Осыдан бір апта бұрын Қазақстанда экономикадағы бір ерекше жаңалық "Халықтық ІРО” мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Осыдан екі жыл бұрын нарық қорына "ҚазТрансОйл” АҚ-ның акциялары шығарылғаны белгілі. Енді "Кегок” АҚ электр жүйелерін басқару жөніндегі Ұлттық компаниясы бағдарламаға қатысушы болып отыр. Сондықтан ел азаматтары өздерінің жинақтаған қаржысын көбейтуге, Қазақстанның экономикалық өсуіне белсенді түрде қатысуға мүмкіндік алады. Өңірлерді аралау барысындағы мұндай кездесулер үстіміздегі айдың соңына дейін еліміздің барлық қаласында өткізіледі.

Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова ашты. Ол "Халықтық ІРО” бағдарламасына қатысуға төрт жүзден астам компанияның мүмкіндігі сарапқа салынғанын, соның ішінде әлемдік шикізат бағасына тәуелді еместері, яғни сенімді әрі тұрақты жұмыс істейтіндері таңдап алынғанын айтты.

Мұнан кейін "Кегок” АҚ басқармасы төрағасының орынбасары жекелеген тұрақты инвесторларға компанияның қызметі туралы айтып берді. Атап айтқанда, компания электр энергиясын беруде көтерме нарықтың қатысушысы, техникалық реттеуші және тұтынатын электр энергияны өндірудің тепе-теңдігін ұйымдастырады. Компания 1997 жылы құрылған. Қазіргі уақытта онда 4700 адам жұмыс істейді. Компанияның жүз пайыз акциясы "Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры акционерлік қоғамының қолында. Компания «Қазатомның» ұлттық электр жүйесіне иелік жасайды және 2004 жылдан бастап республиканың электр энергетикасы жүйесінің біртұтас оператор жүйесі қызметін атқарады. Акционерлік қоғам құрылымында "Электр желісі аралық жүйесінің” 9 филиалы, сондай-ақ, ұлттық жүйелік оператордың диспетчерлік орталығы бар. "Кегок” компаниясының құрамында 77 электрлі қосалқы станса, ұлттық электр жүйесіне қарайтын, жалпы ұзындығы 24,5 шақырымдық қуаттылығы 220-1150 кв 264 электр жіберетін желісі, сондай-ақ, жалпы ұзындығы 481,467 шақырымдық қуаттылығы 0,4-110 кв болатын 83 электр жіберу желісі бар.

“КЕГОК” АКЦИЯСЫН САУДАҒА ШЫҒАРДЫТұсаукесерде сондай-ақ, "Халық қаржы” акционерлік қоғамының өкілі Ержан Сейілбек қатысушыларға акцияны қалай алуға болатыны жөнінде айтып береді. Оның айтуынша, "Кегок” АҚ акциясын алу үшін небәрі бес-ақ адым аттау керек. Нақтырақ айтқанда, брокерлік компанияға барып, келісім-шарт жасап, есеп-шот ашу керек. Сөйтіп, инвестиция салымын анықтап алып, қаржыны аударып, арыз беру қажет. Арыздар үстіміздегі жылғы 3 желтоқсанға дейін қабылданады. Ал, 19 желтоқсаннан бастап "Халықтық ІРО” бағдарламасының екінші эмитент акциясы Қазақстанның биржалық қорының нарығында сатыла бастайды.

Сонымен қатар, тұсаукесерде "Қазпошта” АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Пахуадин Ерсейітов брокерлік есепшотты ашу мен акцияны сатып алу үшін арызды беруге Қазақстан азаматтарына бар болғаны жеке бас куәлігі немесе төлқұжаты ғана керек екенін айтты. Бүгінгі күнге "Қазпошта”АҚ елдегі бағдарламаға қатысушы брокерлер арасында екінші, ал инвесторларды тарту жөнінен бірінші орында келеді.

Кездесуде инвесторларға төленетін компанияның дивиденд саясаты жөнінде де айтылып, ол тиісті қаржылық кезеңде жыл қорытындысы немесе жартыжылдық қорытындысы бойынша таза табыстың кем дегенде 40 пайызы төленетіні де жеткізілді.

"Кегок” компаниясы "Халықтық ІРО” бағдарламасына қатысушы екінші компания. Ал бірінші компания "ҚазТрансойл”-дың 34 мың қазақстандық акционері болды. Жалпы "Кегок” АҚ-ның болашақ жоспары айқын. Соның ішінде компания 2025 жылға дейін стратегиялық дамуын анықтап алған. Осы стратегияға сәйкес компания Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен оған деген сенімділігін арттыру үшін 15 басым бағыттағы жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

"Кегок” АҚ электр жүйесін басқару бойынша компанияның шығарған акциясына байланысты "Самұрық-Қазына” АҚ "Халықтық ІРО” бағдарламасының аралық қорытындысын шығарды. 5-і мен 12 қараша аралығындағы алты күннің қорытындысы бойынша 1156 арыз түскен. Бұл жалпы сомасы 581 млн. 424 мың 175 теңгенің 1 млн. 151 мың 335 дана акциясын құрайды. Бір акцияның құны 505 теңге болды.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.


ҚОҒАМ 18 қараша 2014 г. 1 075 0