КӘСІПКЕРІ КӨП АУДАН

КӘСІПКЕРІ КӨП АУДАН

Елбасымыздың Жолдауында елі­міз­­дің әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын одан әрі арттыру, ха­лықтың әл-ауқатын көтеру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілген. Соған орай Қазалыдағы атқарушы билік пен бизнес өкілдері арасында тиісті шаралар атқарылуда. Тек жыл көлемінде мемлекет қаржысымен ауданда бірнеше білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласында бірқатар нысандар құрылысы жаңадан пайдалануға берілді. Кәсіпкерлер тарапынан да халыққа сапалы қызмет көрсету аясында түрлі нысандар іске қосылды. Сондай сән-салтанаты келіскен нысанның бірі «Алтын орда» қонақүй кешені мен спорттық сауықтыру орталығы болатын. Нысанды танымал кәсіпкер Күлжәмила Құрақбаева жеке қаражатына салдырды. Бұл жерде он адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нысанда 25 орынға арналған қонақүй, түрлі спорттық жаттығу құралдарымен жабдықталған орталық бар. Заманауи үлгідегі бәсекеге сай келетін кешен мәдениеттің жоғары деңгейін көрсететіні анық.

Нысанның ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап ел ішінде Қазалыны «кіші Түркістан» деп атайтынын, мұның өзі кәсіпкерлік саласының, сауда-саттықтың жолға қойылғанын аңғартатынын жеткізді. Жаңадан іске қосылған аталмыш ғимарат кенттің сәніне ажар қосады. Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан бүгінгі шараның Елбасы Жолдауына нақты іспен жауап екендігіне тоқталды.

Қазалылықтар қуанышы мұнымен шектелген жоқ. Оқушылар үйінде күзгі егін орағының аяқталуына арналған салтанатты жиын өткізілді. Вокзал аумағында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне жиналғандардың қарасы мол болды. Мұнда түрлі өнімдер қойылған. Жұртшылық тарапынан ет, балық өнімдері, жем-шөпке, уақ малға сұраныс көп болды. Жәрмеңкеге қатысушылармен тілдестік. Арықбалық ауылдық округінен келген бауланған шөп қас-қағымда өтіп кетті. Бауы 140 теңгеден айналған пішен жоғары сұранысқа ие болды. Сондай-ақ, Мұратбаев елді мекенінен жеткізілген дүзгін отыны да тез арада іздеушісін тапты. Түктібаевтағы «Ақмаржан» ЖШС-ның күріші де жамағат көңілінен табылды.

Салтанатты шара оқушылар үйіндегі «Қазалы өнімдері» атты жергілікті тауар өндірушілерінің көрмесіне ұласты. Бұл маңнан білім бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі, кент, қала, ауылдық округтер дайындаған түрлі бұйымдарды кездестірдік. Әдемілігі көздің жауын алады. Жеке кәсіпкер Күнсұлу Бисенәлиеваның нан өнімдеріне көз салдық. Естуімізше, қарындасымыз кәсіпкерлікті сонау 2007 жылы бастапты. Алғашқыда ұсақ-түйектен бастаған ұжымның қадамы уақыт өте құлашын кеңге жайыпты. Қазіргі таңда цехта тандыр, көмеш, асқабақ қосылған нан, басқа да нан өнімдерінің түр-түрі дайындалады. Сапасы бөтен емес. Тұтынушылар қашанда дән риза.

КӘСІПКЕРІ КӨП АУДАН«Батыр бабаға бас иеміз» деген көрнекі жазу көңілімізді селт еткізді. Сөре үстінде бақша өнімдері, құрт-ірімшік, қауынқұрт, қауынқақ, өзге де өнімдер самсап тұр. Бір бұрышқа шебер тоқылған қолөнер бұйымдары қойылыпты. Нақ ортадағы әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының өр бейнесі төңірекке нұрын шашып қарайтындай. Бұл Жанқожа батыр ауылының тұрғындары әзірлеген көрме екен. Осындағы №24 «Жауқазын» балабақшасының тәрбиешісі Ләйлә Жұмағалидың айтуынша, ұжымның бағындырған белестері биік. Жуырда батыр бабамыздың мерейтойында ұйымдастырылған аудандық «Гүлдер жәрмеңкесі» байқауында жауқазындықтар бас жүлдені иеленіпті. Бәрекелді дестік. Округ әкімі Қайрақбай Орынбасаровтан бүгінгі жәрмеңкеге ауыл тұрғындары жақсы дайындалғанын естідік.

Ағымдағы жылы ауданда күріш көлемі 7435 гектарға жетті. Ауа райының дақылдың пісіп-жетілуіне, егін жинауға қолайсыз болғанына қарамастан, егін жинау өз дәрежесінде жүргізілді. Елбасымыздың ауыл шаруашылығын әртараптандыру туралы тапсырмасына сәйкес ауқымды жұмыстар басталды. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен күріштің әр гектарына төленген субсидия көлемі артты. Осылайша өңірде күріш өндірісін экономикалық тұрғыда ынталандыруға жағдай жасалды. Биылдан бастап күріштен басқа дақылдарды субсидиялау нормасы ұлғайтылды. Көпжылдық мал азығындық дақылдардың егіс көлеміне субсидия төлеу нормасы өсті. «Сыбаға» бағдарламасының шапағатын көрген шаруалар аз емес. Үкімет тарапынан ауылшаруашылық құрылымдарын қолдауға 522,2 млн. теңге бөлінді.

Салтанатты жиналыста аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Мақашов құттықтау сөз сөйледі. Бір топ еңбек озаттарына Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Мерекелік шара аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.


ҚОҒАМ 18 қараша 2014 г. 975 0