ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНА ХАЛЫҚ ҚОЛДАУЫ

Алдағы жылдардың бағдарын айқындаған құжат

Елбасының жыл сайынғы Жолдауын жұртшылық асыға күтеді. Өйткені Жолдауда таяу уақыттағы беталысымыз, елдің даму бағыты айқындалады. Бұл жолы жаңа формада жария етілген Жолдауда экономикалық реформаларды одан әрі тереңдетуге, әлеуметтік сала өркенін осы деңгейінен төмен түсірмеуге айрықша мән берілген.

Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бойынша атқарылатын жұмыстар жік-жігімен талданып, нақты міндеттер жүктелді. Отандық білім саласының ең өзекті мәселелерін талқыланғанда, проблеманың бір ұшы апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуға барып тіреліп жатады. Елімізде Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында 180-ге жуық апатты мектеп бар. Үш ауысымдық 30-ға жуық мектепте 80 мыңдай оқушы оқиды. Апатты мектептерді және үш ауысымдық оқуды жою сайлауалды тұғырнамада белгіленген болатын. Осы уақыт аралығында аталған мәселені шешу үшін бірталай жұмыс атқарылды. Дегенмен, әбден ескірген, бала саны шамадан тыс мектептер мәселесі түбірімен жойылмады. Елбасының өзі үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейтінін айтты. Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бөлуді тапсыру арқылы білім саласының дамуына жаңа серпін берді.

Елімізде жыл сайынғы табиғи өсім шамамен 200 мың адамды құрайды. Жыл сайын жүздеген балабақшалар пайдалануға берілгенмен, әлі де қажеттілікке толық жауап бермей отыр. Бұл ретте Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласының тәжірибелерін тарату маңызды. Мемлекет пен жекеменшіктің әлеуметтік әріптестігі, яғни жеке кәсіпкерлердің балабақша ашуы кезек санын қысқартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс бағасын көтерудің тетіктері қарастырылуы тиіс деп ойлаймын. Мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын түбегейлі қысқартуға 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағытталды. Сондай-ақ әкімдерге бұл салаға жеке секторды тарту туралы нақты тапсырмалар берді.

Бүкіл әлем бастан кешіп жатқан сындарлы кезеңде, экономикадағы тереңдей түскен дағдарыс жағдайында мемлекет әлеуметтік саланы өз мойнына алып, тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін қарастыруда. Мыңдаған шақырым жол салу арқылы алдымен инфрақұрылымды дамытуды, оған қоса халықты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Біздің елде экономиканы әртараптандыру көршілес жатқан көп елдерден әлдеқайда бұрын басталды. Енді соны тереңдету үшін Ұлттық қордан қаржы бөлінбек. Шағын және орта бизнес мемлекеттің ең маңызды стратегиялық бағыттарының бірі болғандықтан, ол саланың да өркендеуіне қолдау көрсетіледі.

Бұл Жолдау – тек 2015 жылдың бағытын ғана емес, алдағы жылдардың бағдарын белгілеген саяси құжат. Оны жүзеге асыру арқылы халқымыздың әлеуметтік ахуалы одан әрі оңалып, экономикадағы тұрақтылыққа қол жетеді.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

 


 

НҰРЛЫ БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауымен жаңа экономикалық саясатқа негізделген Қазақстанның әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар, ондағы геосаяси, жаһандық құбылыстарға дер кезінде жауап бере алатын мемлекет екені дәлелденді. Тарихи жауапты кезеңде әрбір Қазақстан азаматының әл-ауқатын, материалдық жағдайын одан әрі қолдау, мемлекеттің қоғам алдындағы әлеуметтік міндеттерінің кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы Елбасымыздың кемеңгер саясатының нәтижесі. Еліміздің алдында әлемдегі ең алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндеті тұр. Жаңа экономикалық саясатқа көшуге бағытталған бұл Жолдау осы мақсатқа жетудің басты бағдары.

Елбасы Жолдауының ең басым бағыты – еліміздің инфрақұрылымын, оның ішінде көлік, теміржол жүйесін, жол құрылысын, тұрғын үй-коммуналдық саласын одан әрі дамыту – жалпы экономикамызды өркендетудің басты қозғаушы күшіне айналатыны белгілі! Ал аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру барысында жаңа жұмыс орындарының ашылуы халқымыздың жарқын болашағының кепілі болатыны анық. Жолдауда әрбір Қазақстан азаматының қоғамда, экономиканың орта және кіші бизнес саласында лайықты орын алу қажеттігі басым бағыт ретінде атап көрсетілген. Нәтижесінде, 2050 жылға дейін орта және кіші бизнестің ел экономикасындағы үлесі 50%-ға дейін жеткізілетін болады.

Жастар – елдің ертеңі, кемел келешектің тірегі. "Мәңгілік Ел” идеясы – жастардың әлеуетін биік деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін, олардың күш-қайратын мемлекет мүддесіне бағыттайтын, болашаққа сенімін нығайтатын бағдар. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді бас­ты бағ­дар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даң­ғылын Нұрлы Жолға айнал­дырдық... Mәңгілік Ел – елдің бірік­тіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз», – деп ұлттық идеологиямыздың ба­ғыт-бағдарын тағы бір айқындап берді.

Осы орайда Жолдауда айтылған Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің маңызы ерекше. Біздің ел тәуелсіздігіне деген ұмтылысымызды ешқашан санадан өшірмеген көптеген тарихи оқиғалар бар. Соның ішінде қазақтың даңқты перзенттері Керей мен Жәнібек хандар негізін қа­лаған қазақ хандығының мәні мен маңызы аса жоғары. Бүгінде әлем таныған қазақ елінің ұлт-азаттығы жо­лындағы күрескерлік рухын, ата-баба­ларымыздың арман-мұратын қас­тер­леп, ұрпақ жадынан өшірмеу – тәуелсіздігімізді баян­ды етудің рухани тірегі. Олай болса өткен тарихымызға тағзым ету – қазақстандық жаңа патрио­тизмді нығайтып, ұлттық тарихқа деген сүйіспеншілікті арттыратын әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы.

Білімі мен ғылымы дамыған елдің болашағы жарқын. Елбасымыз білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы одан әрі жалғасын табатынын және Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында болашақ мамандарға ғылым мен техниканың жаңалықтарына негізделген білім беру бүгінгі күннің негізгі талабы екенін белгілеп берді. Соған сәйкес Үкіметке мамандар сұранысына сай еліміздің 10 жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ғылыми-педагогикалық кадрларының әлеуетін көтеруге 2017 жылға дейін 10 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Мұндай шешім Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығы, жоғары білім саласына деген мемлекеттік саясаттың басым бағытының нәтижесі. Биылғы оқу жылында ел Үкіметінің «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты арнайы мемлекеттік бағдарламасы аясында жастарға еліміздің батыс, сол­түстік, шығыс өңірлеріндегі жо­ғары оқу орындарына оқуға мүм­кіндіктер берілді. Бұл да ел болашағы – жастарға жасалып отырған қамқорлық.

Елбасымыздың осындай саясаты біздің өңірімізде де табысты жүзеге асырылуда. Соңғы екі жылда аймақта құрылып жатқан өндірістік кластерлерді қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында Сыр өңірінің жүздеген талантты жастарына облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың тікелей бастамасымен білім грантын бөлу арқылы Ресейлік және отандық жетекші жоғары оқу орындарында білім алуы­на мүмкіндік жасалды. Осындай қамқорлықты сезінген жастарымыз келешекте өз туған жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуіне белсене үлес қосатын болады.

Ел бірлігін нығайтқан кемеңгер, түркілік дүниетанымның негізін қалап кеткен ғұлама ойшыл, Түркі халықтарының ортақ бабасы Қорқыт ата жырларындағы отаншылдық пен ерлік, сабырлылық пен төзімділік – ұлттық қанымызда бар қасиеттер.

Өз Жолдауында жалпыұлттық идеяны өміршең ететін ел бірлігі екенін атап өткен Елбасымыз әрқашан өз халқын өмірдің талай ауыр өткелдері мен экономикалық қиындықтардан алып шығып келеді. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты мен жігерлі де батыл бастамасы – Жаңа экономикалық саясат – әрбір қазақстандық азаматты еселі еңбек етуге бастайтын баянды бағдар.

Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің барша азаматтары алдағы уақытта Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау жолында бірлікпен, абыроймен қызмет атқаратынына сенім мол.

 

Қылышбай БИСЕНОВ,

Қорқыт Ата атындағы

ҚМУ ректоры,

техника ғылымдарының

докторы, профессор.

 


 

СЫНДАРЛЫ БАҒЫТПЕН

 

Елбасымыздың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы биылғы жылы ертерек жолданып, ел-халықты ерекше бір қуаныш құшағына кенелтіп отыр. Өздеріңізге мәлім, бүгінде Елбасымыз айтқандай, әлем жаңа сындармен, қатерлермен бет­пе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де қаржылық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Осы бір келеңсіз жағдай Қазақстанға да кері әсерін тигізуі мүмкін. Содан да күрмеуі қиын мәселені шешу жолында Елбасы өз Жолдауында нақты тапсырманы белгіледі.

Жолдаудағы Ұлттық қордан қыруар қаржы бөліп, яғни, 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін қаржы бөліп, тамақ өнеркәсібін дамыту және жол инфрақұрылымын өркендету жөніндегі нақты міндеттер көп көкейіндегі толғақты мәселелерді дөп басты деп ойлаймын.

Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейлері жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бұған біз тұрақтылықты, бірлікті бағалай білгендіктен қол жеткізіп отырмыз деп ойлаймын. Елбасымыз айтқандай, "Мәңгілік Ел” идеясының бас­тауы тым тереңде жатыр. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін елдің бірлігі. Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Содан да Сыр аймағы тұрғындарын берекелі бірлікпен Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға біркісідей жұмылады.

 

Аппаз КАМАЛАТДИН,

"Мәді қажы” ЖШС төрағасы.

Сырдария ауданы.

 


 

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛДАУЫ

 

Қазақстан мемлекетінің бағыт-бағдары, белгілеген мақсаты айқын ел. Президентіміздің бүгінгі Жол­дауы әлемді шарпыған дағдарыстан, қысылтаяң күндерден қиналмай шығып, елдік мұраттарды жоғары дәрежеде іске асыру барысын тиянақтады. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында алдағы міндеттерді белгілеп, өткенді саралайтын маңызды құжатпен жете таныстық. Расын айтқанда, бұл Жолдау көп мәселені терең қамтығандығымен ұнады. Мынаған көңіл аударыңыз, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci өзіміз. «Елдің өскенін білгің келсе, жолына қара» деген қағиданы еске алған Елбасы барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие екендігін айта отырып, жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі екендігін тағы бір байыптады. Нұрсұлтан Әбішұлының барлық аймақтарды теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуына бас мән бергендігі және де осы айтылғандардың жуық арада жүзеге асатындығына қуандық. Бұл еліміздің жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналатындығы анық.

Жолдау барысында «Нұрлы жол» деп айтылғандай аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырып қана қоймай, экономикалық байланыстарын нығайтады.

Президенттің атап-атап көрсетіп, Үкіметпен жергілікті атқарушы орындарға тапсырған жұмыстары ықыласты түрде жүзеге асырылуы тиіс, сонда еліміздің қадамы мұнан да өркенді болады. Сондықтан әрбір қызметкер өз орнында тиімді жұмыс атқарып, бөлінген қаржыны өз орнында, тиімді жұмсай білуі тиіс. Ардагерлер елдің ынтымағына, ауызбірліктің мығым болуына қызмет жасайық дегім келеді.

Өмірзақ ИСАХАНОВ,

Шиелі ауданы ардагерлер кеңесі

төрағасының орынбасары.

 


 

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

 

Елбасымыздың халыққа кезекті Жолдауының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» аталуының өзі көп көңілінен шығып, болашаққа деген нық сенімді ұялатты. Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеямыздың басты құндылығы бабаларымыздың арманы мен аманаты, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, еліміздегі 130 дан астам ұлт өкілдерінің бір үйдің баласындай тату тәтті ауызбіршілікпен тұрақты өмір сүруі, оған мемлекетіміздің өз діндерін, тілдерін, мәдениетін сақтауға толық жағдай жасауы нақты дәлел.

Ел «ішіндегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық, әртүрлі дін өкілдерінің өз діндерін, салт-дәстүрін ұстана отырып, бір-бірімен түсінісе өмір сүруі ел экономикасының, халықтың әлеуметтік жағдайының қарыштап дамуына мол септігін тигізуде. Біз өзіміз елімізде қалыптасқан этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға тиіспіз. Оны Елбасы Жолдауында біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайтындығын тағы да нақты атап көрсетті. Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – әке мен ана қуанышы, ат-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты.

Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Елбасы әрдайым өз Жолдауында халықты ауызбіршілікке, татулыққа, бейбітшілікке шақыру арқылы мемлекетіміздің нығайып дамитындығын айтып та, жазып та жүргеніне куәміз. Жалпы осы Жолдау арқылы экономикамыздың өсіп-өркендеп әлеуметтік жағдайымыздың тұрмыстық әл-ауқатымыздың артатынына сенімім мол.

Бақытжан КАМАЛОВ,

облыстық дін істері басқармасының

дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры.

 


 

ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІ

– Маңызды құжатта тәуелсіз Қазақстанның алдағы даму жолында атқаратын істері айқын көрсетіліп, өте үлкен жобаларды жүзеге асыру қарастырылып отыр. Бізге Президенттің елді индустрияландыру, жедел экономикалық модернизациялау жөніндегі саясаты өте жақын. Елбасының тікелей тапсырмасымен басталған Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесінде елімізде жүздеген жаңа кәсіпорын, жаңа өндіріс орындарының іргетасы қаланып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мұның барлығы халықтың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту үшін жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында маңызды салалар бойынша нақты тапсырмалар беріп, алдағы міндеттерді айқындап берді. Мәселен, шағын және орта бизнесті экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмыстарды жалғастыра беруді тапсырды. «Сондықтан ШОБ үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 млрд. теңге несие желілерін Азия Даму Банкі, Еуропалық қайта құру және даму Банкісі мен Дүниежүзідік банк есебінен тиімді пайдалану қажет» деп атап өтті Елбасы өз сөзінде.

Елбасының әр Жолдау алдағы мақсаттарды осылай айқын көрсетуімен ерекшеленеді. Жолдаудағы маңызды міндеттердің бірі – өңірлерді, бүкіл елді индустрияландыру десек, бұл жұмыстар біздің аймақта жедел қарқынмен жүзеге асырылуда.

Еліміздегі экономикалық ілгерілеу біздің өңірдегі экономикалық дамумен де тығыз байланысты. Соңғы жылдары аймағымызда облыс басшысының жетекшілігімен жоспарлы түрде ілкімді істер атқарылып келді.

Мәселен, қазіргі таңда Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында облысымызда жалпы құны 189, 8 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылуда. Осы жобаларды іске асыру барысындағы құрылыс кезінде 3186 жұмыс орны, ал жоба қатарға енген кезде 3054 жұмыс орны құрылатын болады. Өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген 25 жобаның ішінде нақты кезеңде құны 78,5 млрд. теңгені құрайтын 15 жоба іске асып, 820-дан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұған қоса, осы үстіміздегі жылдың өзінде облыста Индустрияландыру картасынан тыс 3,3 млрд. теңгені құрайтын 11 жобаны іске асырудың нәтижесінде 272 жұмыс орнын құру көзделуде.

Президентіміз биылғы Жолдауында еліміздің өркендеуінің басты бағыттарын айқындап берді. Елбасының жаңа Жолдауы біздің еліміздің жаңаша өркендеуіне жол ашады. Ал, оны жүзеге асыру біздің ортақ міндетіміз!

Мұрат ИМАНДОСОВ,

облыстық индустриалды-инновациялық басқарма басшысы.

 

 

БІРЛІК ҚАНА БЕРЕКЕЛІ НӘТИЖЕГЕ БАСТАЙДЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өзінің "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау ел үшін, халық үшін дәл уақытында жарияланды. Өйткені, Мемлекет басшысы бүгінгі бүкіл әлемдегі жағдайға тоқтала келе, экономика әлі де жаһандық қаржы экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қоймағанын атап айтты. Сондықтан да мұндай жағдайдың алдын алу қажеттігін атап өтті. Осы орайда Елбасы Қазақстанның "Нұрлы Жол” Жаңа экономикалық саясат туралы Жолдауын жариялады.

Баршаға белгілі, 2007-2009 жылдары әлемді жайлаған дағдарыстан Қазақстан еш қиналыссыз өтті. Мұнда да Елбасының ерен еңбегі жатыр. Соның бастысы, экспортқа шығарылған шикізат есебінен түскен табыстар Ұлттық қорға жиналды. Ал Ұлттық қор ең алдымен баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды. Енді алдағы жылдан бастап 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылданды.

Ұлттық қордан бөлінетін қаржы ең алдымен ел экономикасының тұ­рақты дамуына бағытталып отыр. Соның ішінде шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелендіру, банк секторын сауықтыру мен жаңа инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, елімізде өтетін ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруға және көліктік инфрақұрылымдарды да­мыту көзделіп отыр. Әсіресе, алдағы уақытта көлік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымдарын дамытып, жаңғырту мен тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Айналып келгенде, мұның барлығы ел экономикасын көтеруге және ондағы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға жол ашады.

Бұл Жолдау Қазақстанның болашаққа қарай дамуына даңғыл жол ашары анық. Сондықтан да енді біздер, Мемлекет басшысы айтқандай, бірлігімізді сақтай отырып, білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет. Сонда ғана алға қойған мақсаттарымызға кәміл жетеріміз анық.

Сейтқали АЛШЫНБАЕВ,

"Нұрай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы,

облыстық мәслихат депутаты.

 

БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСАДЫ

Қазіргі таңда әлемдегі геосаяси ахуалдың тұрақсыздығы, экономикалық дағдарыстың жалғасуы, жетекші мемлекеттердің бір-біріне санкциялар жасауы әлемдік экономикаларына кері әсерін тигізуде. Бұл күрделі кезеңнен барлық елге лайықты өтуге қиындыққа соғады. Сондықтан осының алдын алу мақсатында Елбасымыз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдауда көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуды жалғастыру көзделген. Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажеттігі көрсетілген. Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жұмыс жалғасын табады. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болмағаны анық, осыдан он жыл бұрын өзім несиені 24 пайызбен алған болатынмын. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ЖІӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруы айтылған. 2015-2017 жылдары шағын және орта бизнес үшін жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет. Сондықтан жолдауда көрсетілгендей, жұдырықтай жұмылып еңбек етіп, дағдарысты – өсу, даму мүмкіндігіне айналдыруымыз қажет!

 

Ғалымбек Жақсылықов,

Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты,

кәсіпкер.


 

МІНДЕТТЕР МІНСІЗ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

 

Елбасының ерте жариялаған Жолдауы халық көкейіндегі көп сауалға жауап бергендей болды. Атының өзі айтып тұрғандай, Астанадан әр аймаққа тартылған жолмен береке-байлық, несібе келетіні анық. Ел жағдайын жете бағамдаған әрбір қазақстандық Отан үшін, ел үшін еңбек етсе, бұл қиындықтардан да шығатынымыз айқын.

"Бүкіл әлемдік экономика және жаһандық қаржы- экономикалық дағдарыс әлі аяқталған жоқ және геосаяси жағдайда, бұл жағдайды дұрыстауға өз кедергілерін тудыруда. Қазақстанның қазба байлықтарының құны арзаншылыққа кезігіп тұр. Біз кезінде жыл сайын осы қазба байлықтардан түскен қомақты қаржыны Ұлттық қорға түсіріп сақтанып жүргенбіз”, – деді Президент.

Енді осы көрегендікпен жиналған мол қаржыны үлкен есеппен жұмсауға тура келіп тұр. Бұл қаржы елдің өркендеуіне пайда түсіретін кәсіпкерлерге, химия өнеркәсібіне, тамақ өндірісіне, машина жасауға, тағы басқа салаға кеңінен жұмсалмақшы.

Қуанарлық жағдай, халыққа берілген несиеге 250 миллиард ақша бөлінуі теңдесі жоқ жағдаймен пара-пар. Жолдаудағы бес салаға бөлінген қаржы елдің әл-ауқатын көтеруде үлкен көмек болады деп күтілуде.

Елге инвестицияны кеңінен тарту жағдайлары жақсарады, 2015-2017 жылы Ұлттық қордан қосымша 3 миллиард доллар бөлінеді деп күтілуде. Бұл үлкен қаражат ЭКПО-2017-нің жақсы өтуіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Мектеп салуға, жөндеуге, жол транспорт салаларын өркендетуге мол қаржы қарастырылып отырғаны қуантады. Және сол Ұлттық қордан бөлінген қаржының әрбір теңгесі есепке алынатыны, оның қатаң сұрауы болатыны тапсырылды.

Президентіміздің бұл Жолдауы шын мәнісінде елдің байлығын көтеруде орасан зор әсерін тигізеді. Енді осы Жолдаудағы айтылған қағидалар мен міндеттерді мінсіз орындау қажеттігі туындайды.

Аманкелді ӘБДІБАЕВ,

қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.


 

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙДІ

Елбасымыздың биылғы Жолдауы бұқараның назарын өзіне аударуда. Экономикалық ахуалды оңалтуға бағытталған маңызды құжат ел арасында қызу талқылануда. Осындай жиын аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінде де көрініс тапты. Оған қатысушылар Жолдауда қозғалған әрбір мәселенің өзектілігіне тоқталды. Әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінгені көпшіліктің көкейінен шықты.

Жолдауда «Шағын және орта бизнесті,ірі кәсіпкерлікті жеңілдетілген несиелеуге қосымша 100 млрд. теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, қызмет көрсету саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді» деп анық көрсетілген.

Қазалыны «Кіші Түркістан» деп те атайды. Мұның өзі өңірде сауда-саттық, кәсіпкерлік саласының қарқынды дамығанның дәлелі. Аудан көлеміндегі әлденеше базарлар түгелге жуық талапқа сай жабдықталған. Соңғы жылдардың өзінде ғана бірнеше ірі сауда нысандары пайдалануға берілді. Бұл көптеген тұрғын жұмыспен қамтылып отыр деген сөз.

Талқылау барысында аудандық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ермек Аймаханов Жолдауда қозғалған кәсіпкерлікті дамыту жайлы өз ойымен бөлісті. Аймақтың Индустрияландыру картасына РЗА АҚ-ның «660 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауыты» мен «СПК Қызылорда балық» ЖШС-ның «Балық өңдеу зауытының құрлысын іске асыру» жобалары еңгізілген. Мұның өзі Жолдауда көтерілген халықты тамақ өнеркәсібімен қамту жайлы тапсырмаға нақты жауап екені хақ.

Әліби ӘБИЕВ,

Қазалы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм

бөлімінің басшысы.


 

БАСПАНА БОЛУ БАҚЫТЫ

Тәуелсіздігін алып, өз даму жолын таңдаған Қазақстанның тыныс тіршілігі, тынымсыз дамуы тек өзіміз ғана емес, өзге елдердің де қызығушылығын тудырып келеді. Мұның басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тың бастамалары, тегеурінді тапсырмалары, жақсылыққа ұйытқы бола алған көшбасшылығы және көреген саясаткерлігі тұрғандығы анық. Аз уақыттың ішінде Қазақ мемлекеті көздеген биігін бағындырды.

Ендігі меже – отыздықтан орын алу. Бұл Жолдаудың негізгі ерекшелігі – бұнда Елбасы таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың күрделі кезеңнен лайықты өту барысын талдады. «Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді», деген Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік нарықтарда баға құлдырауының және тұтастай экономикалық өсім баяулау жағдайын атап көрсетті. Яғни, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз. Қоғамымыздың әрбір мүшесі, осы ұлы – мұратты іске асыруы қажет.

Президент Жолдауындағы айтыл­ған алғашқы басым бағыттар ретінде біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларының жалғаса беретіндігін айтты. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме болатындығы оның мақсатын айқындайды деп ойлаймын. Расында, елімізде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Осы мүмкіндікті әрбір қоғам мүшесі тиісті пайдаланып, жүзеге асыруға атсалысуы тиіс.

«Ауылдық жерлерде ел халқының шамамен жартысына жуығы тұратынын ескерсек, аграрлық саланы дамыту ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырудың түйінді факторы болатыны даусыз», деді Елбасы Жолдауында. Сондай-ақ, жергілікті жерлерде халықтың әл – ауқатын көтерудің бірден -бір жолы шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін берілгендігі де айтылды. Бұл жағдайдың шындық екендігін біз өз ортамыздан күнбе-күн көріп отырмыз. Шағын және орта бизнес – Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі екендігі аталып, көрсетілді. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін кейбір құқықтық нормалардың күшін жою қажеттілігі оның ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы және жаңадан бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектердің, тиімді тетіктері болуы керектігі тиянақталды. Негізінде, бізде шағын және орта бизнеспен айналысуға өте көп мүмкіндіктер жасалған. Жеңілдіктер заңдармен қарастырылған. Кәсіпкерлікпен айналысу үшін адамда іскерлік, қайраткерлік, төзімділік қасиеттердің болғаны әбден дұрыс.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы барша Қазақстандықтарды бей-жай қалдырмайды, себебі ол әрбір адамға, әрбір отбасына арналғандай әсер қалдырды. Біз Елбасының Қазақстаннан «Мәңгілік ел» жасау идеясын жүзеге асыратын боламыз. «Мәңгілік ел» болу жолында үлкен мұрат-мақсаттар бар, бұл өте ауқымды ұзақ мерзімді ұлы жоба. Іске асыру барысында бүкіл Қазақстандықтарға береке мен бірлікті ынтымақ пен ауызбіршілікті сақтай отырып қана алға ілгерілей беретініне, одан ары ұрпақтан – ұрпаққа ұласа алатындығымызға кәміл сенеміз.

 

Райымбек ӘДІЛБЕКОВ,

ардагер.

Жаңақорған ауданы.


ҚОҒАМ 15 қараша 2014 г. 3 663 0