« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елімізде мүлікті жария ету акциясының басталғанына екі айдан асып барады. Осымен үшінші мәрте өткізіліп отырған бұл акцияның мақсат-міндеті нені көздейді. Жалпы оның қарапайым халық үшін және ел экономикасына келер пайдасы қандай? Газет тілшісінің облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаевпен жүргізген сұхбатында осындай өзекті мәселелер негізгі әңгіме арқауына айналады.
– Иә, елімізде бұған дейін екі мәрте мүлікті заңдастыру шарасы өткізілді, – деді Т.Жақыпбаев. – Оның алғашқысы 2001 жылдың 14 шілдесі мен 14 тамызы аралығында болды. Бұл шара "Қазақстан Республикасы азаматтарының қаражатын заңдастыруға орай рақымшылық жасау туралы” заңына сәйкес жүргізілді. Ол кезде заңдастыру бір реттік науқан ретінде өткізілді. Соның нәтижесінде үш мыңға жуық азаматтың 480 млн. доллар көлеміндегі қаражаттары заңдастырылды. 2006-2007 жылдары екінші рет өткізілген заңдастыруда тек ақша емес, сонымен қатар жылжымайтын және жылжымалы мүліктер де заңдастырылудан өткізілді. Соған орай заңдастыру мерзімі ұзартылып, бір жылдан астам уақытқа созылды. Онда "Мүлікті заңдастыру бойынша рақымшылық жасау туралы” заң нормаларына сәйкес қолдағы дүниесін заңдастыратын азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік құқық бұзушылығы мен тәртіп бұзушылығы үшін жауапкершіліктен босатылды. Сөйтіп, екінші заңдастыру кезінде 844,7 млрд. теңгенің мүлкі заңдастырылды.
– Биылғы жылы басталып отырған мүлікті жария ету, яғни заңдастырудың нәтижесі қалай болады деп күтілуде.
– Бүгінгі күні басталған жария ету акциясынан алдыңғы өткізілген екі шараға қарағанда қаржы анағұрлым көп түседі деп болжануда. Атап айтқанда, Экономикалық зерттеулер институты сарапшыларының бағалауынша 2,2 трлн. теңге көлеміндегі мүлік жария етіледі деп күтілуде. Әрі бұл болжам жоспардың толықтай орындалатынына да сенім бар.
– Қандай да бір істің қолға алынуына белгілі бір жағдайлардың себеп болатыны бар. Биылғы мүлікті жария ету акциясын өткізуге не түрткі болды деп ойлайсыз.
– Шындығында, кез келген бастаманың қолға алынуында белгілі жайттар себеп болады. Осы тұрғыдан айтар болсақ, онда 2012 жылы көлеңкелі экономика үлесі жалпы ішкі өнімнің 19 пайызына жуықтады. Бұл шамамен алты триллион теңгені құрайды. Назар аударатын екінші бір мәселе, ол шетелдік инвестициялардың қысқаруы болды. Үшіншіден, дағдарыстың әсерінен банк секторы тарапынан экономиканы несиелендірудің төмендегені байқалды. Жалпы, көлеңкелі экономикаға қарсы бағытталған заңдастырудың басты мақсаты қолдағы бар капиталды көлеңкеден шығарып, оны экономикаға тарту көзделген. Ал оның еліміздің қазіргісінен де өсіп-өркендеуіне көп септігі тиетіні айтпаса да түсінікті шығар.
– Мүлікті жария етуде шетелдік тәжірибелер де ескеріліп отырған шығар.
– Әлбетте. Мүлікті жария ету әлемдік тәжірибеде алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Еуропа елдері мұндай акцияны бірнеше мәрте өткізді. Әрине, қайталап өткізудің де өзіндік себебі бар. Өйткені капиталды көлеңкеден шығару қай елде болмасын өзекті мәселеге айналып келеді. Осы орайда капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Үндістанда 5 рет, Португалияда 4 рет, Франция, Австрия, Ирландияда екі реттен іске асырылды. Бізде де осындай жағдайлар ескеріліп, биылғы жылдың маусым айында "Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы” заңы қабылданды. Бұл акция үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Ал, өтініштерді қабылдау мерзімі 2015 жылдың 30 қарашасына дейін жүргізіледі. Орайы келгенде айта кетейін, бүгінде оралмандар тарапынан да түрлі сұрақтар қойылып жүр. Соның бастысы Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қон туралы” заңына сәйкес оралман тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстанға келген. Яғни, олар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныстандырылған және осы заңда белгіленген тәртіп бойынша тиісті мәртебе алған азамат болып табылады. Сондықтан да заңға сәйкес оралмандардың да мүлікті жария етуге құқы бар екенін айта кеткен дұрыс.
– Мүлікті жария етудің соңы қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін деп қауіптенетіндер де бар секілді. Сондай ойда жүргендерге не айтасыз.
– Мүлікті жария етуден қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартыламын деп қорқуға еш негіз жоқ. Бұл жайт "Қазақстан Республикасы азаматтарына, оралмандарға және Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы” заңында тайға таңба басылғандай анық көрсетілген. Яғни заңда жария етуді жүргізу үдерісі барысында алынған мәліметтер негізінде мүлікті жария етуші субъектіге жария етілген мүліктің шегінде қылмыстық қудалаудың, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тарту мен мұндай әрекеттерге тыйым салынатындығына кепілдік берілген.
– Мүлікті жария ету үшін азаматтар қандай құжат тапсыруы керек.
– Заңға сәйкес мүлікті (ақшадан басқа) жария етуді өткізу үшін жария ету субъектілері комиссияға немесе салық органына тиісті құжаттарды тапсырулары қажет. Соның ішінде азаматтың заңда белгіленген нысан бойынша екі данада мүлікті жария етуді өткізуге өтініші, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және заңда көрсетілген өзге де құжаттары болуы керек. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған мүлік бойынша жария ету субъектісінің тұрғылықты жері бойынша салық органына шет мемлекетте тіркелген заңды тұлғалардағы үлесі бойынша мүлікке құқық белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі, эмитенттері шет мемлекетте тіркелген бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алудың тиісті жүйесіндегі жеке шоттан үзінді көшірме, мүліктің сатып алу құнын бағалайтын және алымның төленгенін растайтын құжаттың болуы міндетті.
Айта кетерлік бір жайт, басқа тұлғаға рәсімделген мүлікті жария ету үшін мүлікке құқық белгілейтін нотариалды куәландырылған құжаттың көшірмесі мен басқа тұлғаның мүлікті жария ететін жария ету субъектісіне мүлікті өтеусіз бергені туралы шарттың көшірмесі керек. Сондай-ақ, бағалы қағаздарды жария еткен жағдайда бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алудың тиісті жүйесіндегі жеке шоттан үзінді мен заңды тұлғаларға қатысу үшін жария еткен кезде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін құжаты да болуы тиіс.
– Заңмен рәсімделмеген мүлікті жария етуге бола ма? Сондай-ақ, азаматтар дайындаған құжаттарын қайда тапсырады.
– Заңға сәйкес ғимараттар мен құрылыстарды нысанның құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан техникалық тексеруді жүзеге асыратын сарапшының қорытындысын, жылжымайтын мүлік нысанының техникалық паспортын міндетті құжаттар тізіміне қосып комиссияға тапсыруға болады. Мүлікті (ақшадан басқа) жария етуге өтініш берген жария ету субъектісінің өтінішін жергілікті әкім аппаратының, салық органының кеңсесі тіркейді.
Ал, Қазақстан Республикасының аумағында тұрған мүлік бойынша (ақшадан басқа) өтініш комиссияға мұндай мүліктің тұрған жері бойынша берілетін жылжымайтын мүлікті жария ету жағдайларын қоспағанда азаматтар тұрғылықты жері бойынша комиссияға құжаттарын ұсына алады. Мұндай жария ету комиссиялары қала мен барлық аудандық әкімдіктерде бар.
– Мүлікті жария етудің тиімділігі неде?
– Мүлікті жария ету акциясы көпшілік үшін пайдалы. Соның бастысы акция бір мүлікті жария ету және заңды айналымға шығаруға мүмкіндігін береді. Соның ішінде бұл алдымызда тұрған жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуіне байланысты азаматқа мүлкін ешқандай қорқынышсыз жария етіп алу құқығын береді. Екіншіден, шетелдегі мүлікті жария ету кезінде алынатын он пайыз мөлшеріндегі алым мемлекет бюджетіне түседі. Ал, үшіншіден, субъекті қандай да бір жауапкершіліктерден босатылады.
– Жалпы, бүгінде облыста мүлікті жария ету барысы қалай?
– Қазан айының соңғы күндері келіп түскен мәлімет бойынша айтар болсам, онда өтініштердің барлық саны 56-ға жетіп отыр. Түскен өтініштер бойынша мүліктердің жалпы бағасы 128976,7 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш басқа облыстармен салыстырғанда біздегі жария етілген мүліктердің саны алдыңғы қатарда екенін көрсетеді. Атап айтқанда, 15 өтініш бойынша 21 мүлік жария етілді. Комиссияға өтініш берген азаматтарды санамағанда мыңнан астам азамат комиссия мүшелерінен кеңестер алды. Бір айта кетерлік жайт, комиссияға кейбір азаматтар несие ретінде алған қаржысын жария етуге бола ма деп келуде. Өкінішке орай бұл жайт заңда қарастырылмаған. Сондықтан да несие қаражаты жария етуге жатпайды.
– Мүлікті жария ету барысында түрлі шешімдермен келіспеушілік жағдайлардың болатыны да бар. Сондай кезде жария етуге өтініш жасаушы азаматтар қайда және кімге шағым жасай алады. Әрі осы істің барысындағы ақпараттар жайының құпиялылығы сақтала ма?
– Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы” заңына сәйкес комиссияның, салық органдарының шешімдеріне келіспеушілік болса, сондай-ақ, мүлікті жария етуді өткізу кезіндегі өзге де әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа шағым жасауға болады. Ал, құпиялылық жөніне келсек, онда заңға сәйкес мүлікті жария етуді өткізу үдерісі кезінде алынған ақпараттардың құпиялылығына кепілдік беріледі. Жалпы, қысқарта келе айтқанда, мүлікті жария ету, яғни заңдастырудың қарапайым халық үшін де, еліміздің экономикасын көтеру үшін де тигізер пайдасы мол. Соны әрбір азамат жақсы түсініп, сезіне білсе екен дейміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |