« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Еліміз тәуелсіздік алып, демократиялық құндылықтарға, өркениетке бет бұрған кезде Қазақстанның әрбір азаматы өз құқығын ғана емес, сонымен қатар, заң нормаларын да жетік біліп, құқықтық сауаттылығын дамытуы тиіс. Сонымен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген өз құқықтарын, заман талабын білуі қажет.
Бұл – өмір заңдылығы, дәуір сұранысы. Себебі, еліміз өркениетке қадам басып, көптеген шет мемлекеттермен қарым-қатынасқа түскеннен бастап, ата-бабамыздан қалған кейбір құндылықтар, атап айтсақ, адамдардың бір-біріне деген жанашыр көзқарасы, адалдығы, туыстық, сыйластық қарым-қатынасы жоғалып бара жатқаны жалған емес. Бұрын жалғандыққа жаны қас қазақ туралықтан ауытқып, кей азаматтардың жасаған қылмыстарын жасыру мақсатында жалған куәлік беріп, анықтаушыларды, тергеушілерді, судьяларды неше түрлі шырғалаңға салуы соның бір айғағы деп есептеуге болады. Осы орайда, қылмыстың түбегейлі түйінін шешуде сараптама қызметінің елеулі орны бар екендігіне көп ретте мән беріле бермейді.
Жалпы, сот сараптамасы мекемелері қызметкерлерінің басты міндеті – құқық қорғау органдарының жинақтаған құжаттарына арнайы білімі мен біліктілігінің негізінде сараптама жүргізіп, істің анық-қанығын егжей-тегжейлі саралап, зерделеп, оған шынайы, тиісті бағасын беріп, қорытынды шығару. Бұл – өте маңызды іс. Себебі, сарапшының берген қорытындылары негізінде әділдік үстемдік құрып, шындық ашылады, қылмысты анықталып, жазаланады. Сарапшы қорытындысы адамның өмірі мен тағдырына әсер ететін болғандықтан, бұл сарапшыға үлкен міндеттер жүктейді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, олардың мүдделерін корғау үшін Сот сараптамасы саласында алға жылжуды, дамуды көздеген көптеген реформалар жүргізіліп жатыр. Соның бірі – жеке Сот сарапшылары институтын құру туралы мәселе көптен бері қозғалғанымен, сөз күйінде қалып келген болатын. Мүмкін, мұның объективтік себептері де болған шығар, дегенмен, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы мемлекеттік мекемесіне басшы болып И.Ш.Борчашвили келген соң барып бұл мәселе оң шешімін тапты.
Жеке Сот сарапшылары институтын құру – уақыт және қоғам талабынан туындаған мәселе. Оның себебі, қазіргі уақытта есеп бойынша мемлекеттік мекемеде қызмет атқаратын әрбір сарапшының жүктемелері соңғы 16 жылда бес есеге дейін өскен. Оған қоса, еліміздің көптеген елді мекендері облыс, аудан орталықтарынан шалғай жерде, 300-600 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұның, айналып келгенде, шалғай аудандардағы зерттеу нысандарына сарапшының барып-келу мүмкіндіктерін шектеуге, сараптама жүргізу уақытын барынша азайтуға қолайсыздық тудыратыны сөзсіз. Оған қоса, өркениетті, дамыған елдерде, мысалы, Еуропа мен Америкада сараптамаларды негізінен мемлекеттік емес мекемелер жүргізеді. Жеке Сот сарапшылары институты мемлекеттік сараптама мекемелерімен өзара бәсекелестікке түскен уақытта, сараптама сапасы арта түсетіні белгілі, мұны өз кезегінде халықаралық тәжірибе де растады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Сот сараптамасы қызметі туралы» Заңының 12-бабына сәйкес, сот сараптамасының өндірісі ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне, сонымен қатар, лицензиямен қызмет атқаратын жеке тұлғаларға жүктеледі деп атап көрсетілген.
Демек, мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаратын сот сарапшысы мен жеке сот сарапшысының берген корытындылары заңдылық күші жөнінен, Заңнамаларда көрсетілгендей тең дәрежеде болады. Себебі, жеке, тәуелсіз сарапшы да өзінің қызметін жүргізуде Қазақстан Республикасының Конституциясын, ҚР Заңдары мен нормативтік құкықтық кесімдерін, ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының Жарғысын басшылыққа алып жұмыс атқарады.
Бүгінгі таңда сот сараптамасы орталығы мемлекеттік мекемесі басшысының бастамасымен және ҚР Әділет министрлігінің Аттестация комиссиясының шешімімен көптеген сарапшылар жеке сарапшылық лицензияларын алып қызмет атқаруда. Мен де солардың бірі ретінде Сыр бойында дербес сарапшы ретінде бір жарым айдан бері қызмет атқарып келемін. Осы мерзім ішінде облыс бойынша барлығы 37 сараптама жүргізген екенмін. Олар – жол-көлік оқиғасының жағдаяттарын зерттеу, автокөліктердің құнын анықтау және шаруашылықтардағы автокөліктердің ескіруіне байланысты есептен шығару үшін арнайы есептеулер жүргізу. Осы аз ғана уақыттың өзінде қыруар іс атқарылды. Бұл жайт осы саладағы жұмыстардың жыл санап көбейіп және күрделеніп келе жатқанын аңғартады. Демек, үкіметтің жеке сарапшылар институтын құру жөніндегі ұстанымы дұрыс деп білемін. Тәуелсіз сарапшыларға сұраныстың бар екендігін уақыт дәлелдеп отыр, олардың халыққа қажет екендігіне сенім мол.
Мемлекеттік сот сарапшылары болсын, жеке, тәуелсіз сарапшы болсын, олардың барлығы да өз Жарғыларына сәйкес, құқық қорғау қызметінде жүріп, Ата Заңымызда көрсетілгендей, еліміздің байлығы, құндылығы болып табылатын адам тағдырының шынайы қорғалуына атсалыса беретіні сөзсіз.
Ә.ЕҢСЕБАЕВ,
тәуелсіз сарапшы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |