КАПИТАЛДЫ КӨЛЕҢКЕДЕН ШЫҒАРУҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНЕДІ

– Әлібек Балықбайұлы, мүлікті жария ету (заңдастыру) акциясының негізгі мақсаты қандай?

– «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» 2014 жылдың 1-қыркүйегінде ҚР заңы қолданысқа енді.

Бұл заңның мақсаты, біріншіден, көлеңкелі экономикамен күрес жүргізу. Яғни, отандық экономиканың ішкі ресурстарын көлеңкеден шығару. Казіргі таңда, капиталды көлеңкеден шығару проблемасы барлық елдерде өте өзекті мәселе болып отыр. Мәселен, Еуропаның бірқатар елдері, АҚШ мұндай акцияны жиі өткізіп тұрады. Сондай-ақ, табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Үндістанда 5 рет, Португалияда 4 рет, Францияда, Австралияда, Ирландияда 2 реттен іске асырылды. Сол сияқты Италияда да мұндай шара бірнеше рет өткізілді.

Екіншіден, еліміздің экономикасына қосымша қаражаттар және инвестициялар тарту және бюджетке қосымша түсімдерді көбейту болып саналады. Яғни, жария етілген капитал еліміздің экономикасын дамытуға атсалысуы тиіс.

Үшіншіден, 2017 жылдан бастап Қазақ­стан Республикасының азаматтарының, орал­мандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың табыстары мен мүлкін жаппай декларациялауға көшуімен байланысты. Яғни, елімізде жүргізіліп жатқан мүлікті жария ету акциясы барлық азаматтарға өздерінің қаражаттары мен мүліктерін заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ал, кейін жаппай декларациялау кезінде заңдастырылған мүлкі мен табыстарын ашық көрсете алады.

Мүлiктi жария ету 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Мүлiктi жария етуге ұсыну үшін құжаттарды қабылдау 2014 жылғы 1 қыркүйегінен 2015 жылдың 30 қарашасы аралығында жүргізіледі.

– Мүлікті жария ету ерекшеліктері қандай? Осы орайда салық органдары тарапынан мүлікті жария етуге байланысты жүргізілетін жұмыстар жайында айтып өтсеңіз.

– Жария ету нысандарына ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері, оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер ҚР-ның заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, басқа адамға рәсімделген жылжымайтын мүлік, құрылыс нормалар мен қағидаларына, сондай-ақ өздері орналасқан, жария ету субъектісіне меншік құқығына тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес келетін, ҚР-ның аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар); ҚР-ның аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүліктер жария етуге жатады.

Сондай-ақ, Жария ету туралы заңмен жария етуге жататын мүлікпен қатар, жария етуге жатпайтын да мүліктің барынша толық түсінігі белгіленген. Бұл ретте жекелеген қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған мүліктер жария етуге жатпайды. Мәселен, жеке адамға қарсы және адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарын бұза отырып алынған мүліктер, конституциялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстық жолмен алынған кірістер, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылық пен мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы қылмыстар жасау бойынша алынған мүліктер рахымшылыққа жатпайды. Сонымен қатар, сот тәртібімен оған құқықтар дауланып жатқан, кредит ретінде алынған ақша, мемлекет пайдасына берілуге жататын мүлік, құрылысы бюджет қаражаты есебінен аяқталған жылжымайтын мүлік объектілеріндегі тұрғын және тұрғын емес үй жайлар жария етуге жатпайды.

Салық органының құзыретіне Қазақстан Рес­публикасы аумағының шегiнен тыс жерлерде тұрған мүлiк бойынша (ақшадан басқа) жария етуді өткізу жүктелген.

Осыған орай, «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңын іске асыру мақсатында ҚР Қаржы министрінің Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлердегі мүлiктi жария етуді өткізудің кейбір мәселелері туралы бұйрығы шығарылып, аумақтық салық басқармалары басшысының шешімімен Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлердегі мүлiктi жария етуді өткізу жөнінде комиссия құрылды.

Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлердегі жылжымайтын мүлiкті жария ету біріншіден, бұл алда тұрған жалпыға ортақ декларациялауға көшумен байланысты. Яғни, жария ету субъектілеріне шетелдердегі мүлкін қазір жария етулеріне құқық беріледі. Екіншіден, шетелде орналасқан мүлікті жария ету үшін мемлекет бюджетіне жария етілетін мүліктің құнынан он пайыз мөлшерінде жария етілгені үшін алым түседі.

Қазіргі уақытта облыстық қаржы басқармасының және аумақтық салық басқармаларының мәліметтері бойынша облысымызда Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде мүлiктi жария етуді өткізуге 65141,0 мың теңге мүлік құнымен 55 өтініш қабылданған. Ал, Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлердегі жылжымайтын мүлiкті жария етуге бүгінгі таңда өтініштер келіп түскен жоқ.

– Жария етуден өткізу үшін қандай құжаттар қажет.

– Жария ету субъектілері тұрғылықты жері бойынша салық органына белгіленген нысан бойынша екi данада мүлiктi жария етудi өткiзуге арналған өтiнiшін табыс етеді. Өтінішті берген кезде түпнұсқасын көрсете отырып жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесі мен Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлердегі жылжымайтын мүлiк және шетел мемлекетінде тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесі бойынша құжаттар, осындай мүлiкке құқық белгiлейтiн құжаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесiн тапсырады. Эмитенттерi шетел мемлекетінде тіркелген бағалы қағаздар бойынша құжаттар, бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алудың тиiстi жүйесiндегi дербес шоттан үзiндi көшірме не резидентi бағалы қағаздардың эмитентi болып табылатын мемлекеттiң заңнамасында белгіленген осы бағалы қағаздарға меншiк құқығын растайтын өзге де құжатын және мүліктің сатып алу құнын немесе бағалау құнын растайтын құжат өткізеді. Шетел валютасында көрсетілген мүлік құны Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына – теңгеде өтініш берілген күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша қайта есептеледі. Мүлікті жария ету үшін алымды төлегенін растайтын құжат пен шет тілінде ресімделген құжаттар нотариалды куәландырылған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен ұсынылуы тиіс.

Мүлікті жария ету үшін құжаттарды қабылдау салық органының аумақтық басқармаларында сағат 9-00-ден 18.30-ға дейін жүргізіледі.

– Жалпы мүлік қай уақыттан бастап жария етілді деп есептеледі.

– Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлердегі мүлiктi жария етуді өткізу жөнінде комиссия өтінішті ұсынған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде қарайды. Комиссия құжаттарды қарау нәтижелері бойынша өтінішті қабылдау туралы немесе өтінішті қайтару туралы шешім қабылдайды. Шешім әрбір жария ету объектісі бойынша жеке қабылданады.

Жоғарыда атап өткен құжаттар толық емес пакетін ұсыну, ұсынылған құжаттарда өшірулер мен түзетулердің болуы, ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының осындай құжаттарға қойылатын талаптарына сәйкес келмеуі өтінішті қайтару үшін негіз болып табылады.

Мүлікті жария етуге ұсынылған құжаттар қайтару себептерін көрсете отырып қайтарылуға тиіс. Мүлікті жария етуге ұсынылған құжаттарды қайтару үшін негіз болған себептерді жойған кезде, жария ету субъектісі белгіленген жария ету мерзімі ішінде мүлікті жария етуге өткізу өтінішін қайта беруге құқылы. Сөйтіп, мүлік салық органының жария ету туралы шешімі шығарылған күннен бастап жария етілді деп есептеледі.

Мемлекеттiк органдар, ұйымдар және олардың лауазымды адамдары мен қызметкерлері мүлiктi жария етудi өткiзу процесiнде алынған ақпараттың құпиялылығын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қамтамасыз етуге, оның ішінде жария ету субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз ақпаратты таратуға жол бермеуге міндетті.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
ҚОҒАМ 06 қараша 2014 г. 725 0