“ЭКСПО-2017”: ЖАРҚЫН ІСТЕР ЖОЛАШАРЫ

«Болашақ энергиясы: шығарылатын СО2 мөлшерін азайту» тақырыбымен өткен халықаралық форум «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараның алғашқысы болып табылады.

Жан-жақтан ағылған нөпір қонақтар шара барысында Елордадағы ЭКСПО көрмесінің бас жоспары, құрылыс жұмыстарының кестесі, «Болашақ энергиясы» форумын ұйымдастыру барысы, демеушілік үшін жасалатын салықтық жеңілдіктер, еліміздің туристік әлеуетін дамыту жайы шетелдік сарапшылардың назарына ұсынылды. Сонымен қатар, қала инфрақұрылымдары, яғни, жолдар, қоғамдық көлік пен тұрақтарды салу мәселесі де сөз болды.

Форум – «Болашақ энергиясы» көрмесінің маңызын ашатын бірегей шара. «Шығарылатын СО2 мөлшерін азайту», «Энергия тиімділігі жоғары өмір салты», «Жалпыға арналған энергия» атауларымен бөлінген шара пікірлері тоғысқан, іс-қимылдары мен қадамдары болашақ ЭКСПО қалашығының іргетасына айналды. Нақты істерге жұмылу, болашақ энергиясын пайдалану форумның басты міндетіне баланды.

Іс-шараның ресми бөліміне қатысып, сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ЭКСПО тақырыбының маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Бүгінде «Болашақ энергиясы тақырыбы өзекті болып тұр. Себебі дәстүрлі энергия көздерінің түгесілу қаупі бар. Бұл мәселе үлкен алаңдаушылық туғызады. Ал жаһандық экологиялық қауіп-қатерлер бүгінде «таза технологияларды» қолға алуға, энергияны тұрақты түрде әрі ұзақ уақыт бойы үнемдеуге итермелеп отыр. ЭКСПО-2017 баламалы энергия көздері саласындағы адамзаттың үздік жетістіктерін паш ететін алаңға айналуы тиіс», - деді Б.Сағынтаев.

Форумға арнайы келген халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес өз кезегінде Астанадағы ЭКСПО-ның «жасыл экономика» саласында ынтымақтастық байланыстарды нығайтарына сенім білдірді.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан көптеген халықаралық маңызы бар шараларды өткізе алатындығын дәлелдеді. Осынысымен-ақ, аймақтағы көшбасшы мемлекет екенін көрсете білді. Көрме тақырыбының өзекті екенін ескерсек, ЭКСПО сияқты көрмелердің рөлі күшейе түседі деуге болады, – деп атап көрсетті.

Әлбетте, осының барлығын іске асыру үшін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына біраз шаруаның басын қайыру қажет. Компания басшысы Талғат Ермегияевтің айтуынша, Қазақстан ЭКСПО көрмесін абыроймен өткізе алады. Бұның барлығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, өшпес мұра болып қалады. «ЭКСПО-2017»-нің «Болашақ энергиясы» тақырыбы энергия ресурстарының болашағы, климаттың өзгеруі мен тұрақты дамуға қажетті жағдай жасау сияқты халықаралық қауымдастық үшін аса маңызды мәселелерді қамтиды. Өйткені тұрақты энергетика саласында әділ саясатты жүргізу қашанда қажетті болатынын уақыт дәлелдеп отыр.

Келер жылы еліміздің барлық аймағында шағын көрмелер өтеді. Қазірде «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы еліміздің әрбір өңірімен меморандум жасап жатыр. Оған сәйкес, өңірдегі шағын орта бизнес субъектілері көрмеге дайындық және өткізу жұмыстарына белсенді қатысуына ықпал жасау. Көрме жұмысына біздің аймақ та лайықты үлес қоспақ. «Қорқыт ата» кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолында орналасатын нысандар осы сөзіміздің дәлелі.

Сондай-ақ, форумды республика көлемінде ақпараттандыру мақсатында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметі 70-ке жуық журналист пен блогерді жинады. Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлері «Болашақ энергиясы: СО2 қалдықтарын азайту» халықаралық форумы аясында өткен екі күндік EXPO медиа-турына қатысты.

«Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Айгүл Мүкей ЭКСПО-турдың маңызы жайлы айтып өтті.

Аймақтық журналистер мен блогерлерге арналған EXPO медиа-туры және «Болашақ энергиясы: СО2 қалдықтарын азайту» халықаралық форумына қатысып, шеберлік сыныптарын тыңдаған журналис­тер ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Болашақ энергиясы» халықаралық форумы – ЭКСПО көрмесіне арналған алғашқы шаралардың бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2017 жылға дейін тағы осындай екі халықаралық форум өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жайында аймақтық журналис­термен басқосу өткізген «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев, «Келер жылы форумды күзде өткізуді жос­парлап отырмыз. Онда энергия тұтыну жұмысын тиімді жүргізу мәселесіне арналса, 2016 жылғы тақырып энергияға жалпыға бірдей қол жеткізу жайына арналмақ, – деді. Инновациялық сипаты бар саяси шешімдер, сан алуан экономикалық тетіктер, сондай-ақ жаңа технологиялар мен инвестициялар бұның барлығын тиімді пайдалана білу керек. Осы арқылы стратегиялық маңызы бар тақырыптар бойынша халықаралық диалогқа жол ашылатын болады. Осының арқасында көрменің бас тақырыбы «Болашақ энергиясы» және парниктік газдардың көлемін азайту, энергия тұтыну жағынан тиімді технологияларды енгізу сияқты бөлімдері бойынша ғылыми жобалар қолға алынатын болады.

Халықаралық көрме кезінде коммерциялық қызметтен 283 миллион еуродан астам пайда түсіру көзделіп отыр. Жалпы соманың 81 пайызын демеушілік пен билет сатудан түскен қаржы құрайтын болады. Сондай-ақ демеушіліктің төрт деңгейі белгіленiп, соманың көлеміне қарай әр түрлi жеңілдіктер берілетiндiгi де белгілі болды. Компания жоспарға сай мемлекет шығындарын барынша азайтып, кіріс жағын жан-жақты ұлғайтуды мақсат етiп отыр.

Астанадағы форум аясында «Online Expo-2017» атты халықаралық байқауды ұйымдастыру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Конкурстың арқасында еліміздің ғылыми әлеуетін бір мақсатқа бағыттауға мүмкіндік бар. Сол себепті аталған шараны ұйымдастыру жұмысына 15 мекеме атсалысып отыр. Олар – ұлттық компаниялар, даму институттары, министрліктер мен білім беру ұйымдары. Алдағы уақытта «жасыл» жобалар мен инновацияларды анықтауды көздейтін «Online Expo-2017» халықаралық байқауы бойынша арнайы штаб құрылады деген жоспар бар. Ол үздік жобаларды алдын ала іріктеп, Астана экономикалық форумы аясында өтетін «Кіші ЭКСПО» көрмесінде таныстырылатын болады.

Ресми шаралардан соң, БАҚ өкілдері «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстарымен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ сәулет және құрылыс департаментінің бас менеджері Айдар Марат таныс­тырды.

ЭКСПО қалашығының құрылысы ресми түрде 2014 жылдың 24 сәуірінде Елбасы ЭКСПО қалашығының капсуласын салған күннен басталғандығын айтқан А.Марат, «Бүгінгі күні Ұлттық, халықаралық және тақырыптық павильондардың құрылысы жүріп жатыр. Ең бірінші болып 2015 жылдың жазында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының ұйымдастырушыларының ғимараты аяқталады. Қазір халықаралық құрылыстардың іргетасы құйылуда. Құрылыста 8 халықаралық компаниялар жұмыс істеп жатыр. Жалпы аймақта 2000-нан астам адам, көрме аймағында 1200-ге жуық адам жұмыс істеуде. Барлығы 150-ге жуық машиналар мен техника жұмылдырылған. Құрылыс 2016 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Ал көрме 2017 жылдың жаз айында басталатын болғандықтан қалған жарты жылды дайындыққа жұмсаймыз. Көрменің халықаралық және тақырыптық павильондары 2016 жылдың ортасында аяқталады. Бұл ғимараттардың ішінде ең қиыны, бірегей ғимарат – Ұлттық павильон. Оның диаметрі 80 метр, биіктігі 94 метр. Ол әлемдегі ең алғашқы толық сфера болмақ» – дейді.

Тұңғыш рет өткізіліп отырған форум жоғары деңгейде өтті. Меймандостық танытқан ЭКСПО ұйымдастырушылары шетелдік қонақтардың көңілінен шыққаны күмәнсіз. Қос күннің еншісіндегі медиатур жаңалығының басы-қасында болған БАҚ өкілдері әмбебап көрмені әлемге жариялауды мақсат тұтады. Ауқымы кең Елбасы жобасы еліміздің барлық аймағын қамтып, Қазақстанның жарқын болашаққа деген ұмтылысын, әлем таныған Астананың айдынды келбетін тағы да бір дәлелдей түсері сөзсіз.

 

Нұрбек Дәуренбеков.

Қызылорда-Астана-Қызылорда.


ҚОҒАМ 06 қараша 2014 г. 3 109 0