ЖАРТЫ ҒАСЫР СЫРЛАСЫМ

Қарты бар елдің – қазынасы бар. Ескіден жеткен есті сөз осылайша толғанады. Мұның астарында елдің ауызбіршілігіне, ынтымақ-берекесіне қадірменді қариялардың қосқан үлесі жатыр деп есептеймін. «Дұрыс қартая білу де ұлылық» депті шығыс ойшылы. Осы тұрғыда ауданда есімі ілтипатпен аталатын ардагерлеріміздің саны аз еместігі жан жадыратады. Тарихын тереңнен тартқан, Ұлы  Жібек жолының бойында орналасқан Қазалы ауданы жыл санап көркейіп келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсуінде, сан саласында ілгерілеушілік байқалады. Бұл, әрине, өте қуанышты жайт. Сонымен қатар ел ағаларына зор жауапкершілік те жүктейді. Бүгінгі таңда газет-журнал оқымайтын, ғаламтор желісіне енбейтін адам некен-саяқ. Алайда, әрбір басылымның өзіндік оқырманы болуы заңдылық. Мен үшін де, замандастарыма да «Сыр бойы» газетінің қадір-қасиеті жоғары. Мені газеттің әр санында саяси-қоғамдық өмірмен қатар, адам факторының басты назарда болуы қатты қуантады. Әсіресе, аймақта жүзеге асырылып жатқан экономикалық-әлеуметтік мәселелерді  халыққа жете танытуда. Тарихи-танымдық тақырыптарға да жиі орын беріледі. Жасыратыны жоқ, соңғы кезеңде жастарымыздың түрлі секталардың ырқында кетуі бізді де алаңдатады. Сондықтан, осы бағытта ақиқатты ашып көрсететін материалдар қажет-ақ. 
Өмірдің сан өткелінен өткен аға буын өкілі ретінде менің «Сыр бойының» шығармашылық ұжымына айтар өтінішім бар. Газет бетінде имандылыққа тәрбиелейтін, отансүйгіштікке баулитын мақалаларды, тарихи-танымдық әңгімелерді жиі жарияласаңыздар екен. Бұл сайын даласын қаһармандықпен қорғаған бабаларымыздың жанқиярлық  ерлігін өскелең өрендердің санасына сіңіруге жасалған қадам болары даусыз. 
Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы».

ҚОҒАМ 07 қараша 2013 г. 1 062 0