“Халықтық IPO” туралы не білеміз?

Қызылорда облысында «Халықтық IPO» бағдарламасының екінші кезеңінің ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен аталмыш бағдарлама мамандары студент жастармен, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Басқосуға партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков қатысып, жиналғандарды халық игілігі үшін жасалып жатқан бағдарлама туралы толыққанды мағлұмат алуға шақырды.

Дәріс беруші маман Серік Омаровтың айтуынша, «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асырудағы басты мақсат – Қазақстанның жетекші компанияларына акционер болуға мүмкіндік жасау. Акцияға жасы 18-ге толған, кәсібі мен кірісі әр түрлі кез келген азамат үміттене алады. Бағдарлама аясында компанияға тартылған қосымша қаражат көзі өндірістің дамуына жұмсалып, акция бағасының өсуіне оң әсер етпек. Бұл – компанияға түсетін пайдадан акционерлер де тиісті үлесін алады деген сөз. Түптеп келгенде, ел тұрғындарының қаржысы Қазақстан экономикасының өсуіне септігін тигізбек.

Аталмыш бағдарламаның бірінші толқынына елімізде 34 мыңнан астам адам қатысып, олар «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын иеленді. Өтінімдер бұдан екі есе көп болған. Алғашқы акционерлер қазірдің өзінде табыс тауып отыр. Мысалы, инвестиция көлемі 50 мың теңге болса, қазіргі күні оның төленген дивиденті 25,3 пайызды құрап, акция құны 54 пайызға өскен. Сөйтіп түпкілікті пайда 79,3 пайызды құрап, акция иелерінің активі 50 мыңнан 89 650 теңгеге жетті.

Екінші кезеңнің эмитенті елдегі электр қуаты жүйесінің бірден-бір операторы «KEGOC» АҚ болмақ. Акция құны әзірге нақтыланбаған, болжам бойынша бір мың теңге шамасында.

Жиынға қатысқандар мамандардан «Халықтық IPO» туралы, оның шарттарынан түсінікті тілде мәлімет алды.

Дәурен ОМАРОВ.


ҚОҒАМ 04 қараша 2014 г. 717 0