КӘСІБИ ҚОЛДАУШЫ

КӘСІБИ ҚОЛДАУШЫ

Аманкелді ауылындағы Қуаныш Баймағанбетов атын­дағы №42 орта мектеп бас­тауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әлия Әжіғалиқызы әр кез қарбалас тірлік қамымен жүреді. Бірде халықаралық ме­рекелерді қарсы алу, той­лауды ұйымдастырып жүр­се, енді бірде ұжымдағы мұға­лімдердің, көп балалы ана­лардың өздері мен балаларына сыйлықтар әзірлеп жүреді. Оның назарынан ұжымда ұзақ жылдар бойы түрлі қызмет атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан зейнеткерлер де тысқары қалмайды. Олар әрдайым Әлия апаймен қуаныштарын бөлісіп, реніштерін ортаға салып жатады. Не сиқыры барын кім білсін, қарт кісілер апаймен сөйлескеннен кейін емен-жарқын күй кешеді. Ұстаздар өздерінің төл мерекелерінде сый-сияпатсыз қалмайды.

Әлия Сейітмұратова сабақтан тыс уақытында қоғамдық жұмыспен айналысып, түрлі байқауларға қатысып келеді. Мәселен, кәсіподақ жылы саналған 2012 жылы облыстық "Күшті бастауыш ұйым – күшті кәсіподақ” атты байқауға аудан атынан қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Одан кейін де аудандық, облыстық семинарларға, сайыстарға қатысып, тәжірибесін шыңдай түсті. Биылғы кәсіби мереке қарсаңында Әлия Сейітмұратова "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталды.

– Мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету – менің басты парызым, ол үшін еш шаршамаймын,– дейді мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.

Тәжірибелі мұғалім, ұстаздардың қолдаушысы Әлия Сейітмұратова апайдың әрдайым биіктен көрінуіне тілектеспін.

Роза БЕРДЕКЕЕВА,

мұғалім.

Сырдария ауданы.


ҚОҒАМ 25 қазан 2014 г. 925 0