АРДАГЕРЛЕРІН АРДАҚТАҒАН ЕЛ ОЗАДЫ

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өңірімізде түрлі іс-шаралар жоспары бекітіліп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Артында қалған ұрпағы үшін азаттықтың ақ туын сыйлаған жауынгер, ардагерлерді ұлықтау абыройлы іс болып табылады. Осы орайда "Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында "Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында "Ерлікке мың тағзым” акциясының басталғаны жөнінде баспасөз конференциясы болып өтті.

Оған "Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, "Жас Отан” жастар қанатының белсенділері мен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.

Жиын барысында "Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ж.Базартай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жасалып жатқан қамқорлық жұмыстары мен алдағы уақытта іске асатын жоспарлар жайында, атқарылатын істер төңірегінде және жастардың іс-шараларға белсене араласуына байланысты кеңінен тоқталып өтті.

"Ерлікке мың тағзым” акциясы аясында жоғары және арнаулы оқу орындарында, мектептерде, кәсіпорындар мен мекемелерде ҰОС-ның ардагерлерімен кездесулер мен мәдени-шығармашылық, патриоттық шаралар өтеді. Тағы бір айта кетерлігі, акция аясында "Майдангерлер”, "70 игілікті іс” тақырыбында көлемді шараларға байланысты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, облыстық білім саласына еңбегі сіңген ұстаз Күләй Ермағанбетова мен ардагер Арғын Садықұлы жиналған жастарға тәрбиелік мәні бар кеңестер айтып, оларды үлкенді құрметтеуге, ұлықтауға және алдағы Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай өтетін шараларға белсене қатысуға шақырды.
ҚОҒАМ 25 қазан 2014 г. 933 0