Ауылдың гүлденуі мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің кепілі екендігі белгілі. Осы ретте ауылдағы билік өкілі – ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, әкімдіктерге қосымша құзырет берілгелі де көп уақыт бола қойған жоқ. Жуырда жаңадан сайланған әкімдер тұрғындар алдында алғаш рет есеп беруді бастады.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, бүгінгі әңгіме кәсібі ырысты, келбеті келісті елді мекендердің бірі – Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Жақсылық Ержановпен өрбімек.
– Жақсылық Пазылбекұлы, биылғы кент, ауыл әкімдерінің сайлауы несімен ерекшеленді, жаңадан сайланған әкімдер жұмыстарының нәтижесін халық қалай бағалай алады, жалпы тұрғындардың ауыл әкімінің жұмысына ықпал ету тетіктері қандай?
– Биылғы жылы күшіне енген жаңартылған заңнама бойынша ауыл әкімдері тиімді жұмыс жүргізу үшін қажетті материалдық-қаржылық және кадрлық ресурстарға ие болып отыр. Функционалдық міндеттерін өз деңгейінде атқару үшін ауыл әкімі аппаратының кадрлық құрамы да айтарлықтай нығайтылды. Осыған дейін төрт штат болса, бүгінгі күні сегіз мемлекеттік қызметкер бар.
Бірінші кезекте сайланған әкімдер кент, ауыл халқының алдында есепті болады. Үстіміздегі жылғы 15 тамыздағы «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Елбасы Жарлығына сәйкес барлық кент, ауылдық округтер әкімдері енді әр тоқсан сайын өзі басқаратын ауыл тұрғындары алдында атқарған жұмыстарының есебін беріп отыруы міндетті. Бұл дегеніміз, ел азаматтарының жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласуын қамтамасыз етуге бағытталған тағы бір маңызды қадам деп айта аламыз. Ең бастысы, біз ауылда атқарылатын қандай да бір шаруаларды ауыл тұрғындарымен ақылдасып атқаратын боламыз. Осылайша ауыл бюджеті ауылдың шын мәнінде бүгінгі өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақшы.
– Ауылдың бүгінгі тірлігіне тоқталсаңыз?
– Жер аумағы 30232 гектарды құрайтын Қызылжарма ауылы 6370 тұрғыны бар 1186 шаңырақтың құтты қонысы. Ауылда имандылық үйі – «Алдажар жәме» мешіті, №5547 әскери бөлімі, 1200 орындық орта мектеп, мектеп жанындағы 96 орындық шағын орталық, ауылдық емхана, кітапхана, №10 байланыс бөлімшесі, 27 сауда нүктесі, олардан бөлек 3 монша, 2 шаштараз, 1 асхана, 1 мейрамхана, 2 автокөлік жөндеу орталығы, 1 тігін цехы, «Хрусталь» таза су шығаратын цехы және «Аквалайн» ЖШС жұмыс жасайды. Экономикалық белсенді халық саны 3429 адамды құрап, жұмыспен қамтылғандар саны 3385 адамға жетіп отыр.
Ауылдық округтің бюджеті де еселеніп өсуде. Былтыр 19,5 млн. теңгені құраған бюджет биыл төрт есе өсіп, 79,4 млн. теңгеге жетті. Ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша 27 млн. 970 мың теңге болатын Д.Қарабалаев көшесі асфальтталып, оған ауылдан жеті адам тартылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 5 көшеге тас төселді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен бөлінген 20 млн.-дай қаржыға А.Досхожин көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса, бес көше жарықтандырылды.
Тазалыққа да айтарлықтай көңіл бөлінуде. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына биыл төрт қоқысқа арналған контейнер алаңдары орнатылып, қоғамдық негізде тазалық жұмыстарына тұрақты түрде 15-20 адам қамтылуда. Көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе, 2003-2005 жылдарға арналған «Ауыл» бағдарламасы аясында жас мамандарға арнап салынған бес үй жекешелендірілсе, қалған жеті үйдің құжаттары дайындалып, жекеге өткізу үшін тиісті органдарға жіберілді. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 280 орынды балабақша құрылысы жүргізілуде. Ол 2014 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осы айда аймақ басшысының қатысуымен салтанатты түрде клуб үйі ашылды.
«Жақсы туса ел ырысы» демекші, ауылда өтетін мәдени-көпшілік шаралар мен көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына демеушілік көрсетуші елді мекеннен сайланған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары Сабыр Сейтханов пен Ғалымбек Жақсылықов, ауыл кәсіпкерлері Бегімбаев Жаңабай, Базарбаев Алпысбай, Асқаров Қожабай, шаруашылық басшылары Раймов Жұмабек, Балабатыров Жұмабайды ерекше атап өткім келеді. Айталық, ауыл азаматы, кәсіпкер Серік Есахаев бір көшенің жолын жөндеп берді. Осындай игі істерде ағалық ақылын айтып, көрген-түйгендерімен бөлісіп жүрген Ыдырысұлы Қожахмет ағамыз бастаған ауыл ақсақалдарының басын қосқан ардагерлер кеңесінің де орны ерекше деп білемін.
Ауылдағы №144 мектептің де жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. 1162 оқушыға 225 ұстаз дәріс беретін білім ұясын бітіруші түлектердің 96,9 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысса, жалпы ұпай саны 64,5 пайызды құрап, қала мектептері ішінде 13-ші орынға тұрақтады.
– Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдауға айтарлықтай көңіл бөлініп, түрлі бағдарламалар нәтижесін көрсетуде. Бұл туралы не айтасыз?
– Ауыл тірлігінің басым бағыты – мал шаруашылығы. Бүгінгі күні 1501 бас мүйізді ірі қара, 1536 бас қой мен ешкі, 71 бас түйе, 154 бас жылқы, 58 бас шошқа, 300 бас үй құсы бар.
«Сыбаға» бағдарламасы аясында 4 шаруа қожалығы 31 млн. теңге несиеге 121 бас ірі қара алып, шаруашылықтарын жүргізуде. Сонымен қатар, қызылжармалықтар «Жұмыспен қамту - 2020. Жол картасы» бағдарламасының да игілігін көруде. Өткен жылы 4 кәсіпкерге 10 млн. 800 мың теңге берілсе, биыл бұл көрсеткіш екі есеге артты. Мысалы, Жұмабай Асқар төрағалық ететін «Ақмешіт» несие серіктестігі 20 млн. теңге көлемінде несие алып, ет бағытындағы мал өсірумен айналысуда.
Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында жеке кәсіпкерлер Нұртазаев Шәріпжан 3 млн. теңге, Сембаев Мұхамбетжан 1,2 млн теңге көлемінде несие алып, мал басын көбейтуде.
Жалпы, жоғарыда аталғандардан бөлек, жыл басынан бері жаңа 10 кәсіпкерлік нысаны ашылып, 29 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
– Ауыл басшысы ретінде алдағы жоспарларыңызды айтып берсеңіз...
– Алдағы жылы бір ауыз су ұңғымасын салу, бес көшеге асфальт төсеу, алты көшеге орташа жол жөндеу, төрт көшені жарықтандыру, сондай-ақ қалып қойған және жаңадан қоныстанған көшелерді газдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Мәселе оң шешімін тауып жатса, облыс бойынша газбен 100 пайыз қамтылған бірден-бір елді мекенге айналамыз. Сонымен қатар, спорт алаңы мен балалар ойын алаңын салу, құрылысы биыл басталған 280 орындық балабақшаны тезірек пайдалануға беру күн тәртібінде тұр. Бұдан басқа емхана құрылысы, ауылішілік аялдамалар орнату, тұрмыстық қатты қалдықтар төгетін полигон, тағы басқа жұмыстар бар. Әрине, бұлардың барлығы бір жылда біте салатын шаруалар емес.
Қай ауыл, кент немесе қаланың басшысы болсын өзі тұратын мекеннің айнадай жарқырап ажарлы болғанын, көшелерінің тақтайдай тегіс, самаладай жарық болғанын, ауыз су мен аяқ суда іркіліс болмай, көгілдір отынның игілігін барша жұртшылық пайдаланғанын жақсы көреді. Алдағы уақытта да ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын нығайту бағытында жоспарлы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет. Ел игілігі үшін атқарып жатқан қызметіңізге табыс тілейміз.
Әңгімелескен Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.