ЕЛ ДАМУЫНДА МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ҮЛЕСІ ЗОР

ЕЛ ДАМУЫНДА МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ҮЛЕСІ ЗОРЖергілікті мәслихаттардың құрылып, жұмыс істей бастағанына биыл 20 жыл толып отыр. Нақты кезеңде мерейлі мереке ел аумағында кеңінен аталып өтуде. Мәселен, жуырда Алматы қаласында «Қазақстан мәслихаттары депу­тат­тарының бірлестігі» рес­публикалық қоғамдық ұйы­мының ұйытқы болуымен ғылыми-тәжірибелік кон­ференция болып өтті. Аталған жиын Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауларының және «Интеллектуалды ұлт - 2020» жобасының негізгі бағыттарын жан-жақты іске асыру аясында өтті. Өткен жиырма жылда жеткен табыстар таразыға түсетін осы мерейлі күнге Қызылорда облыстық мәслихаты да жетістіктермен жетіп отыр.

Жалпы, Мәслихаттар институтының негізі 1993 жылдың желтоқсанында «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» ҚР Заңының негізінде қаланды. Осыған орай, 1994 жылдың наурыз айынан бастап бұған дейін жергілікті мәслихаттар қызметін атқарып келген облыстық, қалалық, аудандық кеңестер өкілді орган – мәслихаттарға орын берді. Осылайша, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ жергілікті мәслихаттар аймақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті бекіту мен көптеген бағдарламалардың орындалуына бақылау жүргізу құқығын иеленіп, елдің дамуы жолында беделді күшке айналды. Өкілді орган – мәслихаттардың бүгінгі таңға дейін бес шақырылымы болды. Осы мерзім ішінде облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттар қоғамды демократияландыру, өңірлік ынтымақтастықты дамыту әрі кәсіби мемлекетті құруға бағытталған іргелі мәселелерді шешуде байыпты жұмыстар атқарып, Сыр елінің дамуына айрықша үлес қосты. Ең алғашқы мәслихаттар өз жұмысын бастаған жылдары елдегі экономиканың дамуы төменгі деңгейде болды, нарық заңдары халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етті. Ол кезде тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік нысандар құрылысын салу өте өзекті мәселе болатын. Осындай маңызды мәселелерді шешу жолында жергілікті мәслихат депутаттары зор ынтамен еңбек етті. Ал, екінші шақырылған мәслихаттардың жұмысы жаңа Конституция қабылданып, соның негізінде заңнаманың жаңарған кезеңіне сәйкес келді. Бірінші шақырылым кезіндегі қол жеткен нәтижелер қаперге алына отырып, екінші шақырылымның мәслихаттары жұмыстың жаңаша үрдістерінің негізін қалады. Осы тұста әлеуметтік төлемақы мен жәрдемақылардың уақытылы берілуі мәслихаттар үшін кезек күттірмейтін өзекті проблемаға айналды. Облыстық мәслихат депутаттары сайлаушыларының аманатын атқарушы органдарға жеткізіп, олардың орындалуын бақылауда белсенділік танытты.

ЕЛ ДАМУЫНДА МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ҮЛЕСІ ЗОРМысалы, бірінші және екінші шақырылымдағы депутаттар корпусы арасынан өздерінің білімі мен тәжірибелерінің мол екендігін таныта білген белсенді азаматтар көптеп шықты. Олар – облыстық мәслихаттың бірінші хатшысы, марқұм Б.Ермақашев, депутат Б.Қалымбетова, екінші және үшінші шақырылымының хатшысы А.Божанова, С.Шаухаманов, М.Подольский, Т.Маханов, Д.Ақмағам­бетова секілді аға-апаларымыз.

Үшінші шақырылымда мәслихат жұмысында бірізділік қалыптасып, оның құзыреті мен өкілеттігі, жұмыс ауқымы біртіндеп кеңейе бастады. Мысалы, сайлау комиссияларын сайлау мен әкімдерді тағайындауда мәслихаттың келісімін алу және оларға сенімсіздік білдіру, ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының өкілеттігін тоқтату, тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелері мен ауыл және кент әкімдерін сайлау құзыреті енді. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру мен қоғамды демократияландыру процесіне жергілікті өкілді органдар өзіне тиесілі жүгі бар маңызды мемлекеттік орган ретінде қалыптасты және даму үстінде болды. Өткен шақырылымға қарағанда облыстың әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесі өсті. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, бюджет түсімі бұрынғыдан молая түсті.

Облыстық мәслихаттың төртінші шақырылымының депутаттары өз қызметіне 2007 жылы кірісті. 2007-2011 жылдары да мемлекеттік сая­си-экономикалық, әлеуметтік бағдар­ламалардың аймақта орындалуына депутаттар мықты әсер етіп отырды. Облыс көлемінде кейбір шешімін таппаған күрмеуі қиын мәселелер жөнінде ҚР Үкіметіне, Парламентке депутаттар атынан ұсыныс хаттар жолдап, тиісті жауаптар алынып отырды.

Осы 3 және 4 шақырылымдағы белсенді депутаттар санатына марқұм Т.Жұмашев пен Б.Момын­баев­ты, сон­дай-ақ бүгіндері ел аға­лары қата­рындағы С.Далдабаев, Ә.Айым­бетов, Ж.Шарипов, А.Айдар­баев, Ә.Әбді­халықова сынды халық қалау­лыларын жатқызуға болады. Сонымен қатар, ел сеніміне ие болған азаматтарымыз – Қа­зақстан Респуб­ли­ка­сы Парламенті Сенатының экс-де­путаттары О.Са­пиев, Ж.Бәкір, Б.Дос­ман­бетов, Қ.Баймаханов жә­не бү­гін­гі сенатор Мұрат Бақ­тияр­ұлының есім­дерін мақтаныш сезіммен айта аламыз.

Бесінші шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау 2012 жылы қаңтар айында өтті. Әр шақырылымдағы атқарылған жұмыстар өзін­ше ерекше, әрі халыққа игі пайдасын тигізіп жатқандығы белгілі. Облыстағы өкілді және атқарушы органдары арасындағы келісімді жұмыстардың нәтижесінде өткен 2 жылда республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаржылар бөлініп, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдан бастап мәслихаттың жұмысы және комиссиялардың атқарған жұмысы туралы елдің алдында есеп беретін болдық. Бұл да мәслихат үшін үлкен жауапкершілік. Депутаттық ол тек халық қалаулысы деген атақ қана емес, бұл – елге деген шексіз мейірім, білім мен тәжірибе, іскерлік қабілетпен келетін абырой. Өз сайлаушыларының аманатын азаматтық парызым деп танып, туған өлкесінің өркенді келешегі үшін еңбегін аямаған депутаттар жет­кілікті десем, артық айтқаным емес. Ең бастысы, мәслихаттар өмірге келгелі өткен жиырма жыл ішінде халық игілігі үшін қыруар іс тындырылды.

Нақты кезеңде Сыр елі ерекше серпілісті кезеңді бастан өткеруде. Әрине, бұл жұмыстардың сәтімен жүзеге асуы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының берік ұстанымының арқасында екендігі баршамызға мәлім. Тағы бір ерекше атап өтуге тиісті жағдай, осы бесінші шақырылым депутаты, еңбек адамы Абзал Ералиевтің Қазақстанның Еңбек Ері атануы! Бұл оқиға аймақ жұртшылығының үлкен қуанышына айналды. Бұған қоса, осы шақырылымның хатшысы депутат Бекмырза Еламановтың жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануы да, байыптап қарасақ, аймақ халқы мен депутаттар үшін үлкен абырой!

Сөзімді түйіндей келе айтарым, Қызылорда облыстық мәслихаты 20 жылдың ішінде өз миссиясын жоғары деңгейде атқарды. Біз, жергілікті мәслихат депутаттары, атқарушы органдармен бірлесе отырып тәуелсіз Қазақстанның дамуына өзіміздің нақты істерімізбен үлесімізді қоса береміз.

 

Нұрмұрат ЕРМАНОВ,

Қызылорда облыстық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы.

 

Мерекелік лебіз

ЕЛ ДАМУЫНДА МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ҮЛЕСІ ЗОРАбзал Ералиев, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері, облыстық мәс­лихаттың депутаты:

– Биылғы жыл мәслихат депутаттары мен сайлаушылар үшін ерекше жыл! Өйткені, ел дамуына айрықша сүбелі үлес қосқан өкілді органның құрылғанына 20 жыл толып отыр. Меніңше, өткен 20 жыл жергілікті мәслихаттар үшін шын мәнінде жемісті жылдар болды. Сондықтан да мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер!

Сонау 1994 жылдан бергі мерзімде Тәуелсіздік туы астында жергілікті мәслихат депутаттары атқарушы билікпен бірлесе отырып, қолданыстағы заңдылықтар аясында азат еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, ұлан-ғайыр жұмыстар атқарды. Орайлы тұста, Елбасының ерекше көңіл бөлуінің арқасында жергілікті мәслихаттардың ролі жыл санап артып келе жатқанын да айрықша атап өткен жөн. Бұл өз кезегінде тиімді де нәтижелі жұмыстарға жетелеп отырады.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев даму мен өсу туралы: «Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамуымен және экономикалық өсумен айналысады» деп атап көрсеткен болатын. Ел дамуында үлесі зор мәслихаттардың Сыр елінде атқарылған ауқымды жұмыстар мен игілікті істердің басы-қасында жүргені баршамыздың көз алдымызда. Сондықтан оның бәрін тізбелеу шарт емес. Ең бастысы – мақсат айқын. Ол өздеріңіз бекіткен облыс дамуының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиясында айқын көрсетілген.

Туған өлкенің өркенді келешегі жолында қажыр-қайратымен еңбек етіп жүрген әріптестерімді жиырмажылдық жетістіктерімен құттықтаймын! Мерекелік лебізімді жеткізе отырып, ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріңіз жана берсін дегім келеді.

Халық қалаулыларының туған жерді түлетуге деген ниеті алабөтен ерекше. Сондықтан олардың алдағы уақытта да ел сенімінен шыға беретініне сенімім мол.



ҚОҒАМ 23 қазан 2014 г. 1 254 0