ЖАЗУШЫ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ

ЖАЗУШЫ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ

Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойына орай «Әбдіжәміл Нұрпейісов – 90 жаста» атты көрме ұйымдастырылып, "Қайсар қаламгер” тақырыбында танымдық кеш өткізілді.

Көрмеде «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарының ағылшын тіліндегі аудармаларының тұсаукесері, туындыларының Америкадағы таныстырылымы, Ресей әдебиетшісінің Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы жазған шығармасы жұртшылық назарына ұсынылды.

ЖАЗУШЫ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕСонымен қатар, қаладағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясы оқушыларының қатысуымен қаламгер шығар­машылығына арналған "Қайсар қаламгер” тақырыбындағы танымдық кеш өткізілді. Кеш барысында "Қан мен тер” романынан үзінділер оқылды. Әдеби кеш соңы шағын концертпен аяқталды.


 

Көркем сөздің кемеңгері

 

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, М.Шолохов атындағы халықаралық және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Соңғы парыз» романы бойынша оқырмандар конференциясын ұйымдастырды.

«Соңғы парыз» романы алғаш рет 1998–1999 жылдары «Жазушы» баспасынан жарық көрген болатын. Роман үш қана кейіпкердің (Бәкизат, Жәдігер және Әзім) жан дүниесіндегі шырғалаң сезімдерге құрыла отырып, Арал трагедиясына арналған. Бұл шығармада кейіпкерлердің тағдыры арқылы Аралдың тағдырын, Аралдың тағдыры арқылы ұлттың тағдырын суреттеген.

Әбдіжәміл Нұрпейісовке «Соңғы парыз» романы үшін 2003 жылы М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлық берілді.

Оқырмандар конференциясында «Қазақ тілі» қоғамының қызметкері Жалғасбек Аманов жазушының өмірі мен шығармашылығының құндылығына тоқталды. Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің жетекшісі Зада Есмағамбетова «Соңғы парызда» бірінші қатарға адамгершілік пен қарама-қайшылық, адам мен табиғат арасындағы байланыс бейнеленгені, бұл күнде «Соңғы парыз» классикалық шығармаға айналғаны жайында әңгімеледі.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің, Қазақ гуманитарлық және техникалық колледжінің студенттері «Соңғы парыз» романына қатысты сұрақтар бойынша роман толығымен талданып, мазмұны терең ашылып, оқырмандар күрделі образға кіріп, салмақты пікірлер айтты.

Осы іс-шараға арналып кітапхана фойесінде «Әдебиет әлемінің абызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

М.МЕРЕЙ.


ҚОҒАМ 23 қазан 2014 г. 2 969 0