БІЛІМ БЕРУ НЕСИЕСІ ҚАЙТАРЫЛУҒА ЖАТАДЫ

Елбасының Қазақстан халқына арнаған 2005 жылғы «Қазақстан жеделдетілген экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыру жолында» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2005 жылғы 1 қыркүйектен мемлекеттік білім беру кредиті бойынша білім алып келген студенттердің барлығы мемлекеттік білім беру гранттарына ауыстырылды. Ал осы Мемлекеттік несие бағдарламасының ерекшелігі неде? Маңызды мәселе несие қалай, қашан өтелуі тиіс? Біз осы сауалдарға жауап алу үшін өкілетті орган – "Қаржы орталығы” АҚ вице президенті Жанар Тастанбаеваға өтініш білдірген едік.

– Қазақстан Республикасында 1999-2005 жылдар аралығында отандық білімнің қолжетімділігін арттыруға елеулі үлес қосқан жоғары оқу орындарында кадр­лар даярлауды мемлекеттік білім несиесі бағдарламасы жұмыс істеді, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Бағдарлама қолданыста болған жылдары 60 мыңға жуық студент жалпы есеппен 15 млрд. теңгеден астам сомаға кредитке жүгінді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Қаржы орталығы» АҚ кредиттік қаражатты есепке алу және оны қайтару бойынша сенім білдірілген өкіл болып белгіленді. Өз кезегінде мемлекеттік білім беру кредитін беру бағдарламасының әкімшісі болып табылатын Қазақстан Ресспубликасы Білім және ғылым министрлігі қаражаттың мақсатқа сай пайдаланылуын және республика бюджетіне қайтарылуын бақылауды жүзеге асырады.

Кредиттер конкурстық негізде талапкерлердің кешенді тестілеу нәтижелері бойынша берілді. Үшжақты кредиттік келісім жасасу, Қазақстан Республикасының тұрақты табыс көзі бар, еңбекке жарамды азаматының немесе заңды тұлғасының кепілгерлігін ұсыну қосымша шарт болып табылады. Белгілі бір санаттағы қарыз алушыларға (жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар) бұл кредиттер кепілгерсіз берілді.

Мемлекеттік білім беру кредиті – білім алушыларға кәсіптік білім алуға ақы төлеу үшін 15 жылға дейінгі мерзімге ұсынылатын мақсатты кредит. Мемлекеттік студенттік кредит – білім алушыларға тамақтану, тұру және оқу әдебиетін сатып алуға шығыстарды ішінара өтеу үшін 10 жылға дейінгі мерзімге берілетін мақсатты кредит.

Кредиттердің пайызсыз және кепілзатсыз берілуі бұл бағдарламаның маңызды факторы болып табылады.

Осы ретте, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 18 ақпандағы халыққа Жолдауын іске асыру мақсатында кредиттік оқу нысанынан мемлекеттік білім грантына ауыстырылуына байланысты қарыз алған студенттердің басым көпшілігі мемлекеттік білім беру және студенттік кредиттерді өтеуге қатысты дұрыс ақпарат алмаған болулары керек. Мұнда студенттің кредиттік оқу нысанынан грантқа ауыстырылуы қарызгердің 2005 жылғы 1 қыркүйекке дейін алған қарыздарын қайтару міндеттемесінен босатпайды, сондықтан қарызгер грантқа ауыстырылғанға дейін оны оқытуға жұмсалған кредит сомасын өтеуге міндетті.

Сондай-ақ, қарызгердің кредитті өтеуі кредит беру мерзімінің соңында емес, ең кеш дегенде оқу бітіргеннен кейін алты айдан соң, кредитті өтеу кестесі (оқу бітіргенде беріледі) бойынша басталатындығын білген жөн. Сондықтан, қарыз алушының мерзімі өткен борышы бар болса, «Қаржы орталығы» АҚ мұндай студенттерді алдымен кредиттік борышының бар екендігі туралы ескертеді, ал егер олар өз еркімен қарыздарын өтемесе, оларға сот арқылы өндіріп алуға дейін баратын талап қойылады.

– Қазір бұрынғы несие алған студенттердің берешектерін өтеуді ұмыт қалдырғанынан да хабардармыз. Осы орайда толық ақпаратты қайдан алуға болады?

Кредитті өтеу бойынша өз міндеттерін өз еркімен орын­дамаған борышкерлерге қатысты берілген кредиттерді қайтару сот тәртібімен жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда төлемдерді кешіктіргені үшін тұрақсыздық айыппұлы мен басқа да шаралар негізгі қарызбен бірге төлеуге ұсынылады. Егер негізгі қарыз алушы студент борышын өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде өтемейтін болса, қаржы орталығы кредит бойынша қарызды борышкердің кепіл берушісінен өндіріп алу шараларын қолданады.

Толығырақ ақпаратты төмендегі байланыс тетіктері арқылы «Қаржы орталығы» АҚ-нан білуге болады: 010000, Астана қ., Орынбор к., 18, тел/факс: 8 (800) 080 28 28 (хабарласу тегін); 8 (7172) 695-054, 695-056, 695-038, 448-864, 448-948, 448-949 ресми сайты: www.fincenter.kz, электрондық пошта мекенжайы: fincenter@fincenter.kz.

Сондай-ақ, мемлекеттік білім беру және студенттік кредиттердің өтелу тәртібі туралы ақпарат қарызгер студенттерді хабардар ету үшін өз уақытында республиканың барлық ЖОО-ларына жіберілген­ді­гін, сонымен бірге бұл ақпараттың республикалық маңызы бар бұқа­ралық ақпарат құралдарында әлсін-әлсін басылып тұрғанын және «Қар­жы орталығы» АҚ сайтында ор­наластырылғанын ескерткіміз келеді.

Әңгімелескен Ж.ӘЛМАХАН.


ҚОҒАМ 11 қазан 2014 г. 1 279 0