Мүмкіндікті шектемейтін қоғам қалыптастыру маңызды міндет

Әрбір адам ес білген уақытынан бастап алдына мақсаттар қойып, өзінің жүрек қалауымен тіршілік жасай бастайтыны өмір заңы. Бірақ барлығы біз ойлағандай бола бермейтіні тағы бар. Тағдырының бір ауыртпашылығын көтеріп жүрген сондай жандардың бірі – мүгедектер. Мүгедектердің мүмкіндігі шектеулі дегенмен де, негізі адам баласының мүмкіндігінде шек жоқ деп ойлаймын. Әрбір адамның бір кәсіпке ыңғайы болатыны сияқты, адамның бір мүшесі толыққанды жұмыс жасау қабілетінен айрылар, бірақ мұнымен оның мүмкіндігі шектеліп қалмайды. Ойы озық, көкірегі ашық адамның, әсіресе бүгінгі технологияның дамыған заманында алдына қаншама мүмкіндіктер ашылуда.

Бүгінгі күні мүгедектердің жай-күйін жақсарту үшін барлық жағдай жасалуда, Елбасының өзі мүгедектерге айрықша көңіл бөліп, олардың мәселесін шешу жолдарын ұсынып, барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктеді.

Биыл да «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады» деп баса айтып көрсетті.

Бүгінгі күні облыс бойынша мүгедектер саны – 26317, оның ішінде I топтағы – 2502, II топтағы – 10916, III топтағы – 9035, өкінішке орай 3864 мүгедек 18 жасқа дейінгі балалардың үлесінде болып отыр. Түрлі келеңсіз жағдайлар, айтып келмейтін апаттар осындай көрсеткіштерге соқтырып отыр.

Көбі адамдардың салғырттығынан, қауіпсіздік ережелерді сақтамауынан, көлік оқиғаларынан болып жататыны тағы да өкінішті.

Ең басты құндылық – адам екенін назардан шығармайтын біздің елімізде қоғамның барлық әлеуметтік топтарына лайықты қамқорлық көрсетілуде.

Соның дәлелі, 2012 жылы қала маңындағы Талсуат елді мекенінде мүгедектерді оңалту орталығы ашылды. Іші – кең, жарық, қыста – жылы, жазда – салқын, адамның өмір сүруге деген құлшынысын арттыратын мекеме 150 адамға заман талабына сай қызмет көрсетіп келеді. Қаншама жан осы жерден тиісті ем-домын алып, іштерінде тіптен балдақпен келіп, өз аяғымен жүріп кетіп жатқандарын да көріп жүрміз.

Аталған оңалту орталығына орналасу мүгедек жандарға айтарлықтай қиындық тудырмайды. Ол үшін І, ІІ топ мүгедектері облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің медициналық-сараптама бөлімдерінен мүгедектің жеке оңалту бағдарламасын алып, тұрғылықты жері бойынша қалалық немесе аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне құжаттарын тапсыру арқылы, кезек реттілігімен орталыққа орналаса алады.

Мұнымен шектелмей, мүгедектер тегін сурдо-тифлотехникалық, жүріп-тұру, протезді-ортопедиялық құралдарымен қамтамасыз етілуде.

Жыл сайын шипажайларға, сауықтыру орындарына барып демалып, ем қабылдап жатыр.

Бірқатар мүгедектерге және үйде қызмет көрсетілетін мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

Осы жерде Президентіміздің «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» деген сөзі қамкөңіл жандардың жүректеріне бір жылылық ұялатқаны белгілі. Соның дәлелі, бүгінгі таңға аймағымызда 374 мүгедектің тұрақты жұмыспен қамтылғаны көңіл қуантады.

Облыс, аудан, әрбір ауыл әкімдеріне мүгедек жандар қатарынан кеңесшілер тағайындалды. Бұл мүгедек жандардың мәселесінің билік басында отырған азаматтардың қашанда назарында болуына жол ашып, бұрын-соңды қоғамда болмаған жаңалықтардың біріне айналды. Әрбір мекеме, кәсіпорындарға мүгедек жандар қызметке жеке оңалту бағдарламасын тапсыру арқылы емін-еркін қабылдана бастады.

Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігімен 2013 жылы бекітілген «Қызылорда облысында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасына» өзгерістер енгізіліп, облысымыздың барлық саласы бойынша мүгедектер үшін тең мүмкіндіктер жасау, қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолжетімділікті қамтамасыз ету іс-шаралары толығымен қамтылды. Жалпы «Жол картасын» іске асыруға 7,6 млрд. теңге қаралып отыр.

«Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек. Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырамын. Мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдірген жөн. Үкіметтен бастап жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың олармен жұмысын күшейткен маңызды. Кедейлік деңгейін одан әрі төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеген жөн. Бұл ретте масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу маңызды». Елбасының осы сөзімен артық қандай қамқорлық қажет?!

Күз мезгілінің алғашқы айына сәйкес келетін мүгедектер күні қарсаңында облысымызда мүгедек жандарға жасалып жатқан жағдайларды, атқарылып жатқан шараларды баяндау, ризашылығымды білдіруді жөн көрдім. Алдағы уақытта да игілікті істердің жалғаса беретініне сенімдімін.

Н.ЕРМАНОВ,

облыс әкімінің кеңесшісі, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты.
ҚОҒАМ 09 қазан 2014 г. 965 0