Жемқорлыққа жол берілмейді

Қазір ел алдында тұрған өзекті мәселенің бірі –мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық экономикалық заңдардың іс-әрекеттерін төмендетеді және әлемдік қауымдастықтың алдында елдің беделін түсіреді, тиімді шетел инвестициясы жолында басты кедергі болып табылады. Адал, әлеуметтік бағытталған бизнес нарықтан ысырылады, мұндай бизнесті тиімсіз етеді және экономиканың дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан сыбайлас жемқорлық мәселесі мемлекет пен қоғамның бүкіл саласына қатысты сипат алып, бұрынғыдан бетер өзектілене түсуде. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресті дамыту жолындағы жеті басымдылықтың бірі санап негізгі қағидаларын анықтап берді.

Жемқорлыққа қарсы күрес – салық қызметі жұмысының ең басты мәселелерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңдағы міндетіміз – сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою. Осыған байланысты ҚР ҚМ Салық комитеті төрағасының бұйрығымен «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салық бағдарламасын орындау туралы іс-шара жоспары қабылданған.

Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасында тиісті құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп заң бұзушылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу бағытында өз құзыреттері шегінде бірқатар шараларды жүзеге асыруда.

Жемқорлықты жоюдың негізгі шарттарының бірі – салықтық қызмет көрсету сапасын арттыру, салық төлеушілермен тікелей кездесуді азайтып, салық есептіліктерін электрондық түрде тапсыруға көшіру болып табылады.

Бүгінгі таңда барлық қажетті қорымен қамтамасыз етілген салық төлеушілерге қызмет көрсету орталықтары қызмет көрсетеді.

Салық есептіліктері мен декларацияларын тапсыру негізінен электронды түрде орындалуда. Салық төлеушілерінің 92 %-ы арнайы СОНО бағдарламасы бойынша салық есептерін өз кабинетінен шықпай тапсыра алды. Бұл жүйе салық органдарындағы кездесетін заң бұзушылықтардың, оның ішінде сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу негізі. Себебі салық төлеушілерге көрсететін қызметтер электронды түрде орындалып, салық төлеушілердің салық органдары қызметкерлерімен жеке байланысы болмайды. Барлық салық органдарында салық төлеушілерге жағдай жасау мақсатымен арнайы «Терминал» бөлімдері жұмыс жасау­да.

Сонымен қатар, салық органдары қызметкерлері мен салық төлеушілердің жеке байланысын болдырмау мақсатында, салықтық әкімшілендіру мен бақылаудың бірнеше процестері автоматты тәртіпке көшірілуде.

Бүгінгі күні көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізіміне салықтық қызметтердің 32 түрі енгізілген. Соның ішінде 23-н немесе 70% электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Салық төлеушілердің жиі қолданатын салықтық қызметтер түрі салықтық есеп қабылдау, салық берешегі бойынша анықтама беру және патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге патент беру болып отыр.

Осыған байланысты, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және патент беру, салықтық резиденттікті растау, салық есептіліктерін уақытша тоқтата тұру, уақытын ұзарту, кері қайтарып алу бойынша салықтық қызметтер түрін электронды түрде жүргізу мүмкіндіктері жасалды.

Салықтық қатынастағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерді болдырмау, алдын алу мақсатында Салық комитетінің web-сайтында «Электронды шағым кітабы» ашылып, салық төлеушіге электронды пошта арқылы арақашықтықтан салық қызметі органдарының лауазымды тұлғаларыныңәрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану және оларды жою бойынша шұғыл түрде шаралар қабылдап, тиісінше арызданушының қаралу нәтижесі туралы ақпаратты алуға мүмкіншілік жасалады.

Бүгінгі таңда Дүниежүзілік Банк пен Салық комитеті арасында салықтық әкімшілендіруді реформалау бағытында біріккен жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның мақсаты – жемқорлық әлеуетін азайту.

Бұл жобаның неғұрлым маңызды іс-шарасының бірі, азаматтардың жаппай декларациялау кезеңіне өту және салық органдарында «Ақпараттарды өңдеу орталықтарын» құру болып табылады.

Үстіміздегі жылы Салық кодексіне қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің жекеленген санаттарына салықтық тексеру жүргізбестен, камералдық бақылау нәтижесінің қорытындысы негізінде таратылудың оңайлатылған тәртібі қарастырылған өзгерістер енгізілді.

Бұнымен қоса, электронды шот-фактуралар енгізілетін болады. Қазіргі танда электронды түрде жазылатын құжат алмасу мен шот-фактура нысандарының тәртібі бекітілген. Ол өз кезегінде салық төлеушілердің тек уақытын ғана емес, сонымен қатар қаржысын да үнемдеуге мүмкіндік жасайды.

Салық органдарымен өткізілген сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде, облыстық және қалалық басылым беттерінде мақалалар мен хабарламалар насихатталды және жергілікті радио, телеарналарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған сұхбат берілді.

Қ.Әбдіреев,

Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасы басшысының орынбасары.

ҚОҒАМ 07 қазан 2014 г. 817 0