БІЛІМНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Ел ертеңі болатын бүгінгі ұрпақтың білімді де тәрбиелі азамат болып ержетуіне бірден-бірүлес қосатын тұлға – ұстаз. Сондықтан да оларға зор жауапкершілік пен міндет жүктелген. Сол міндетті орындау жолында ұстаздар қауымының уақытпен санаспай, өлшеусіз еңбек етіп келе жатқаны аян. Елбасының өзі де "Тәуелсіздік туы – білімді ұрпақ қолында” деп атап көрсеткен болатын-ды. Мұның өзі елдің жарқын болашағын қалыптастыру жолында ұстаздар қауымына сеніммен артылған міндет саналады. Бүгінгі ұстаз сол сенім үдесінен шығу жолында ізденіспен тер төгіп келеді. Олардың қатарында Қызылорда қалалық білімбөліміне қарасты 58 мектептің ұстаздар қауымы да бар.

Қала мектептерінде 5196 мұғалім жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Олардың қатарында өнегелі ісімен елге танылып, ізденісімен талайды тамсандырып жүрген тәжірибелі ұстаздар жетерлік. Тағы бір қуанарлығы, олардың қатары уақыт өткен сайын жаңа есімдермен толығуда. Жылма-жыл ұстаздардың кәсіби шеберлігін анықтау мақса­тында әр түрлі байқау, сайыстар өткізіліп тұрады. Биылғы оқу жылында ізденісі жемісін беріп, кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп жүрген ұстаздарымыз қала, облыс, одан қалды республика жұртшылығына белгілі болды.

Ұстаздар мәртебесін арттыру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында түрлі жұмыстар жасалуда. Соның бірі – облыс әкімінің шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтарға тағайындаған 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақысы.

2013-2014 жаңа оқу жылының қарсаңында облыс әкімінің осы сыйақысына ұсынылған мұғалімдердің 16-сы миллионер атанып, ақшалай сыйақымен марапатталса, 2014-2015 оқу жылында «Мұрагер», №23, №3 мектеп-лицей, №7, №4, №140, №9 мектеп-гимназия, №173, №235, №268 мектебінен 11 мұғалім миллионер атанып, беделі өсіп, мерейі асқақтады.

Ал, республикалық «Үздік педагог» конкурсына қатысқан қалалық білім бөліміне қарасты білім ұйымдарының мұғалімдері 3 жыл қатарынан жүлдегер атанды, соның ішінде 2 жыл қатарынан №3 мектеп-лицей мұғалімдері республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы болды. Олар Қазына Есмамбетова мен Меруерт Әбдіхалықова.

Ал биыл республикалық «Үздік педагог - 2014» конкурсында №222 мектептің математика пәнінің мұғалімі Зейнегүл Серікбаева жеңімпаз болып танылып, Ұстаздар күні мерекесінің құрметті қонағы ретінде Астанаға шақырылды.

Қала балабақшаларындағы бүл­дір­­­шіндердің тәрбиесіне де ұстаз­дардың атсалысатыны мәлім. Осы орайда қаладағы балғын­дар мекені саналатын "Алпамыс” балабақшасының табысын айта кеткенді жөн санадық. Республикалық «Үздік жыл әдіскері» байқауының облыстық кезеңінен осы балабақша әдіскері Нұргүл Сақтанова облыс бойынша «Үздік әдіскер» атағына ие болды. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен «Ата-аналардың консультативті пункті» атты сырттай байқауға қатысқан «Алпамыс» балабақшасы бас жүлдені иеленді.

Осы жылы облыстық олимпиададан 18 оқушы жүлделі орын иеленсе, республикалық кезеңде 3 оқушы, атап айтқанда, «Мұрагер» мектебінен Елжан Жүніс география пәні бойынша, Дана Өсерхан және №3 мектеп-лицей оқушысы Айза Әбләкім қазақ тілінен ІІІ орын иеленді.

Сондай-ақ, өткен оқу жылында республикалық ғылыми жобалар конкурсынан №3 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушылары Жанерке Қожаберген, Тілек Жұмабек жүлделі ІІ, ІІІ орын иеленіп, қола, күміс медальмен марапатталды. 3 оқушы халықаралық ғылыми жобалардан жүлделі орын алып, жоғары оқу орындарына арнайы бөлінген мемлекеттік грантты иеленді. Осының бәрі де оларды білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздардың төгілген маңдай тері мен үздіксіз ізденісінің нәтижесі.

Әр ұстаз мектеп оқушыларының білімді әрі рухани қалыптасуына шынайы құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне, әр тұлғаның ұят, ар, намыс негіздерін сақтауына көмектесуді өздерінің басты парызы санаса және осы бағытта жұмыс жүргізе білсе, ел болашағы жарқын болары сөзсіз. Біздің қалалық білім бөліміне қарасты мектеп ұжымдарындағы білікті де білімді ұстаздар қауымы осы деңгейде жұмыс жүргізуде деп анық айтуға болады.

МаратАРАЛБАЕВ,

Қызылорда қалалық білім бөлімінің меңгерушісі.

ҚОҒАМ 07 қазан 2014 г. 1 144 0