Жуырда Қызылорда қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі базасында «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыру» тақырыбында республикалық семинар өтті.
«Техникалық және кәсіптік білімді дамыту және біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты техникалық және кәсіптік білім берудің сапасын, тиімділігін және өзектілігін арттыруға ықпал ету болып табылады. Семинарға аталған республикалық орталықтың қызметкерлері мен облыстағы колледж басшылары, оқу бөлімінің меңгерушілері, әдіскерлер, оқытушылар және өндіріс шеберлері қатысты. Шара үш бөлімнен тұрды. Атап айтқанда, бірінші бөлімде қатысушылар үлгілік оқу жоспары моделінің негізінде оқытудың толық мерзіміне оқу жоспарын әзірлесе, екіншісінде техникалық және кәсіптік білім берудегі дуалдық оқыту жүйесінің мәні түсіндірілді, ал соңғы бөлімде кәсіптік дайындық деңгейін бағалау жүйесін жетілдіру бағытында жұмыстар жасалды. Сондай-ақ, семинар барысында аталған тақырыпқа қатысты бірқатар баяндамалар оқылып, талқыланды. Соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді.
Рая МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі, қазақ тілі мен педагогика пәндер бірлестігінің жетекшісі.