ОРТАЛЫҚ ТАЯУДА ТОЛЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы ірі әрі жаңа емдеу ұйымы – «Ана мен бала орталығында» бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Онда орталық директоры Ләйлә Құлтаева емдеу мекемесінің жағдайымен, атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. 
Орталықтың құрылысы 2009 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында басталып, ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға берілген болатын. 200 төсек орынға арналған ор­талықтың күндізгі  ауруханасы мен кеңес беру-диагностикалық бөлімі жұмыс істеп тұр.
Күндізгі аурухана 20 төсекке арнал­ған. Мұнда емделушілер екі сағаттан сегіз сағатқа дейін болып, қажетті ем-домдарын ала алады. Науқастарға бұл жерде терапевт, акушер-гинеколог және өзге де мамандар көмек көрсетеді.   Кең әрі жарық палаталар емделушілерге қолайлы жағдай тудыруда. Оның үстіне барлық ем-домдары ақысыз, дәрі-дәр­мектері тегін. Орталық қызметіне ем алушылар дән риза. Мәселен, біз тіл­дес­кен 38 жастағы қала тұрғыны Гүлжауһар Дәрібаева  күндізгі ауруханадан қажетті емдерін толық алып жатқанын айтады.
– «Ана мен бала орталығында» ем алып жатқаныма төрт күн бол­ды. Аурухананың іші заманауи жабдық­тал­ған, тап-таза. Кең әрі жарық бөлмелер адамды жақсы көңіл күйге бөлейді. Емі тегін, қажетті дәрі-дәрмектің барлығы осы жерден табылып жатыр. Оның үстіне қалаған уақытымызда келіп, емімізді алып болған соң қалаған уақытымызда үйімізге қайтамыз. Яғни,  науқастар үшін өте ыңғайлы. Дәрігерлердің жы­лы сөзі де жанға қуат береді. Облыс орталығынан осындай заманауи емдеу орнының бой көтеріп, сырбойылықтар денсаулығын қорғауға қызмет етіп жат­­қанына қуаныштымын. Бұл үшін аймақ басшысына алғысым шексіз. Бұл орталық келешекте облыстың мақта­нышы, абыройын асыратын бірден-бір емдеу ұйымы болады деп сенемін,– деп Гүлжауһар ағынан жарылды.
Кеңес беру-диагностикалық бөлімі­нің де маңызы зор. Бұл жерде бүкіл ау­дандардан келген науқастарға көмек көрсетіледі. Мұнда отбасы жоспарлау кабинеті, жас аналар мектебі, шағын ота жасау бөлмесі, оқу орталығы бар. Жалпы орталық төрт негізгі бөлімнен тұрады. Акушер-гинекология бөлімі, босану бөлімі, жаңа туылған балалар бөлімі және жүкті әйелдер патологиясы бөлімі. Бұларда 12 туу бөлмесі,24 тө­сектік нәрестені қарқынды емдеу және жансақтау бөлімі және 26 орындық нә­рестелер патологиясы бөлімі бар. Онда 500 грамдық нәрестеден бастап  барлық туылған сәбилерге медициналық көмек көрсетіледі. Төрт ота жасау бөлімі, ересектерге арналған реанимация және қарқынды емдеу бөлімі де жұмыс жасайды.
Директор Ләйлә Құлтаева­ның айту­ынша, орталық  бүгінгі таңда аймақта ана мен балаға медициналық көмек көрсететін үлкен үйлестіруші орын болып табылады. Бұл жерге қауіптілігі жоғары әйелдер тасымалданады. Со­ны­­мен бірге, ауылдық жерлерде босан­ған, ауыр жағдайда жатқан әйелдер сан­авиация арқылы әкелініп, оларға көмек көрсетіледі және шалғайдан келген әйелдерге кеңес беріліп, олардың ем алуына жағдай жасалған. Сегіз айдың өзінде 117 балаға көмек көрсетілген.
– Болашақта орталықта генетикалық, экстрокорпоралды ұрықтандыру орта­лы­ғын және ауылдардан келген ау­ыр жағдайдағы әйелдерге көмек көрсе­тетін реабилитация орталығын ашу жоспарлануда. Бұл орталықтың құрылысы 2009 жылы  басталып, биыл ғана ашылғанын білесіздер. Қазіргі кезде күндізгі бөлім мен кеңес беру-диагностикалық орталығы жұмыс істеп тұр, қалған бөлімдерде жаңа құрылғылар кезең-кезеңімен іске қосылып  жатыр. Кеңес беру-диагностикалық бөлімінің жұмысы ерекше. Мұнда келушілерге мамандандырылған көмек көрсетіледі. Мәселен, жатыр мойны патологиясын, бедеулікті емдейміз және шағын оталар жасалады. Қазіргі таңда орталықтың бас­қа бөлімшелерінде үлкен құрылғылар ор­натылып жатыр. Оларды басқа қа­ла­лардан келген мамандар қосып, біз­дің дәрігерлерге көрсетіп беріп, ма­мандарымызды оқытуда. Бүгінде 135 әр түрлі бірлік  медициналық құ­рылғыларды қабылдадық. Қалған жабдықтар алдағы екі аптаның ішінде құ­ры­лып болады деп отырмыз. Яғни, орталық екі аптадан соң толығымен іске қосылады,– дейді Ләйлә Айтбайқызы.
 
Айнұр БАТТАЛОВА.
ҚОҒАМ 02 қазан 2014 г. 841 0