ҚОҒАМНЫҢ ШЫНАЙЫ КӨРІНІСІ

«Статистика – ғылымның ең нақтысы» – деп бағалаған екен ағылшындық ғалым. Бүгінде бұл сөзді естімедім деушілер сирек дегенмен, оны тізілген сандар тізбесі деп түсінетіндер де аз емес. Ондай адамдар сандық көрсеткіштердің мағынасын жетік білмейтіндер әрі жетістіктер мен кемшіліктерді байыпты саралай алмайтындар секілді.
2011 жылы Елбасы Жарлығымен «Статистика күні» ресми түрде Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге мерекелер тізіміне енгізіліп, былтыр 8 қарашада алғаш рет аталып өтті. Осы айтулы мерекеге орай газет тілшісі облыстық статистика департаментінің басшысы Бақыт Сапарға жолығып, әңгімелескен еді.
– Бақыт Иниятұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған саланың шығу тарихына тоқталып өтсеңіз?
– Статистика ұғымы ғылыми әдебиетке ХVІІІ ғасырда енгенімен, алғашында мемлекеттану мағынасында қолданылған. Алайда, статистика ғылымы ХVІІ ғасырдың орта шенінде «саяси арифметика» нысанында дами бастаған. Ғылымдағы бұл бағыттың бастауында ағылшын ғалымы Уильям Петтидің үлесі мол болған.
Қазіргі күні кез келген елде статистика қызметі қажетті сұранысқа ие болып, өзінің беделін арттырып отыр. Аталмыш жүйеде статистика жөніндегі агенттік жетекші рөл атқарады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі нарық заманында қай мекеме болмасын, біздің мәліметімізге жүгінеді.
Иә, Қазақстан статистикасының тамыры тым тереңде жатыр. Қазақ хандығы алғаш құрылғанда Шу мен Талас өзендерінің аңғарындағы халықтың саны 200 мың адамды құраған болса, ХV ғасырдың аяғында бір миллион адамға жеткендігі туралы мәліметтердің тарихи дәлелдері бар. Алайда, қазіргі Қазақстан аумағында статистикалық қызметтің пайда болуы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы, яғни Ресей империясының құрамына кірген кезеңіне жатады. Мысалы, жалпыға бірдей бірінші халық санағы 1897 жылы 9 ақпанда жүргізілген.
Қазақстандағы бірінші ресми мемлекеттік орган – 1868 жылы 22 қаңтарда құрылған Түркістан губерниялық статкомитеті саналса, оған қарасты Сырдария және Жетісу облыстарының статбюролары болды. Десек те, 1920 жылға дейін жоғарыда аталғандардан басқа біртұтас статистикалық орган болған жоқ. Тек сол жылғы 8-ші қарашадағы Қазақ АССР Үкіметінің қаулысымен мемлекеттік статистика туралы ереже бекітіліп, статистикалық басқарма құрылды. Міне, сол кезеңнен біздің саланың қызметі ресми бастау алған, яғни биыл 93 жыл болып отыр.
– Енді сала қызметіне тоқталсаңыз?
– Экономиканың жаһандануы ресми статистикаға өскелең ықпал етуде. Мемлекеттік билік органдары мен кәсіпкерлердің, іскер орта мен жұртшылық сұранысының өсуі саланы жүйелі реформалауды қажет етті. БҰҰ-ның статистикалық комиссиясы қабылдаған ресми статистиканың негізін қалаушы принциптері, халықаралық статистикалық сыныптамалар жүйесі және басқалар аса маңызды стандарттар болып табылады.
Біздің департамент пайдаланушылардың статистикалық ақпараттарға деген қызығушылығын қанағаттандыру мақсатында тарату нысандарын үнемі жетілдіре отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы объективті және сапалы ақпаратты мерзімінде ұсынуға ұмтылады. Қазіргі таңда заманауи техника мүмкіндіктері жетік пайдаланыла отырып, тұтынушылармен тығыз қарым-қатынас орнатылды. Атқарылған жұмыстарды насихаттауда департаменттің веб-сайты маңызды рөл атқаруда. Ол статистикалық деректерді таратудың негізгі арнасы ғана емес, сондай-ақ келушілерге облыстың статистикасын ұсынып, интернет жүйесіне қызығушылық танытушы барлық пайдаланушыларды көкейкесті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жұртшылықтың назарын соңғы кезде қолданысқа енгізілген қос жаңа жүйеге аударғым келеді. Оның алғашқысы – «Оnlіne режимінде деректерді жинау» ақпараттық жүйесі. Ол респонденттерге статистикалық нысандар бланкілерін Интернет арқылы агенттіктің сайтында сандық қолтаңбаны қолдана отырып толтыруға мүмкіндік берді. Бұл ақпараттық жүйеге барлық 140 нысанды енгізуді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ал «Талдау» ақпараттық жүйесі пайдаланушыларға ыңғайлы форматта, ақысыз, кез келген уақытта және екі тілде деректердің үлкен көлемін тез арада талдауға мүмкіншілік беруде. Бүгінгі күні жүйеге 2000 статистикалық көрсеткіш енгізілген. «Талдау» – Интернетке қолы жететін пайдаланушы үшін статистикамен жұмыс істеудің өте қолайлы құралы. Қазіргі таңда «Жеке кабинет», «Аналитика» және «Автоматтандырылған жаңалықтар» модульдерін, сонымен қатар, статистикалық көрсеткіштерді қолданысқа енгізу жұмыстары аяқталуда. Сондай-ақ «Бір терезе» қызметі аясында респонденттермен жұмыстар оң шешімін тапқан. Жыл басынан бері олардан басқарма мамандары жүз мыңнан астам бастапқы есептіліктер қабылдады. Егер есептіліктерді тапсыру тәртібін бұзушылар болса, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа ауыл шаруашылығы тіркелімі бойынша былтырғы жылдың екінші жартысынан бастап «Е-статистика» жобасы аясында әр шаруашылық кітабын электрондық түрде жүргізу үшін бағдарламалық қамтамасыз ету іске асырылды.
Қазіргі уақытта агенттік пайдаланушыларды сапалы ақпараттармен қамтамасыз етуге және халықаралық әдіснама мен үздік тәжірибеге сәйкес барлық жүйенің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін Дүниежүзілік Банкпен арнайы жоба шеңберінде 2012-2016 жылдарға арналған Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесін нығайту бойынша жобаны іске асыруды бастады.
– Сапа менеджменті туралы не айтасыз?
– 2006 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Үкіметке мемлекеттік қызмет көрсетуде жоғары сапаға жету үшін барлық мемлекеттік органдарда салалық стандарттарды әзірлеп, енгізуді тапсырған болатын. Сапа менеджменті жүйесінің басты мақсаты – қызметті ұсыну барысында тек бақылау ғана емес, ақаулы өнімге алып келетін қателіктерді болдырмау, статистикалық өндірісті жақсарту және пайдаланушылардың қанағаттанушылығын көтеру.
Алдыңғы жылдың аяғында агенттіктің сапа менеджменті жүйесі әлемнің 70-тен астам елінде танылған «ТЮФ Интернациональ» халықаралық аудиторларының бағалауы бойынша ІSО 9001:2008 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес деп танылды.
Сөйтіп біздің департамент 2012 жылдың желтоқсан айында сапа менеджменті жүйесін енгізіп, ұлттық стандарттарға сай келетін ИСО 9001-2009 «Сапа менеджмент жүйесі. Талаптар» сертификатына ие болды.
– Бақыт Иниятұлы, сала үздіктері мен еңбек ардагерлеріне көрсетілер құрмет жөнінде білсек деп едік?
– Былтырдан бастап «Статистика үздігі» атағы бекітілген болатын. Өз ісінің білгірі саналатын он шақты қызметкер осы атаққа ие болды. Бұл аймақтың аталмыш саласында өз ісін жетік меңгерген мамандар қызмет етіп жүргенін байқатады. Осынша қызметкеріміз агенттіктің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Департамент жанынан Ардагерлер кеңесі құрылған. Жиырмадан астам зейнеткеріміз бар. Олар барлық салтанатты шараларға шақырылып, бағалы сыйлықтар табысталады. Жыл басы – әз-Наурыз бен қасиетті Құрбан айт мерекелерінде және Қарттар күнінде аз қамтамасыз етілген мұқтаж зейнеткерлерге азық-түлік кәрзеңкесі жөнелтіліп, материалдық көмек көрсетіліп отырады.
Сөз соңында айтарым, биылғы жыл елімізде Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 93 жыл толуымен ерекшеленеді. Осынша уақыт ішінде кәсіби мамандар қолымен қаншама ақпараттар мен көрсеткіштер дайындалып, жұртшылыққа жедел жетіп жатыр. Сондықтан статистика саласы бүгінгі күні қоғамның шынайы келбетін ашық көрсетіп отыр деп сеніммен айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

ҚОҒАМ 05 қараша 2013 г. 1 178 0