Қызылорда қалалық прокуратурасы өткен 9 айда қылмыстық ізге түсу органдарының экономикалық қылмыстарды анықтау бағытында жүргізген тексеру нәтижесінде жеке кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтірілгенін анықтады.
Мысалы, облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті биылғы 25 ақпанда қалалық салық басқармасынан қызметтік қажеттілікке байланысты деген сұраныспен «Хан-KZ Group» ЖШС кәсіпкер ретінде қашан тіркелгендігі, қандай салық режиміне сәйкес жұмыс атқаратындығы, қызмет түрлері, бюджетке қарызы бар-жоқтығы, 2010-2012 жылдар аралығында құжаттық салықтық тексеру жүргізілгендігі немесе жүргізілмегендігі жөнінде мәліметпен қоса, тиісті құжаттарының мекеме мөрімен куәландырылған көшірмелерін жолдау сұратылған. Сол айдың соңғы күнінде салық басқармасынан серіктестіктің 2006 жылы 4 қазанда заңды тұлға ретінде тіркелгені, жалпыға бірдей және тауарлардың кең түрімен сауда бойынша агенттердің қызметімен айналысатыны, 2013 жылғы 26 ақпанға дейін салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдерінің сомасы, 2010-2012 жылдар аралығында құжаттық салықтық тексеру жүргізілмегендігі жөнінде жазбаша мәлімет берілген.
Сонымен қатар, қаржы полициясының жазбаша хатына орай салық басқармасының 2013 жылғы 22 шілдедегі шығыс хатымен жеке кәсіпкер «Альшеров Бағдат Асановичтің» мекен-жайын, кәсіпкерлік түрін, табыс қаражатының сомасын жариялайтын жазбаша ақпарат берілген. Сол сияқты 29.04.2013 жылы жазбаша хатпен жол полициясы басқармасынан «Тепловик» ЖШС есебінен шыққан автокөліктердің кімнің атына тіркелгендігі жөнінде мәлімет пен тиісті құжаттардың көшірмелері сұратылып, кәсіпкерлік субъектілерінің құпиялылығын құрайтын мәліметтер прокурор санкциясынсыз алынған.
Осы тектес заң бұзушылықтар ішкі істер органдары тарапынан да орын алған. Атап айтқанда, Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы 13.03.2013 жылы жазбаша хатпен салық басқармасынан жеке кәсіпкер «ИП Базарбаев Б.» туралы мәлімет сұратқан. Сондай-ақ аталған басқарма Шымбай көшесі, №52 үйде орналасқан «Салтанат» дүкенінің иесі «ИП Оспанова Хадиша» туралы және жеке кәсіпкер «Ерманов Б.Ф.» туралы мәлімет сұраған.
Тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін шешу жөнінде және заң бұзушылықтарға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жойып, оларды алдағы уақытта болдырмау туралы облыстық қаржы полициясы, ішкі істер және салық департаменттеріне қалалық прокуратураның ұсынысы берілді. Қазіргі таңда бұл бағытта қала прокуратурасының жұмыстары жалғасуда.
Бек МҰСАБАЕВ,
Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, 2 сыныпты заңгер.