ЕРЕЖЕ БҰЗАТЫН ЕРКЕЛЕР ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ҚАТАРЫНДА КӨБЕЙІП ОТЫР

Облыс прокурорының орын­­басары Руслан Райханов­тың төрағалығымен өткен үй­­­лес­тіру кеңесінің кезекті оты­­­рысында уәкілетті ор­ган­дар­дың үстіміздегі жылы қо­ғам­да тәртіпсіздік пен құ­қық бұзушылыққа "мүлдем төз­беу­шілік” қағидасын және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамта­масыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға жүргізілген тексеру қорытындысы қаралды.

Облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық сала­дағы заңдылықты қадағалау бас­қармасының бөлім бастығы Нұр­болат Дүйсенбаевтың баян­дау­ынша, бұған дейін 2011-2013 жылдарға арналған құқық бұ­зушылықтардың алдын алу өңірлік бағдарламасын іс­ке асырудың сапасы мен то­лық­тығы тексерілген. Атап айт­қан­да, облыстық ішкі істер де­пар­таменті тарапынан екі "Ин­теллектуалды қиылыс” авто­мат­тандырылған ақпараттық-із­дестіру жүйелері сатып алынып, 2013 жылдың 23 желтоқсанында пайдалануға қабылданған. Бі­рақ оның тиісті сертификаты бол­маған. Сәйкестігі растаудан өтпегендіктен сол уақыттан би­ылғы 18 қаңтарға дейін жол-кө­лік оқиғаларын туындатып, құқық бұзушылық жасаған тұл­ғалар жауапқа тартылмай қал­ған. Прокурорлық ықпал ету актісі негізінде аталған жүйе­­ге биылғы 18 қаңтарда ти­іс­ті сертификаттар алынып, кі­нә­лі тұлғалар тәртіптік жау­ап­ты­лық­қа тартылыпты.

Өңіріміздің ортақ пайдалану орындарын ластау, қоғамдық орын­дарда алкогольдік ішім­дік­тер ішіп, тыныштықты бұзу, жол қозғалысы ережелерін сақ­тамау былтырғыдан өскен. Құ­қық бұзушылықтар бірінші ке­зекте мүдделі уәкілетті жә­не жергілікті атқарушы орган­дардың халық арасында алдын алу және құқықтық насихат жұ­мыстарын жүргізбеуден ту­ын­даса, уәкілетті органдар құ­қық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істерді сотқа жолдау барысында әрекетсіздік танытып, кінәлілердің жауапты­лықтан босатылу деректері орын алған. Қылмыстар мен құқық бұ­зушылықтардың басым бөлігі мас күйінде және түн мезгілінде жасалған.

Ішкі істер органдарының бас­тамасымен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар мен кә­сіпкерлер палатасы облыс­тық филиалы өкілдерінің қаты­суы­мен кәсіпкерлерге құқық­тық на­сихат немесе түсін­дір­ме жұ­мыстарын жүргізу мақ­са­тында қан­дай да бір іс-шара, яғ­ни кез­десу, семинар немесе ак­ция өт­кізілмеген.

Қазіргі таңда тұрғындардың үй жануарларын күтіп-ұстау талаптарын сақтамау деректері жиі орын алуда десек, кәмелетке толмағандардың қылмыс пен құ­қық бұзушылық оқиғалары алаңдаушылық туғызуда. Оған дәлел, 287 жасөспірім мен 308 қолайсыз отбасы ішкі істер ор­гандарына есепке алынса, он үш жасөспірім девиантты мінез-құ­лықты мектеп-интернатына жол­­даныпты. Бұлардың басым бө­­лігі Қызылорда қаласындағы мек­тептер мен колледж оқушы­лары.

Енді жол қозғалысы мәсе­лесіне келер болсақ, көлік құ­рал­дары негізінен облыс орта­лығына шоғырланғандықтан ел­ді мекендердегі мотоцикл жүр­гізушілердің қауіпсіздік ере­жесін сақтау жайы назардан тыс қалып келеді. Өйткені, алты ай­да аталған көлікпен бес жол оқи­ғасы орын алса, бір адам мерт болып, төрт адам жарақат алған.

Биылғы сегіз айда облыс бойынша жол-көлік оқиғалары 265-тен 233-ке кемігенімен, ке­рісінше Қызылорда қаласында 108-ден 120-ға, Қазалы мен Жа­лағаш аудандарында тиісінше 21-ден 26-ға және сегізден онға жеткен. Ал Арал мен Қазалыда қайтыс болғандар бір-біреуден болса, Шиелі ауданында екі есеге өскен. Сондай-ақ, ішкі іс­тер органдары қызметкерлері тарапынан да қозғалыс ережесін бұзушылар көптеп ұшырасуда. Айталық, жыл басынан бері де­партаменттің 74 қызметкері жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталған. Олар масаң күйде көлік басқарғаны көрінеу жал­ған нөмірі бар көлік құралын жүр­гізгені, алдыңғы терезелері қараңғыланған көлік құралын бас­қарғаны үшін әкімшілік жау­ап­тылыққа тартылған.

Сонымен қатар облыстық про­куратураның 17 тамыз күні жүргізген рейд барысында жол қозғалысы ережесін бұзған он бір автокөлік анықталған. Оның біреуі алдыңғы терезесі қа­раң­ғыланған болса, екеуі есептен шы­ғарылған мемлекеттік белгі­лерді таққан, ал сегізі кіруге тый­ым салынған жол белгісі та­лабын орындамаған.

Қызылорда қалалық проку­ра­ту­ра­сының биылғы 19 мамыр­дағы наразылығына облыстық іш­кі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасынан онда көр­сетілген қырық бір әкімшілік құқық бұзушылық істің өндіріс­тен қысқартылып, кінәлі тұл­ға­лардың жауаптылықтан боса­тыл­ғаны туралы жауап берілген. Алайда тексеріс кезінде аталған қырық бір тұлғаның 2012 жы­лы 12 қарашада ҚР Бас про­курорының бұйрығымен құ­рыл­­ған "Әкімшілік құқық бұ­­зу­шылықтар және оларды жа­­саған тұлғалар туралы орта­лық­тандырылған деректер банкінде” наразылықта көрсетілген әкім­шілік істер бойынша жауап­ты­лыққа тартылғаны ретінде есепте тұрғаны, яғни, оған ти­істі мәліметтер енгізілмегені анық­талған.

Бұдан басқа ішкі істер де­партаменті әкімшілік полиция басқармасының тіркеу-емтихан бөлімшесінде жүргізуші куәлігі­нің заңсыз берілу фактісі ұшы­рас­қан. Нақтылар болсақ, құқық бұзушы О.А.Сырдария аудандық сотының былтырғы оныншы қаң­тардағы қаулысымен кінә­лі деп танылып, төрт жыл мер­зімге көлік құралын басқару құ­қы­ғынан айырылған екен. Алайда аты-жөнін Балтабайұлы Ақан деп өзгерткен ол сол жылы 27 тамызда жеке куәлік алып, 12 қазанда аталған бөлімшеге жүр­гізуші куәлігін алу үшін қа­жетті құжаттар тапсырған. Ақы­рында оған12 желтоқсанда жүр­гізуші куәлігі берілген. Бірақ ол тапсырған құжаттар, оның ішін­де "Светофор” жүргізушілер даяр­лау мектебінің 5 сәуірде бер­ген куәлігі А.Балтабайұлы же­ке куәлік алғанға дейін беріл­гені анықталған.

Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысын қорытындылай ке­ле, облыс прокурорының орын­басары Руслан Райханов құ­қық бұзушылықты жария ете отырып, осал тұстарды анық­тау және оларды алдағы уақыт­та болдырмау мақсатында ат­қа­рылуға тиісті шараларды нақ­тылады.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


ҚОҒАМ 23 қыркүйек 2014 г. 891 0