« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде 1 қыркүйектен бастап мүлікті жария ету акциясы басталды. Қазірде республиканың бүкіл аумағында мүлікті жария етуге байланысты науқанның басталып, жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған комиссиялар осы шараға кірісіп кеткені белгілі. Осыған байланысты Қызылорда облыстық әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаеваға жұртшылықты қызықтырған мәселелерге байланысты сауалдар қойған едік.
– Балайым Туғанбайқызы, мүлікті жария ету акциясының көздеген мақсаты туралы айтып өтсеңіз...
– Жалпы, мүлікті жариялау дегеннің өзі әлемдік тәжірибеде жаңалық емес. Ол тәжірибеде бұрыннан бар. Осы кезге дейін Еуропаның бірқатар елдері, мұндай акцияны бірнеше рет өткізіп те үлгерді. Мүлікті жария етуде Қазақстанның да өз тәжірибесі бар. Бізде ол бұл кезге дейін екі рет жасалған. Айталық, 2001 жылы ақшаны жария ету жүргізілсе, 2006-2007 жылдары ақшамен бірге жылжымайтын мүліктерді жария ету жұмыстары жүргізілген болатын. Осылайша, еліміз жария ету науқанының үшінші кезеңін өткізуді қолға алып отыр.
Мүлікті жария ету дегеніміз – табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиесілі емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандық экономиканың 19,5-20 пайызы көлеңкедегі айналымда жүр. Бұл шағын бизнестен бастап, ірі кәсіпкерлерге дейінгі аралықтың бәрін қамтиды. Сондықтан да, қаржы мен мүлікті жария етудің бірден-бір мақсаты – «көлеңкелі» экономикадағы қаражатты жарыққа шығарып, экономиканың заңды жолына тарту.
– Ал енді жария етуге жататын дүниелерге не кіреді, сонымен қатар істі неден бастаған дұрыс, соған тоқталып кетсеңіз...
– 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген «Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес – ақша; бағалы қағаздар; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; тиесілі емес тұлғаға ресімделген құрылыстар мен ғимараттар; Қазақстан Республикасының шегiнен тыс орналасқан жылжымайтын мүлік жария етуге жатады.
Жария етудің негізгі принциптері төмендегідей: Біріншіден, қосымша қаражат пен мүлікті экономикаға тарту мақсатында жүргізіледі. Екіншіден, жария етілген ақша мен мүлік салық салу тұрғысында табыс деп танылмайды. Яғни оларға салық салынбайды. Үшіншіден, жария ету басталғанға дейін алынған мүлік қана жария етуге жатады. Төртіншіден, субъектілер бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.Яғни, жария етілген мүлік субъектілері заңмен қудаланбайды.
Бұдан бөлек, азаматтар рақымшылық арқылы заңдастырған қаражатын инвестициялау механизмдеріне пайдалана алады. Немесе өз қаражатын қалауынша жұмсамақ. Алайда бұл жағдайда, екінші деңгейлі банктер жария етілетін қаражаттың жалпы сомасынан 10 пайыз мөлшерінде комиссия ұстап қалады.
Ақшадан басқа мүлiктi жария ету үшін жергілікті атқарушы органның жанындағы комиссияға:
1) Бекітілген нысанда екi данадағы өтiнiш;
2) Өтінішті берген кезде тұпнұсқаны көрсету арқылы, жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
3) Заңда көзделген жағдайлардағы, өзге де құжаттар өткiзіледi.
Жария ету субъектілері өтінішті тұрғылықты тұратын жері бойынша комиссияға береді.
– Азаматтардың көкейінде жүрген жиі қойылатын сауалдардың бірі – жылжымайтын мүлікке техникалық құжатты қалай аламыз? Ол қанша уақытта жасалады?
– Жария ету аясында, егер азаматта жер учаскесіне мемлекеттік акті болса, құрылысқа техникалық төлқұжат алу үшін жылжымайтын мүлік нысанының орналасуы мекен-жайы бойынша тиісті құжаттар тізбесімен Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет (өтініш, жеке басын куәландыратын құжат; жер учаскесіне сәйкестендiру құжатын қоса бере отырып, тіркеу объектісін растайтын құқық белгілеуші құжаттар; алым сомасын төлегенiн растайтын құжат).
Техникалық төлқұжатты әзірлеу мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты жасалынады. Атап айтсақ, пәтерлерге, жатақханалардағы бөлмелерге техникалық паспорт үшінші жұмыс күнi, жеке тұрғын үйлерге, жеке гараждарға, саяжай құрылыстарына техникалық паспорт жетінші жұмыс күнi берiледi және оның бағасы мүліктің аумағына байланысты 3 мың теңгеден жоғары болады. Басқа жылжымайтын нысандарға техникалық төлқұжаттар олардың аумағы мен күрделілігіне байланысты 20 жұмыс күніне дейін жасалады. Көрсетілген мерзімде ҚР Әділет министрлігіне қарасты жылжымайтын мүлік орталықтарының қызметкерлері азаматпен келісе отырып, техникалық зерттеу жүргізу үшін нысанға барып, оның нәтижесінде техникалық төлқұжатты әзірлеп, азаматқа табыстайды.
– Ал, тіркеу мәселесі ше?
– Сонымен қатар, жария етілген жылжымайтын мүлік Әділет органдарында міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі қажет. Кей жағдайларда азаматтар Комиссияның оң қорытындысын алу – құжатты толығымен рәсімделген деп санап, оны мемлекеттік тіркеуден өткізуді қажет деп есептемейді немесе мұндай рәсімдеудің қажеттілігін білмейді не ұмыт қалдырады. Нәтижесінде, құжат толығымен рәсімделмеген болып саналады. Яғни, азамат мүліктің толыққанды заңды иесі болып табылмайды. Осыған орай, әр азамат жылжымайтын мүлігін Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен соң ғана оның заңды иесі болып табылатынын естен шығармағаны жөн.
Мүлiктi жария ету мерзiмi 2014 жылғы 1 қыркүйек пен 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығын қамтиды. Осыған орай, облыс тұрғындары уақыт жоғалтпай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген немесе өзге тұлғаға ресімделген мүліктері болған жағдайда мемлекеттің жасап отырған осы рақымшылығын пайдаланып, құжаттарды заңдылықтарға сәйкес реттеуге асығулары қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |