МӘҢГІЛІК ЕЛ – МӘҢГІЛІК ТІЛ

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай аймағымызда түрлі іс-шаралар жоспары жасалып, онкүндік жарияланған болатын.

Осы негізде облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мұ­рындық болуымен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-да "Мәңгілік ел – мәңгілік тіл” тақырыбында флэш-моб болып өтті. Оған "Нұр Отан” партиясы қалалық филиалының өкіл­дері, "Жас Отан” жастар қанатының жанынан құрылған "Таза тіл” жастар тобы мүшелері және белсенді жастар ұйы­мының жетекшілері, аталған мекеме қызметкерлері қатысты.

Шараны облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ә.Жарылқағанов ашып, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, аталмыш мерекеге орай облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесе отырып, балабақшаларда, орта және жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту, отандастарымыздың ана тілін жоғары бағалап және отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Жиын барысында жастар тіл жайында арнаулар оқып, сахналық көріністер көрсетіп және патриоттық әндер шырқады.

Шара соңында ұйымдастырушылар жастарды ана тілін құрметтеуге, тіл саясатын жүйелі арттыруға өзіндік үлес қосуға және тіл тазалығын берік ұстануға шақырды.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.


ҚОҒАМ 20 қыркүйек 2014 г. 908 0