МАҢЫЗДЫ НЫСАН НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛҒАН ЕМЕС

Тереңөзек кентінің тұсынан салынған көпірдің пайдалануға берілуі сол елде туып-өскен мені үлкен қуанышқа бөлеп отыр. Әрі облыс халқы ұзақ күткен нысанды салуға үлес қосқан азамат жайлы айта кетуді жөн көріп отырмын. Бұл ойға басылымдардың бірінен құрылысқа бөлінген қаржыға қатысты сенімнен гөрі күдігі басымдау материалды оқыған соң бекідім.

Барлық мән-жайға қанық болғандықтан және көпір құры­лысын қаржыландыру мәселесін шешуге тікелей атсалысқан адам ретінде кейбір түсініктеме беруді жөн көрдім.

Стратегиялық маңызы бар көпір шын мәнінде елдің көптен бергі арманына айналған еді. Сондықтан да Тереңөзектегі Ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдың құрметті ақсақалдары осы жерде жастық шағын өткізген сол тұстағы Мәжіліс депутаты Ж.Асановқа осы көпірді аманаттаған еді. Ең алдымен құрылысқа республикалық бюджеттен қаржы бөлу міндеті тұрды.

Парламент қабырғасында депутат Асанов Қызылорда өңірінен шыққан депутаттар С.Әйімбетов, Қ.Бисенов, М.Әбенов және Қ.Ыдырысовпен бірге Премьер-Министрдің атына үш депутаттық сауал жариялады.

Біраз жүріп, көптеген түзетулерден кейін аталған құжаттар республикалық бюджет жобасын жасап жатқан Қаржы министрлігіне 2011 жылдың тамыз айында өткізілді.

Бірақ осыдан кейін де 2012-2014 жылдарға арналған бюджеттің жобасына көпір құрылысын қаржыландыру енбей қалды.

Ең соңғы амал – Премьер-Министрдің алдына барып, көмек сұрау. Үкімет басшысының қабылдауында депутат Асанов өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін көпірдің қажеттілігі жайлы көз жеткізерлік деректер келтірді.

Осыдан кейін қажетті қаржы бөлініп, ол республикалық бюджет туралы заңда көрініс тапты.

Көпір құрылысына арналған қаржы да үш жылдық мерзімге қаралды, яғни 2012-2014 жылдарға. Таратып айтар болсақ:

2012 жылға – 500 млн. теңге;

2013 жылға – 1 млрд. теңге;

2014 жылға – 761 млн. теңге бөлінді.

Бюджеттік кодекске сәйкес мұндай жобаларға қаржының 90 пайызы республикалық бюджеттен, ал қалған 10 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Яғни, орталықтан бөлінгені – 2 млрд. 261 млн. теңге, облыстық бюджеттен – 255 млн. теңге. Бұл қаржылар республикалық бюджет туралы Заңды іске асыру туралы Үкіметтің қаулысымен жыл сайын жоспарлы түрде облыс әкімдігіне бөлініп келді.

Енді сол нысан салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр.

Біз осы күнді асыға күттік.

Қанат ТӨРЕҚОЖА.

Астана қаласы.


ҚОҒАМ 20 қыркүйек 2014 г. 795 0