« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда ғана Ұлытау өңірінде ортаға салған мәселелерінің ішінде ерекше назар аудартқаны – мемлекеттік тілге деген көзқарастары болды. Мемлекеттік тілге қамқорлық танытып отыруы Елбасымыздың тіл тағдырына бейжай қарамайтындығын білдіреді.
Мемлекет басшысының «Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек» деген сөзін баршамыз сабырлықпен алға ұстануымыз керек.
Республикамызда қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның қолданылу аясын кеңейту туралы мәселе тек қазір ғана күн тәртібіне қойылып отырған жоқ. Тарихымыздың тарау-тарау тамырларына үңілсек, Қазақ Автономиялы Республикасы алғаш рет шаңырақ көтеріп, отау тіккен сонау жиырмасыншы жылдардың басында-ақ туған тіліміздің ахуалы ауызға ілігіп, алқалы жиындарда айтылды.
Сол кезеңдерден басталған ресми құжаттарға көз жүгіртер болсақ, көптеген қарама-қайшылығы мол пікірлерге кезігеміз.
Айтуымыз керек, қазан төңкерісінен соң В.И.Ленин ұлт тілдеріне оң көзқараста болды. Бұл мәселе 1920-1930 жылдары оңды шешілді.
1923 жылдың 22 қарашасында Орынборда тіл туралы шын мәніндегі алғашқы декрет жарияланды. Онда қазақ, орыс тілдеріне бірдей мемлекеттік мәртебе берілді. Осы кезеңді еліміздің екі ғасырға жуық патшалық Ресей боданында болған Қазақ елінің зиялылары сәтті пайдалана білді. Қазақстан Автономиясы басшылығы тарапынан қазақ тілін дамытуға деген үлкен көзқарас қалыптасты. Соның нәтижесінде қазақ тілін дамытуға одан кейінгі, тіпті қазіргі кезде де қолға ала алмай отырған үлкен істер атқарылды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыратын жоғары деңгейдегі құжаттар бірінен соң бірі қабылданып жатты.
Жоғарыда айтылған декреттің «Қызметкерлер даярлайтын арнайы оқу орындары мен кәсіпкерлік курстарда қазақша іс жүргізуді үйрететін пән міндетті түрде енгізілсін», - деген арнайы бабы да болды.
1924 жылдың 26 маусымында ҚазКСР-нің Еңбек Халық Комиссариаты барлық аймақтарға «Орыс қызметкерлерін қазақ немесе қазақ тілі мен жазуын білетін мамандармен алмастыру жөнінде» хат жіберсе, сол жылдың шілдесінде «Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда қазақ тілінде іс жүргізетін жұмысшылар мен қызметкерлердің санын молайту және қазақ тілі мен жазуын білетін мамандармен алмастыру тәртібін күшейту жөнінде» қаулы қабылдады. Бұл екі құжатта да аталмыш шараларды жүзеге асырудың жолдары нақты көрсетілген. Мысалы, «белгілі кәсіпорындағы қызмет орнын қысқарту - ол адам қазақ тілін білмеген немесе сол тілде іс жүргізе алмаған жағдайда ғана болады» деп аталып көрсетілген.
БКП (б) Өлкелік комитетінің 1932 жылғы 15 сәуірдегі «Өндірісті жергілікті ұлт өкілдерімен қамтамасыз етудің кезекті міндеттері туралы» қаулысы қабылданып, онда қазақ мамандарын жұмысқа тартудың бірден-бір жолы өндірісте қазақ тілін дамыту деп танылған. Ол үшін қаулыда өндіріс орындарындағы барлық құжаттарды қазақшалау, «Көпшілік арасындағы техника» («Технику в массы») атты қазақша журнал шығару, жұмысшы қазақтардың техниканы меңгеруіне көмектескендерге арнайы қордан материалдық жәрдем көрсету, өндірісте сауат ашудың, қазақ тілін оқытудың жүйесін жасау, мамандар бөлімдеріне 3 айдың ішінде ұлттық мамандар даярлаудың нақты жоспарын жасау, қазақ жұмысшыларының тұрмысын түзету міндеттелген.
БКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің 1933 жылдың 4 сәуіріндегі қаулысында 1933 жылы ҚазОК, Ағарту халкомы (Наркомпрос), Әділет халкомы (Жоғарғы сот пен прокуратура), Денсаулық сақтау халкомы, Жұмысшы-шаруа милициясы сияқты лауазымды мекемелердің қазақ тіліне көшуі жоспарланған.
Аталған мекемелердің облыстық, аудандық бөлімшелері, әсіресе, басым көпшілігі қазақтар болып келетін аймақтардың барлығы іс жүргізуді қазақ тіліне көшіруге, ал мүмкіндігі жоқ мекемелер уақытша екі тілде жұмыс істеуі, қазақтардың саны 40%-ға жеткен аймақтардың барлығын қазақ тіліне көшіруге тиіс болған. Ал өзбек, ұйғыр сияқты аз ұлттар тығыз тұратын жерлерде істі сол тілдерде жүргізу белгіленген. Осы қаулыда көрсетілген шараларды жүзеге асыруды ынталандыру мақсатында Қазақ Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесі бірлесіп, «Қазақ тілін білетін мамандарға жасалатын жеңілдіктер жөнінде» қаулы шығарған.
Бұл қаулының кезінде қазақ тілінің беделін көтерудегі маңызы зор болды. Онда алғаш жұмысқа кірген мамандардың негізгі жалақысына 5%, қазақ тілінде еркін сөйлейтіндерге 10%, іс жүргізе білетіндерге 15% үстеме төлеу белгіленген. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде дәріс оқитын ұстаздардың жалақысына 25% қосымша қосылған. Ал тілді толық меңгерген мамандарға КСРО-ның шеңберінде ғылыми іссапарға немесе 3-6 ай мөлшерінде біліктілігін көтеру курстарына баруға жағдай жасалған және бұл уақытта маманның отбасын пәтермен, тағы да басқа жағдайлармен қамту қарастырылған.
Осындай ауқымды мәселелерді жүзеге асыру үшін сол кездің өзінде ҚазОАК Төралқасының жанынан Жергіліктендіру (коренизация) комитеті, қазақ тілі курстарының мемлекеттік комиссиялары құрылды. 1934 жылы Орталық Атқару Комитетінің «Қазақ мектептерінен басқа мектептерге қазақ тілін міндетті түрде оқыту жөніндегі» қаулысы осы мүддеге қызмет еткен құжат болды.
Алайда, отызыншы жылдардың ортасынан бастап қазақ халқының басына түскен қасіреттер, сталиндік өктем саясат қазақ тілінің басымдығы, мемлекеттілігіміздің нығаюы жолында жан аямай іс атқарып жүрген қазақ зиялыларының басына бұлт үйірді. Өткенімізден ажыратып, тарихымыздан алыстату үшін 1929 жылы төте жазудағы әліпбиіміз латын алфавитіне, одан түркі тілдес халықтар тіпті бір-бірін мүлде түсінбес үшін он жылдан кейін кириллицаға көшірілді.Бұның бәрі тілімізді жоюға бағытталды.
Ал 1941 жылдың 1 тамызында қазақ тілін білетін мамандарға жасалатын жеңілдіктерді қайтып алу жөнінде қабылданған қаулы қазақ тілінің өрістеуіне кедергі болды. 1955 жылғы 9 мамырдағы КСРО Министрлер Кеңесінің «Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін міндетті түрде оқытудан босату» жөніндегі Жарлығы осы кезеңнен бастап-ақ қазақ тілінің басына қара бұлт үйірілгендігін байқатты.
Осыдан кейінгі кезеңде «өркениетке тек орыс тілі арқылы ғана жетеміз» деген өктем саясат тілге деген жанашырлық көзқарастарды тұншықтырып тастады. Отызыншы жылдардың соңғы жылдары қазақ зиялыларының қуғынға ұшырап, атылып, асылып кетуі халықтың арасында үрей туғызды. Сондықтан да Кеңес азаматтарына ортақ тіл – орыс тілін мойындамасқа амал қалмады. Қазақ тілі қалтарыста қалып, тұрмыс тілі дәрежесінен де төмендей бастады.
Қазақ тілі өндірістен шеттетілді. Бұл жөнінде О.Сүлейменов «Қазақтар ірі кәсіпорындарға бармағандықтан, қазақ тілі өндіріс тілі бола алмады» деп жазды. Қолдан жасалған ашаршылық, тың игеру сияқты сұрқай саясаттар тілімізді тұралатып кетті.
Тіл тағдыры туралы санамызға сілкініс әкелген кезең 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан басталды. Осыдан кейін бірінші болып 1987 жылы 3 наурызда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесі орыс тілі мен қазақ тілін оқытуды жақсарту жөнінде қаулы қабылдады.
Ал 1989 жылы 21 қыркүйекте алғашқы қабылданған «ҚР тіл туралы» Заң сол кезеңдердегі қоғамдық-саяси өмірдегі үлкен жеңіс болды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, ол заңның қамқорлығына алынды. Солақай саясатқа нүкте қойылып, Қазақстанда тұратын барлық халықтың тең дәрежеде дамуына бағытталған заң ретінде өмірге енді. Ол халықтың санасын оятып, қазақ тіліне көңіл аударуына тікелей әсер етті. Алғашқы сәттерде өзге ұлттар да балаларын қазақ мектептері мен балабақшаларына беріп, қазақша сөйлеуге ден қоя бастады. Алайда, уақыт өте келе, бұрынғы сарынға қайта оралдық. Бұған әрине, орыс тілінде оқыған қандастарымыздың өзі себепкер болды деуге болады. Өйткені, орыс тілінде білім алып, орысша жазуды, сөйлеуді әбден меңгерген олар, қазақ тілін қиын көріп, бұрынғы жеңіл іздерімен жүруді мақсат тұтты.
Өркениетті елдердің Конституциялық құрылыс тәжірибесі әрбір тәуелсіз мемлекетте мемлекеттік және басқа да тілдердің құқықтық мәртебесін заңды түрде бекітуі қажет екенін көрсетіп отыр. Бұл мәселе 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямызда айқындалды. Ата Заңмен қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі нақтыланып, мемлекетіміздегі басқа тілдер қамқорлыққа алынды.
Сегіз жылға жуық уақыт қызмет еткен алғашқы заңға түбегейлі өзгерістер енгізіліп, 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы екінші рет қайта қабылданды. Бұл заңда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі айқындалды. 2004, 2014 жылдары «ҚР тіл туралы» Заңға бірқатар өзгертулер мен түзетулер, толықтырулар енгізілді.
Осылайша егемендік алған елімізде мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін дамытуға деген үлкен бетбұрыс кезеңі басталды.
Қабылданған заң да, бекітілген бағдарлама да қашан да іс жүзінде орындалуымен бағаланады. Тіл мәселесі, оның қолданылу ауқымын кеңейту көппен бітетін іс.
Елбасы Жарлығымен әр жылдың қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қазақстан халқының тілдері күні деп жарияланды. Міне, бірнеше жылдар бойы осы атаулы күн – мемлекеттік тілмен қоса барша қазақстандықтардың тілдері мерекесі ретінде аталып өтілуде. Ендеше, ағайын тілдер мерекесін лайықты атап өтіп, туған тіліміздің төңірегіне біркісідей топтаса берейік.
Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,
облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |