« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Нарықтық заманның ыңғайына тез бейімделіп, өз ісін өрістетіп кеткен жігітердің бірі – Қайрат Назаров. Жан-жақтылық қабілетінің арқасында ағаш ұсталығын меңгеріп, жұрттың түрлі тапсырыстарын орындап жүргендігіне оншақты жылдың жүзі болды. Оның қазір өз шеберханасы, қажетті құрал-саймандары, жанына жалау болып, ойындағысын іске асыратын көмекшілері де бар.
– Меңгерген мамандығым – көркемдеуші-суретші. 1986 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітіргенмін. Шиеліде, аудандық кооперативте өз мамандығым бойынша еңбек етіп жүргенімде қоғамдық өзгерістер орын алды да, біздің қажетіміз оншалықты болмай қалған секілді. Сонан соң күнкөрістік кәсіп үшін ағаш ұсталығына шығып кеттім, – дейді кейіпкеріміз бір сәттік үзіліс кезінде. – Тұрғындардан тапсырыстар түсіп тұрады, шама келгенше сапалы етіп орындауға тырысамыз. Бұл күндері Қайраттың ағаш шеберханасына келуші тұтынушылар баршылық, өйткені, ол уәдесін уақытылы орындайды және жиһаз бағасын келушінің жағдайына қарай қымбатқа саудалай бермейтін жайсаңдығы да бар. Дүние тапқанның жөні осы екен деп, «Берсең де бер бес теңге, бермесең де бер бес теңге» дей берсе, келушілердің де кіді алып, басқа шеберлерге кетуі әбден мүмкін. Тұтынушымен тіл табыса білу, олардың көңілінен шығуға тырысу – бұл нарықтық қатынастың өзіндік заңдылығы. Расында, пендеге алдыма адам келді екен, ісі түсті екен деп кеудесін кере бермей, «жусаннан аласа, бетегеден биік» болған жарасымды. Біле білгенге, осындай қарым-қатынас қоғамның татулықта, ынтымақта өмір сүруіне әр кісінің қосқан үлесі болмақ.
Президентіміз белгілі бір кәсіппен әулет болып шұғылданудың тиімділігін айтып, оны насихаттау барысын тапсырды. Осы орайда ұстамыздың келіншегі – Гауһар да осы шаруаның басы-қасында болып, үнемі еріне көмектесіп отырады. Ал баласы Мейірхат ұсталықтың қыр-сырын әкесінен үйреніп келеді. Келешекте осы жолды жалғастырып кетуіне кәміл сенім бар. Жәкен, Бақытжан есімді көмекші жігіттер де өз істерін мінсіз атқаруға құлшынысты.
Иә, өз көшін түзеген Қазақ елі азаматтарына елін тұғыр ету, еңбегін ғұмыр ету ләзім. Оның бағасы істің үлкен-кішілігімен емес, адал атқарылуымен бағалы.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |