« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әлібековтер отбасында қарбалас тірлік басталғалы біраз болды. Сырт көзге сабырлы көрінгенімен, отағасы Мейрамбектің көңілінде бір алаң бар. Оның да өзіндік себебі жоқ емес. Республикада алғаш рет ұйымдастырылғалы отырған "Мерейлі отбасы” ұлттық сайысына іріктеу Сыр өңірінде де болып өтті.
Отбасылық сайысқа қатысуға 56 қазақ отбасы ниет білдірді. Талапкерлердің өтініштері ескеріле отырып, іріктеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде облыс орталығы мен жеті ауданнан 16 отбасы іріктеліп алынды. Облыс бойынша олардың сегізі үздік деп танылды, осы отбасылар арасынан үшеуі жеңімпаз атанды. "Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” демекші, өздерінің бар мүмкіндіктерін жете пайдаланған Әлібековтер отбасы өз қарсыластарынан ілгері шығып, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Енді олар республикалық "Мерейлі отбасы” ұлттық сайысында Сыр өңірінің намысын қорғайды. Мейрамбектің алаңдайтыны да осы. Өздерін республикалық жарысқа үкілеп қосқан Сыр жұртшылығының үмітін ақтай алса, қанеки. Дегенмен, қашанда дұрыс шешім қабылдауға, нақты байлам жасауға дағдыланған Мейрамбектің тәуекелі басым түсті. Отанасы Лаураның, ересек балаларының сайысқа деген ынтасы мен ықыласы намысын қамшылап, келер күндерге асықтырады.
Берекелі отбасында жеті бүлдіршін жас құрақтай жайқалып өсіп келеді. Отбасының үлкені – Данияр оныншы сыныпта оқиды, оқу озаты. Таэквандодан республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Әлемдік жарыстарда республиканың атын шығарып жүрген оның болашағына деген сенім мол. Екінші ұлдары – Рамазан келешекте ғылым жолына түсетін сыңайлы. Өйткені, физика пәніне ден қойған өреннің ойы орамды, қолы епсекті. Ол гипс пен құмды пайдаланып, жанартаудың макетін жасап шығарды. Рамазан ұстаздарының таңданыс сезімін оятқан осы еңбегін "ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесіне ұсынуды армандайды. Кім біледі, ақылдың жастан шығатынын ескерсек, оқушылық өмірі ізденіске толы жасөспірімнің еңбегі жанып, елінің атын әлемге танытар.
Облыстық "Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының жүлдегері танылған Мейрамбек Әлібековтің зайыбы, "Алтын алқа” иегері Лаура Шоқашова кең пейілді, жылы жүректі жан. Бұл отбасында бұдан жеті жыл бұрын егіз, ал өткен жылы үшем дүниеге келді. Тәй-тәй басып, түрлі қылық шығарған Інжу, Маржан, Бекжан есімді үш бүлдіршін ата-анасының көз қуанышына айналып, олардың ертеңге деген үмітін ұштап өсіп келеді. Әрқашан да балаларының қамын ойлайтын Батыр ана өз перзенттерінің ұлтжанды, намысшыл болып ержетуін қалайды, соған орай тәрбие беруге ұмтылады.
Ал отағасы Мейрамбек Әлібеков "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ жобаларды бақылау бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Өз ісін жетік білетін, қазақи ұлттық болмысты бойына сіңіріп, салт-дәстүрлерді жоғары құрметтейтін маман ұжымында абырой-беделге ие. Мәселен, ол 2009 жылы "Ең үздік басшы” номинациясын жеңіп алса, жуырда компания президентінің күміс жүлдесімен марапатталды. Осының өзі-ақ Мейрамбектің талапшыл әрі әділетті басшы, өзіндік ұстанымы бар жан екенін дәлелдейді. Отбасында жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан балаларының бақытты болашағын ойлаған әке әрқашанда тынымсыз, еңбек десе жанып түседі. Мейрамбек әркез өмірлік жары Лаураға арқа сүйейді әрі оған қамқоршы да.
Сыр бойы халқы Елбасының бастамасымен қолға алынған "Мерейлі отбасы” сайысының қатысушыларын қызу қолдады. Оның жүлдегерлерін арнайы комиссия анықтады. Соның нәтижесінде бірінші орынға ие болған Әлібековтер отбасы қыркүйек айының алғашқы жартысында өтетін республикалық "Мерейлі отбасы” бірінші ұлттық сайысына қатысатын болды. Оның негізгі мақсаты өмірлерін бір арнаға тоғыстырған екі жанның құрған шаңырағын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуға, ұлттық отбасылық дәстүрлерді насихаттауға бағытталған. Республика бойынша аталмыш сайысқа 16 отбасының қатысатыны мәлім. Оларға интерактивті, телефондық дауыс беру 25 тамыздан басталып кетті. Көрермендердің неғұрлым көбірек саны дауыс берген отбасына "Мерейлі отбасы” атағы беріліп, диплом мен арнайы сыйлық тапсырылады.
Облыс намысын қорғайтын Әлібековтерде бір тыным жоқ. Отбасындағы балалардың бірі өлең жаттаса, екіншісі би үйренуде. Енді бірі өзі жасаған макеттерін сараласа, тағы бірі спорттық бабын пысықтауда. Ал ата-анасы олардың әр ісін бақылап, бағыт-бағдар беріп отырады, өздері де сайысқа дайындық жасайды. Қашанда қандай істі де шын пейілімен бастауға құлшынып тұратын ерлі-зайыпты Мейрамбек пен Лаура Әлібековтердің Сыр өңірі жұртшылығының сенімінен шығатыны, республикалық сайыстан жүлделі оралатыны анық. Олай болса, ұлттық сайысқа бет алған Әлібековтер отбасына сәттілік тілейік!
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
2014 жылғы 19 қыркүйек күні Мемлекет басшысының қатысуымен болатын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау шарасына Қызылорда облысының атынан Әлібековтер отбасы қатысуда.
Кеше қызылордалықтар Әлібековтер отбасын Астана қаласында өтетін ұлттық конкурстың қорытынды кезеңіне салтанатты түрде шығарып салды.
Аталмыш республикалық байқауға 14 облыс 2 қаладан 16 отбасы қатысып жатыр.
Конкурс жеңімпаздарын анықтау жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүргізілуде. Дауыс беру мерзімі 25 тамыздан басталды.
Дауыс беру механизмі үш тәсілмен жүзеге асырылады.
Біріншісі – www.kaztube.kz сайты арқылы тіркеліп беруге болады.
Екіншісі – 6284 нөміріне 1 санын жолдауларыңызға болады. Смс дауыс беру тегін.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |