АЙТҚЫШ НҰРХАБАЕВ

Журналист Орман Нұрхабаевтың 100 жылдығына орай

Қазіргі "Шіркейлі” ауылының аты бұрын "Қызылту” колхозы болған. Осынау шағын ауылдан үш жүзге мәшһүр Тапал ахун атты діни білімпаз шыққан. Қазақстанның Халық жазушысы айтқыр Қалтай, ақын Әбірәштің балалық дәуірі осы жерден басталған. Ауыл шаруашылығының академигі атанған Жаңабай Азаматов, дән дариясын тасқындатқан диқандар Қыдырқожа, Балдырған, Бексұлу, Орынкүлдер еңбегі жанған құнарлы топырақ. Ал, қазір осынау диқандар дәстүрін Аббас Камалатдин жалғастырып жатыр.

Бұл ауылдың тарихын әріден қозғасақ, атақты Ұлбикемен айты­сатын Күдері ақынның кіндік қаны тамған өңір. Биыл осы өңірден тү­леп ұшқан айтқыр журналист Ор­ман Нұрхабаевтың 100 жылдық мерейтойы бастау алады.

Бүгінгі әңгімеде осынау арда­гер-журналистің, бар ғұмырын жур­налистика саласына жұмсаған аға­ның өмір жолын баяндауды па­рыз тұттық.

Біз аға буын журналистердің ор­тасында өстік, жетілдік, тәрбиесін алдық, шеберлік шыңдадық, сө­зін тыңдадық. Өңшең әскерден орал­ған ағалар ортамызда болды, әң­гіме-дүкендері, әзіл-оспақтары жа­ра­сымдылығы әлі жадымда. Офи­цер журналист Досмағанбет, Құр­манғали, Әбділда, Әбсадық ағалар редакцияның бір-бір бөлімін ұзақ жыл басқарды. Екі тілге бірдей Досмағанбет аға әсіресе орыс әде­биетін шемішкедей шағатын. Инс­­титутты сырттай оқығанда ұс­­таздары әскери жауынгердің бі­лімдарлығына сүйсініп, білім ор­дасына шақырды. Бірақ, Досекең журналистік кәсіпке ат басын бұрды. Алдымен әскери комиссариатта, плотина су торабында, сонан соң обкомда қызмет істеп, "Ленин жо­лына” (қазіргі "Сыр бойы”) орал­ды. Бірнеше очерктер, эсселер жаз­ды, әңгімелер жинағын бас­па­дан шығарды. "Асқабақ па ке­регі?”, "Кешіккен Жәмеке” ат­ты деректі туындыларын оқыр­мандар сүйсіне оқыған еді-ау. Құр­манғали Ажаров, Мырқы Иса­ев газеттің нағыз су төгілмес жор­ғасы болды. Бұлар кез келген та­қырыпқа лезде қалам сілтеп тө­гілтіп тастайтын. О кезде газетке орысша материалдар көп келетін. Аударманың "құдайы” атанған Қалыбай Бөршеев күй таңдамай машинкада диктовкада отыратын "Правда” газетінде жарияланған "Ақ күріштің белең шағы”, "Соғылған карта”, "Қызылордаға барсаң – үйлі боласың” атты дүниелерді қаз-қалпында майын тамыза ау­дар­ған ағаларға әлі таңырқаймыз. Жур­на­лист Әбса­дық Жанзақов сөзді қи­ыннан қи­ыстырғыш болатын. Зей­нетке шы­ға­рып салатын жиналыста "Ме­нің о дүниеге аттанар күні бере­тіндеріңді бүгін берсеңдер!” деп мінбеден түскенін Ұзақ марқұм жиі айтатын.

Ортамызда әзіл-оспақтың қам­шы салдырмас тізгінін ұстап, қы­ран-топан күлкіге батыратын Ор­ман, Сақтапберген ағалар мүл­де бөлек тұлғалар болды. Сұ­ра­пыл соғыс кезінде "бронмен” бас­па­сөздің қазанында қайнаған жур­налист Орман Нұрхабаев жайында әңгіме-естелік, "Орман айтыпты” деген әзіл-қалжың жетерлік. Сол Орман ағаның дүниеден өткеніне жиырма жылға жуықтап қалды. Көзі тірі болса биыл 100-ге толар еді.

Бір жігіт таяуда түн мезгілінде есік қоңырауын шылдыратты. Сырт­қа суыт шығып, бейтаныс аза­матты төрге шғардым.

– Аға, мен полковник-зейнеткер Ахан Оразов деген ініңіз боламын. Төретамда тұрамын. Қазір "Сыр бойында” баяғы ағалардың көзін көргендер сирексіген, өңшең жас­тар. Менің әкемнің нағашысы жур­налист Орман Нұрхабаев еке­нін біреу біліп, біреу білмейді. Жа­қында жаны жайсаң, ауызша әңгіменің нағыз айтқыры Орекең жүз жасқа толғалы отыр. Соған бүкіл ағайын-туыс ас бергелі жа­тырмыз. Бір естелік жазуды өтінгелі тұрмын. Қалың оқырман о кісіні біле бермес. Көзін көргендерден сіз ғана болып тұрсыз, қалай қарайсыз?

– Жақсы інім. Орекең жайында естелік сыр шертуді мойныма алай­ын. Кейін хабарлас, маған мәулет бер, ойланып-толғанайын.

– Жарайды аға! – деп Ахан інім орнынан қозғалды. Сонымен іл­типаты бөлек азаматтың өтінішін орындауды парыз тұттым. Бұған бірер ай болып қалды. Орекеңді қа­ғазға түсірудің сан алуан ой тұң­ғиығына түстім. Орекеңнің іні­лері Тәнеш аға, Әсемкүл апа, Қа­зыбай, Аббас сынды інілеріммен сыр­лас­тым. Бұлар да бір таңға жетерлік әңгіме тізгінін сабақтады.

Орекең соғыстан соңғы жыл­дары Шиелі аудандық "Стаха­новшы” газетінде редактор бол­ды. Газет беделін көтерді. Жұрт­ты еңбекке жұмылдырды, кем­шілікті бүкпесіз ащы сынмен өр­бітті. Фельетон жанрында қалам сілтейтін Сейітқасым Сейтеновті, Жүніс Шәукебаевты нағыз көмек­шісі етті. Нартай бастаған ақын-жыраулардың өлеңдеріне қамқор құшағын ашты.

Облыстық партия комитеті со­нау елуінші жылдары білікті басшы, редактор Орман Нұрхабаевты об­лыстық "Ленин жолы” газетінің пар­тия тұрмысы бөліміне меңгеру­шілікке ұсынды. Бұл қызметті ұзақ жыл атқарған Орекең кейін газеттің ауылшаруашылық бөлімінде жал­ғастырды. Сонымен, екі бірдей бө­лімде отыз жылдай еңбек етіп, ше­бер ұйымдастырушы, насихатшы екенін ұшқыр қаламымен танытты. Ауыл мәдениетін көтеру, күріш ша­руашылығының өрісін кеңейту, мал шаруашылығын өркендетудің проблемаларын көтерді. Суармалы егіншіліктің сан алуан қырын қоз­ғады.

Бір оқиға ойға оралады.

Газеттегі дүниелер о кезде қа­зір­гідей компьютер жоқ, машин­ка­ға басылады, баспаханада әріп қол­мен теріледі, қорғасынға құй­ы­лады. ҚазТАГ дүниелері орыс­ша, оны аудару керек. Қала бер­ді Хрущевтің ұзын-сонар баян­дамасы газеттің көлемін сегіз бет­ке дейін ұзартатын кез. Түн бойы кезекші болып, таңертең қол қой­ып әрең шығамыз. Әр жердегі ау­ыл-аудан меншікті тілшілерiнің жазғандарына га­зеттен орын тимей жатқаны жиі реніш туғызатын.

Бір күні Қазалыдағы меншікті тілші С.Қожаниязов бөлім меңге­рушісі Орекеңе реніш білдірді. Те­лефондағы өкпе басылар емес.

– Жолдас Нұрхабаев менің жазған дүниелерім газетке шық­пай жатыр. Қаламақы аз. Бала-ша­ға тарығуға айналды. Неге ой­ламайсыз? – деді Қожаниязов.

– Ә, өкпеңіз орынды Қожа­ниязов! Ертеңгі нөмірге сіздің бар жазғандарыңызды салып жа­тырмыз. Ертең поштаны күтіңіз. Бүкіл редакция ұйғарымы осы­лай, – деп Орекең телефонды ор­нына қойды. Отырған біз аң-таңбыз. Ал, ертеңгі нөмірге Хру­щевтің сала құлаш баяндамасы жа­рияланып жатыр еді. Бүкіл нөмір Қожаниязовқа арналғаны қалай? – деп бір-бірімізге күбірлейміз.

Қойшы, сонымен Қожаниязов Қазалы вокзалына келетін пошта пойызын күтіп, газетті қолына алып беттерге көз жүгіртсе керек. Бүкіл нөмір Хрущевтің баяндамасы. Қо­жаниязов дереу Нұрхабаевқа тағы телефон соғады.

– Ау, Ореке, менің жазған дү­ниелерім бүгінгі нөмірде жоқ. Сіз бір бет саған арналады, – деп едіңіз?

– Иә, Қожаниязов айтқаным рас. Хрущевтің баяндамасын алып тастап, сенікін қалай саламыз? Енді бұл өкпеңді Орталық Ко­ми­тетке айт! Менің жаным екеу емес. С.Қожаниязов үнсіз теле­фон­ды тастай салып, содан кейін Нұр­хабавқа телефон соғуды доғар­ға­нын талай рет айтқаны бар.

Бірде Орекең нағашыларымен бірге базарға барғаны әлі күнге ел аузында. Жақып деген нағашысы ба­зарды көп аралайды. Күн ыстық, Орекең шөлдейді. Сусын ішейік де­мей, нағашысы бір тоқтыны са­тып алғанға ұқсайды. Бұларды қа­­тырайын деп нағашысын тоқ­тысымен бір бұтаның түбіне отыр­ғызып, өзі такси ұстауға кеткен бо­лады. Нағашылары әрі күтіп, бе­рі күтіп, шөліркеп бір көлікпен Оре­кеңді іздейді. Іздесе Орекең үйде ұйқыны соғып жатқан көрінеді.

– Ау, Орман-ау, мынауың қа­лай, такси әкелем дегенің қайда?

– Ой, өздерің қызықсыңдар. Соң­дарыңнан еріп шаршадым, шөл­дедім. Содан соң сендер базар­ға қона салатын шығар деп тастап кеттім, – депті. Нағашылары аң-таң болып, Орекеңнің қолын ала беріпті деген бар.

Бір көңілі жақын құрдасы Ләтіп деген азамат сырқаттанып жатып қалса керек. Орекең көңілін сұрауға ертелетіп келіп отырыпты. Ләтіп бір стакан арақ құйыпты. – Тез жазыл, Ләтіп! – деп Орекең сыртқа шығып, есік алдында тұрыпты. Тағы біреу көңілін сұрауға келсе, соған еріп баруды ойлайды. Сәлден соң Мәдемхан деген кісі көзге шалыныпты.

– Ләтіп қалай екен, Ореке? – депті Мәдемхан.

– Жақсы. Сенімен бірге мен де кіріп шығайын.

– Жүріңіз!

Қойшы, Орекең сол күні Ләтіптің көңілін сұрауға тоғыз рет келіпті. Ләтіп не дерін білмей:

– Сен менің көңілімді бұлай сұрамашы, – деп өтініпті деген бар.

Тағы бір қызық әріптесіміз, талантты журналист Дархан бір әңгімені жиі айтатын. Кезекшілікке адамның реті келмей, редактор Орекеңді үйінен шақыруға Дархан­ды жібергені бар.

– Ореке, сіз бүгін кезекшісіз, редактордың тапсырмасы солай.

– Ә, дұрыс дүкеннен бір бөтелке арақ әкел, мә бес сом!

Екеуара бөтелкені қақ бөліп ішіп алады. Сәлден соң:

– Нұрхабаев мас де, қонақтан келіпті де. Ал, мен ұйықтаймын. Редакторға сәлем айт.

Сонымен Дархан редакторға осы әңгімені айтқан ғой. Ұзекең қарқ-қарқ күліп:

– Онда сен өзің бол, Дархан, – деп Орекеңнің орнына бір түнгі кезекшілікті Дарханның өзі атқар­ғаны бар.

Бұл Орекең облыстық баспа­ха­нада көп жыл директор болды. Зейнетке шығар жылы обком жиі шақырып, арызыңызды жазыңыз, зейнетке шығуға келісім беріңіз дегенді жиі айтатын бол­са керек. Содан Орекең обком хатшы­сымен сыйлас Еламанға барып:

– Тағы бір жыл істейін. Мені бір жыл қозғамай тұрсыншы, Еламан?

– Жақсы, Ореке, айтайын.

Бір жыл біткен соң обком хатшысы:

– Орынды босатыңыз, Нұрха­баев! Бір апта уақыт береміз!

Содан Еламанға тағы барып:

– Ореке, өзіңіз тағы бір жыл істейін дедіңіз. Бір жыл істедіңіз. Енді келісім беріңіз.

– Түу, Еламан-ай, сен де бір жылды ұмытпайды екенсің, мен бірер жыл деп едім ғой.

– Түу, Ореке-ай! – деп Елекең қарқ-қарқ күлген көрінеді. Соны­мен Орекең тағы да бірер жыл бас­паханаға басшы болған-ды.

Журналист Орман Нұрхабаев зейнетке шығып, сексеннен асқан кезде дүниеден озды. Қарашаңырақ редакцияға соғып, Әскербек, Өте­генге, сонан соң маған жиі келіп, әзіл-оспақты төгіп, қыран-топан күлкіге кенелтіп кететін. Зайыбы Алмагүл де жаны жайсаң жан еді. Екеуі де бірінен соң бірі о дү­ниеге аттанып кетті. Жақсының шапағатын халық қашанда қадір тұтпақ. Облыс орталығында О.Нұрхабаев атындағы көше бар. Мұның өзі қаламгерге деген үлкен құрмет.

Шүкір, Оре­кеңнің ұл-қыздары­нан тараған ұр­пақтар жетіліп келе­ді. Туған қа­рындасы Әсемкүл апай қалада тұрады, тоқсаннан асып қал­ды. Өзінің көзіндей Марат зайы­бымен бірге Орекеңнің орнын жоқ­татпай отыр. Бүкіл әулет Орекеңнің туған күнін, пәниден өткен күнін бір күн атаусыз қалдырмай, дұға оқытумен келеді.

Сыр өңірінде орақ тілді, от ауызды Орекең туралы Қазақ­станның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов:

– Орекең дастарханның ажа­ры, әрі базары. Айтқыр Орекең қо­­ғамның санитары ғой. Әзіл-ос­па­ғының түп-тамырында ащы мыс­қыл, тауып айтар тапқыр сөз­дің уә­жі жататын. Құймақұлақ кө­ненің көзіндей Орекең сөзін жинастырып, ұрпаққа ұсынсақ артық емес, – деген еді.

Иә, Орекеңнің тапқыр сөздерін жинастыру, баспадан шығару – біз­дің парызымыз.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.


ҚОҒАМ 13 қыркүйек 2014 г. 1 094 0