« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жақсыдан – ұлағат. Аралдағы шарадан осындай ой түйдік. Анығында «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының 75 жылдығына орай «Арал өңірі мен Барсакелмес қорығының биоалуантүрлілігін сақтау және олардың тұрақты дамуының перспективалары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфереция мағыналығымен ерекшеленді. Жиынды ұйымдастырушылардың мейлінше ізденіп, біршама тер төккендері байқалып-ақ тұрды. Оған қоса, мәдениет үйінің ғимараты да тақырыпқа сай үйлесімді безендіріліпті.
Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов конференция қонақтарын бүгінгі мерейлі күнмен құттықтап, қоршаған орта жанашырларына еңбегіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев өздерінің сөзінде «Барсакелмес» қорығының мәселесі, Арал теңізіндегі құстар дүниесін қорғауды ғылыми тұрғыда шешу жолдарына тоқталды. Мұнан соң облыстық аумақтық Орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары И.Әбдіразақов құттықтау хатын тапсырды. ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, «ТЕРРА» ҚЗ және ҒАЖ орталығы» ЖШС Ғылым департаментінің директоры Наталья Огарь Барсакелмес қорығының аумағын ұлғайту жолымен Кіші Арал теңізіндегі сулы-батпақты өңірді сақтау туралы өзекті пікірін ортаға салды. Болон университетінің профессоры, италиялық ғалым Люги Кантелли «Орал өзенінің құяр сағасындағы «Ақжайық» биосфералық резерватының негізі ретінде биологиялық құндылықтар және жергілікті қоғамдастықтарды бірігіп басқаруға белсенді тарту», Аралды құтқару қорының атқарушы директоры Медет Оспанов «Қорық аумағының кеңеюі: Барсакелмес қорығының аумағында биосфералық аймақ құру және зоналау. Кластерлік учаскелерге бөлу» тақырыбында баяндамалар жасады.
Конференция бірнеше сессия бойынша көрініс тапты. Сонымен бірге, Биоалуантүрлілік бойынша жобалардың ұлттық координаторы Талғат Кертешов «Экотуризмді дамыту, ресурстарды тұрақты пайдалану механизмдері және жергілікті халықпен өзара байланыс» аталымымен Арал өңірінде қолөнер кәсібін дамыту, арнайы кәде сыйлықтар шығаруға арналған тәжірибелік тренингтер өткізді. «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының директоры З.Әлімбетова аймақ басшысының республикамыздағы үлкен қорықтардың бірі болып саналатын «Барсакелмес» қорығын ерекше қорғалатын аймаққа айналдыру туралы ұсынысын қолдап, жоба құжаттарын реттеуді тапсырғанын жеткізді. Конфереция жұмысы үш күнге созылып, меймандар Көкарал бөгеті мен «Барсакелместе» болып, қорықтың тыныс-тіршілігімен танысады деп күтілуде.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |