« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін отбасы Отаннан кейінгі қасиетті ұғым.
Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Туған еліміздің тұғыры мықты болуы үшін оны құрайтын отбасы мықты болуы керек. Өз өмірлерін бір арнаға тоғыстырып, болашаққа бағыт алған отбасының басты қызығы да, қуанышы да – бала. Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігінді түзе» деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатыр. Болашақ тізгінін ұстайтын, елінің ертеңі болатын, ата-ананың үмітін ақтай білетін дені сау, білімді де саналы жас ұрпақты өсіру өмір талабынан туындап отыр.
Дана халқымыз және «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Яғни, ата-ананың әрбір іс-әрекеті, сөз саптауы өз ұрпағына үлкен сабақ. Баланың жаны мен тәнін таза, рухани бай, дені сау етіп өсірумен бірге оны еңбексүйгіштікке, ұлтжандылыққа, адалдыққа баулу. Ел болашағы осы тамаша қасиеттердің бәрін өз ата-анасының бойынан тауып, соған еліктеп өссе, құба-құп. Сонымен қатар әрбір ата-ана өз баласының жүрегіне жол тауып, оның өміріндегі шынайы досына айналса, тер төккен еңбегінің жанғаны.
Баланың жан-жақты тәрбиелі болып өсуіне ата мен әженің ықпалы да зор. Ата – шаңырақтың қорғаны десе, әже – құты мен берекесі. Қазақ даласында әрбір шаңырақ тербелген алтын бесікке баланады. Қазақтың маңдайына Айғаным әже – Шоқанды, Зере әже Абайды сыйлады. Бүгінде тарихта ұлық тұлғалардың ұлы аналарының есімдері талай ғасырға ұласып, ұлағат болып келеді. Қазақ отбасындағы әжелер ролі осылайша айқын отбасылық баға жетпес құндылық ретінде қалыптасты.
Ене – қазақ отбасының діңгегі. Ол айбарлы, ол мейірбан, ол дана, ол ақылгөй. Қазақ тұрмысында ене мен келін келіспеушілігі деген жат ұғым. Бірде-бір тарихнамада немесе әдебиетте ене мен келін арасы қырын суреттелген дерек жоқ.
Қазақ қыздары әке үйінде ерке болғанымен, әжесі мен анасының даналық қасиетін ту етіп, келген босағасының бағын жарқырата білген. Қазақ отбасындағы арнайы жазылып бекітілмеген "заңдары” әке мен ұлдың, шеше мен қыздың, келін мен ененің, келін мен атаның, сондай-ақ тағы да басқа жақындар арасындағы өзара қарым-қатынастары әрқайсысын әдептілікке тәрбиелеудің ерекше үлгісі болған.
Қазақ отбасында жарасымдылықтың тағы бірі – жасы кішісінің үлкеніне "сен” деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып – кішінің, әке тұрып – ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептейміз. Қазақ отбасы тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтар отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.
Бүгінде жаһандану үдерісіне жұтылып кетпеудің бірден-бір жолы – баға жетпес отбасы құндылықтары шоғын үрлеп, жандандыру. Өкінішке орай, қазіргі заманда отбасының құрылымы өзгеріп, бала саны кеми түсті. Ажырасу дерегінің өсуі көңіл алаңдатады. Отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастарда да өзгерістер пайда болды. Әкеге бағыну, өзінен үлкен апа мен ағаны сыйлау қазақ арасында жоғалмағанмен, әлсірей түсті. Көп жағдайда әке жауапкершілігі азайып, керісінше, аналар отбасы үшін жауапкершілікті өз мойындарына алуда. Осы заманның тағы бір ерекшелігі, толық емес отбасылар мен азаматтық некеге тұрғандар саны көбейіп, жалғызбасты әкелер пайда болып, қайын жұрт, нағашы жұрт деген туыстық байланыстардың маңызы жоғала бастады. Отбасы қарым-қатынасының дұрыс болмауынан шығатын тәрбиедегі қателіктерді түзету үшін үлкен қиындықтарды жеңуге тура келеді.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: "Болашақта біздің еліміздің қандай болатыны бүгінгі күні өз балаларымызды қалай тәрбиелегенімізге тікелей байланысты” деп атап көрсеткені белгілі. Бұл басымдылықтарды еліміздің болашағы қолында тұрған жас ұрпақтың бойына біздер дарыта білуіміз керек.
Халқымыздың "Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде” деген даналығы бар. Кез келген адам өзі жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреу даңқ пен атақтан, мақсат пен қызметтен iздестіреді. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады.
Рахима АХМЕТОВА,
облыс әкімі аппаратының қоғамдық келісім орталығы мемлекеттік мекемесінің директоры.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |