ШАҢЫРАҒЫҢ БИІК БОЛСЫН!

Қазақ киіз үйінің қасиетті, қастерлі әрі киелі мүлкі – қара шаңырағы. Ошақта жанған от  түтінінен шаңырақ  түсі  қараяды,  соны ұрпақтан ұрпаққа  берілетін қара шаңырақ деп  атаған. Көшпелілер шежіресінде атадан балаға мұра болып келе жатқан  үйді қара шаңырақ дейді. Ел аузында алтын шаңырақ – Отан, қара шаңырақ – ата-бабаның өмір сүрген үлкен үйі, шаңырақ – әрбір адамның туған, тұрған үйі. 
Киіз үйдің  тозған басқа бөліктері  ауыстырылса да шаңырақ ешқашан ауыстырылмайды. Салт бойынша  көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, көш алдында жүреді. Оны салт атты адам жетекке алады, «шаңырақ түйе» сөзі осыдан қалған. Қара шаңыраққа сәлем беру, одан дәм тату – ежелгі халық жоралғысы. Шаңырақтан аттамайды, әдептен асқан жанға «шаңыраққа қара» деп ескерту жасаған. Жаңа үйленген жастардың отауын көтерерде оның шаңырағына ақ шүберек байлап, қара шаңырақ бақанымен көтерген. Осы іске белсене араласқан адамдар жайлы «пәленшенің шаңырағын көтеруге  зор еңбек сіңірді» деген мақтау сөз айтылып жатады.  Әдетте киіз үйдің шаңырағын елге сыйлы, осы отбасына тілектес ер адамдар көтереді. 
Мұны айтып отырғаным, жуырда облыстық телеарнада «Шаңырақ» атты жаңа бағдарлама бой көтерді. Алғашқы хабарын көріп, көңілім көтеріліп қалды. Сөз соңында сыншыл көрерменге жол тартқан жаңа бағдарламаға, батаның ең үлкені «Шаңырағың биік болсын!» деп тілек айтқым келеді.
Қуанышқали ШАПШАҢОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚОҒАМ 02 қараша 2013 г. 3 126 0