АЗ ТӨЛЕГІҢ КЕЛСЕ – КӨП ҮНЕМДЕ

Елбасымыз осыдан алты жыл бұрын «Электр энергиясын барлық жерде бірдей үнемдеуге біздің кәсіпорындарымыз бен азаматтарымыз әлі кірісе қойған жоқ. Арзан энергияның сарқыла бастағанын ашық айтуға тиіспіз. Аз төлегіміз келсе, көп үнемдеу керек. Бұл әркімнің өз қамы болуы қажет» деген болатын. Содан бері үнем деген үлкен мәселені шешудің жолдары қарастырылуда. Бұл күндері Сыр өңірінде де баламалы энергия көздерін дамыту және электр энергиясының ысырабына жол бермеу бағытында тиянақты әрі табысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы аптаның бейсенбісінде де мамандар осы мәселені талқылады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев те қатысты.

«Жасыл экономика» қағида­тын орындау мақсатында Қазақ­стандағы Біріккен ұлттар ұйы­мының «Даму» бағдарламасы ай­мақта пилоттық жобаны іске асырмақ. Энергоүнемділік пен энер­готиімділікке жұмыс жасап, тұр­ғын үйді қайта жаңғыртудың сапа­лылығына мән беруді мақсат еткен жобаны облыс әкімдігі қуаттап отыр.

Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылысы ұлттық палатасы бас­қармасының төрағасы Төлеу­тай Рахымбековтің айтуынша, аталмыш іс-шара энергия үнемдеу және заманауи технологияларды қолдану идеяларын ілгерілетуге бағытталған.

«Қызылорда облысында пи­лот­тық жоба ойдағыдай іске асса, бұл тәжірибені өзге өңірлерге де қолданатын боламыз. «Энергияны үнемдеу – 2020» бағдарламасы бойынша, бюджеттік ұйымдар да электр және жылу энергиясын тиімді пайдаланудың сырын білуі тиіс. Мектеп директорынан бас­тап оқушыға дейін үнемдеудің тәсілдеріне қаныққаны абзал», – деді Т.Рахымбеков.

БҰҰ Даму Бағдарламасы ҒЭҚ жоба менеджері Сырым Нұрғалиевтің айтуынша, тұрғын үйлерде, мектептерде жылу, жарық үнемдеудің түрлі тәсілі бар.

«Мысалы, кіреберістерге адам кіріп-шыққанда ғана жанатын шамдарды орнатудың өзі электр қуатын да, оған жұмсалатын коммуналдық төлемдерді де біраз үнемдеуге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында жарық беретін сапалы құрал-жабдықтар орнатылса, балалардың көру қабілетіне оң әсер етеді және оқушыларға жайлылық сездіреді», – дейді.

Айта кетейік, бағдарламаны іске асыру мерзімі – 3 жыл. Бірінші кезең бойынша, қаладағы 7-8 әлеуметтік нысан мен тұр­ғын үй жаңғыртудан өтеді. Жо­ба нысанның ішкі-сыртқы жаңғыр­тылуымен қоса, бас­ты­сы, электроүнемділік пен электро­тиімділікке қарай жұмыс жасайды. Халықаралық және отандық озық тәжірибелерді електен өткізе отырып қолға алынған ілкімді іс бұған дейін еліміздің Астана қаласы мен Алматы, Атырау, Қарағанды облыстарында сәтті жүргізілді.

Бастысы, облыстық бюджеттен көп қаржы талап етпейді. Жобаның басым бөлігі Біріккен ұлттар ұйымы грантының негізінде жүзеге аспақ. Бағдарламаның қарапайым тұрғындарға тиімділігі, электр энергиясы мен жылуды тиімді әрі үнемді пайдаланып, шығынды азайтуға септігін тигізбек. Мұнымен қоса, жаңғыртудан өткен тұрғын үй құны да жоғарылайды.

Бағдарламаның екінші кезеңі бірнеше аудан мен Байқоңыр қаласын қамтымақ. Үш жылда пилоттық жобаға 1,5 млрд. теңге қаржы жұмсалса, соның 15 миллион теңгесі биыл жаратылады.

Дәурен ОМАРОВ.

ҚОҒАМ 06 қыркүйек 2014 г. 888 0