« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әлем кеңістігіндегі өмір сүріп жатқан ұлттардың өздеріне тән рухани және әлеуметтік әлемі болатындығы белгілі. Әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретіндегі қазақ халқының да өзіне тән рухани әлемі, яғни тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Біз ата-бабаларымыздың тұрмыс тіршілігіне, олардың рухани өміріне, дүниеге деген көзқарасына құрметпен қараймыз. Ал, өзіміздің үлесімізге тиген рухани мұраларымызды ақыл-парасат елегінен өткізіп, қазақ халқының, ұлтымыздың күш-жігерін біріктіріп бір арнаға бағыттай алсақ, қазіргі заманғы өркениеттік дамудың биік шыңына көтеріле аламыз.
Біз көп ұлтты, діни – конфессиялы елміз. Сондықтан біздің қоғамымыздағы саяси тұрақтылықты қалыптастыру және дамытып отыру өзекті мәселелердің бірі. Біз елімізге сырттан шабуыл жасалмасын, қыспақ келмесін деп тілейміз. Бізді қазіргі кезде Украинаның оңтүстік-шығысында болып жатқан оқиғалар алаңдатады. Саяси тұрақтылықтың қалыптаспауы осындай қайғылы жағдайларға әкеліп соқтырды. Бетін аулақ қылсын, ондай жағдай бола қалса жанын пида ететін, ерен ерлікке баратын сол елдің негізі – ұлты болатындығын естен шығармағанымыз жөн.
Қазақстан – қазақтардың ата-бабаларының жері. Осы жерде оның менталитеті қалыптасқан, суын ішіп, ауасын жұтқан. Бұл жерден алыс кетсе, оны аңсап, сағынып, сарғаятын да солар. Ол сезім барлық халықтарда да бар. Ол сезім адамды еріксіз билейді. Өйткені, ол оның Отаны. Қазақта "Отанды сүю – отбасынан басталады” деген қадірлі сөз бар. Өз Отанын сүйетін, сыйлайтын, қорғай білетін патриоттарды тәрбиелеу күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Біз өзіміздің бай тарихымызға қысқаша шолу жасасақ, Отан үшін жанын пида еткен қарапайым жандарды көптеп кездестіруге болады. Мысалы, Парсы патшасы Дарий Сыр бойын жауламақ болып, қарулы көп қосынмен келе жатқанда, олардың бетін елден басқа жаққа аудармаққа ниет етіп, соны сендірмек үшін өзінің құлағын, мұрнын кестіріп, оның алдынан шыққан бай-манап емес, қатардағы жай жылқышы Сирак (Шырақ) емес пе еді? Ол осылайша Отаны үшін жанын пида етті.
Қандай идея халықтың санасын билейді? Егер ол идея халықтың ойынан шықса ғана халықтың санасын билейді. «Халықтың басына келген ой, данышпанның тілінің ұшында», – деген осы. Егер кемеңгер адам сол халықтың ойын дәл басып айтса, оның айтқандары ұлы күшке айналады және жерде қалмайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы бір ауыздан бүкіл елден қолдау тапты. Бұл идея баршамыздың көңіліміздің түкпіріндегі ой-арманымыздың реалдық шындығы. Елбасымыздың сөзімен айтсақ, «Ол сара жол, мәңгілік елдің жолы».
Жалынды сөзадам ішіне рухани шоқ салады, адами дүниені қорғайды, өзгертеді. Міне, идеяның күші оның тек өзінде емес, адам санасына еніп, оны терең қозғалысқа келтіруінде жатыр. Сондықтан біз Ұлытау басындағы ұлағатты сұхбатты дұрыс ұғынуымыз керек. Себебі, халықтың санасын билеп, оның рухын жігерлендіретін идея – ол жай пікір емес, ол терең толқу тудыратын ой. Осы орайда егемен еліміздің болашағы үшін адал еңбек етіп, қызмет жасау – әр азаматтың ұлт алдындағы парызы деп түсінгеніміз жөн.
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |