ТЕЗ ҚАСЫНДА ҚИСЫҚ АҒАШ ЖАТПАЙДЫ

Облыс прокуроры Сапарбек Нұр­пейі­совтің төрағалығымен өт­кен үйлестіру ке­ңесінде білім беру ұйымдарының 2014-2015 жаңа оқу жылына дайындық ке­зеңіндегі заң­ды­лықтың сақталуы сөз болды. Кәме­летке толмағандардың құ­қық­­тары мен мүдделерінің бұзылуын бол­дыр­мау бағытында атқарылып жат­қан іс-шаралардың тиімділігі мен мақ­сат­тылығы, сондай-ақ уәкілетті мем­лекеттік органдардың бұл бағыттағы қызметінде заңдылықтың қолданылу жағдайы жә­не басқа да проблемалық мәселелер талқы­ланды.

Өңіріміздегі бірқатар білім беру ұй­ымдарының жаңа оқу жылына дайын­ды­ғының төмендігін атап өткен облыс про­курорының аға көмекшісі Әліби Зей­нолла саладағы түйткілдерді тарқатып берді. Баяндамашының айтуынша, об­лыс­тағы 291 орта мектептің жиырма бе­сі апатты жағдайда көрінеді. Бұдан бас­қа білім ошақтарының тең жартысы са­нитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмесе, жеті мектеп спорт залдарымен жабдықталмаған.

Биыл білім беру ұйымдарына жөн­деу жұмыстарын жүргізу үшін қомақ­ты қаржылар бөлінгенімен, тиімді пай­да­ланылмаған. Мәселен, облыс орта­лығындағы 15 мектептің жөндеу жұмыс­тары 30 тамызда бітеді деп белгіленсе, Жаңақорған ауданындағы №169 мектеп 20 қыркүйекке белгіленген. Одан бөлек көп жылдан бері құрылысы бітпеген алты мектеп бар екен. Аталған құрылыстардың тезірек аяқталуына жергілікті атқарушы органдар тарапынан табандылық байқал­майтын сияқты. Бұл орайда құрылыс бас­қар­масы, мердігер мекеме, білім орын­дары арасында үйлесімді жұмыс қажет.

Жекелеген білім беру ұйымдары басшыларының салғырттығы салдарынан мектептер сатып алынған құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілмеген. Айта­лық, Қызылорда қаласындағы мектептерге 112 млн. теңгенің, Сырдария ауданының мектептеріне 17 млн. теңгенің сатып алын­ған құрал-жабдықтары әлі күнге жет­кізілмеген.

Жалпы білім беретін мекемелердің сы­ныптарында оқушы санын жиырма бес­тен асырмау заңнамамен белгіленсе де, ол жүзеге асырылмайды. Облыс орта­лығындағы бірқатар мектептердің сы­ныптарында 40 оқушыдан сығылысып оты­рып, білім алатын көрінеді. Бұл білім беру сапасына кері әсерін тигізетін фактор десек, тағы бір олқылық – мамандығы сәйкес келмейтін және сотты болған ұстаз­дардың білім беруі. Мысалы, мектеп пен колледждерде сабақ беретін жеті тұл­ғаның соттылықтары жойылмаса да, мұғалімдікке қабылданғаны анықталды.

Қылмыстар мен құқық бұзушылық­тардың орын алуына негізгі себеп – мектеп директорларының бір орында ұзақ отыруы, қаржыны игеру, сағат жүктемесінің бө­лінісі және мұғалімдерді жұмысқа қа­былдауда үйлестіруші орган тарапынан бақылаудың жоқтығы. Облыстық проку­ратура Қызылорда қаласындағы №120 орта мектеп қызметіне жүргізген тексеру барысында директордың ұжымды он жыл басқарғанын, осы аралықта нәтижелі жұ­мыс­тарға қол жеткізудің орнына өрескел заң бұзушылықтарға жол бергенін анық­та­ған.

Білім беру ұйымдары басшыларының жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қажетті деңгейде болмауымен қатар, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда тиісті жұ­мыстар атқарылуы тиіс. Қазіргі таң­да облыс ішкі істер органдарының кә­ме­летке толмағандар ісі жөніндегі бөлім­шелеріне 287 жасөспірім мен 308 қолай­сыз отбасылары есепке алынған болса, он үш жасөспірім девиантты мінез-құ­лықты мектеп-интернатына жолданған. Осы 287 жасөспірімнің басым бөлігі Қызылорда қаласындағы мектептер мен колледждердің оқушылары екен.

Үйлестіру кеңесінде саладағы кемші­ліктерді шұғыл жою шаралары міндет­телді.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

ҚОҒАМ 06 қыркүйек 2014 г. 907 0