« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай зиялы қауым туралы ой қозғай отырып, оның ең бірінші артықшылығы ұлттың мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя алғанында деген екен. Айталының осы бағыттағы ұмтылысы жеміссіз емес. Ол қазіргі Қазақстанның қандай бір өзекті мәселесін сөз етпесін, әр уақытта ұлтының, еліміздегі басқа да этнос өкілдерінің мүддесін көздеп отырады. Оның пікірінше, «ұлт саясаты тек қазақ саясат емес, қазақ өз мүддесі үшін атасы басқаның арасынан дау шықпауын, ауылы басқаның арасынан жау шықпауын ойлайды». Бұған Елбасының: «Қазақ ұлтының өз мәдениеті мен тарихын, ұлттық төлтума болмысын жаңғыртуға деген ұмтылысына Қазақстанның басқа ұлттары азаматтарының тарапынан құрметпен қарау елдегі тұрақтылықтың стратегиялық негізі және адамдар арасындағы сенімнің факторы болып табылады» деген ой-тұжырымын (Назарбаев Н.Ә. Бейбітшілік және келісім саясаты. Астана: Елорда, 2008, 109-110-бб.) негіз етіп отыр.
Амангелді Айталы қоғамымыздағы демократия, Парламенттің қызметі, көп партиялық жүйе, БАҚ, мәдениет, тіл, дін, т.б. мәселелердіңқайсыбірін сөз етпесін анадайдан атойлап ұлт мүддесі тұрады. Және оған барын салады, парасатты пайыммен, әдемі, байсалды баяндайды. Уақыттың тарлығынан кейбір мәселелерге ғана тоқтай кетейік.
Рас, демократия – бір елден екінші елге аудара салатын технологиялық жоба емес. Демократияны сынаушылар да бар, тіпті Англияның көп жылдар Премьер-Министрі болған Уинстон Черчильдің айтқанындай, «демократияның көп кемшілігі бар, бірақ оның құндылығы сонда – бұдан артықты бүгінге дейін ешкім ойлап тапқан жоқ». Шындап келгенде, «демократия» ұғымының тіпті кінәсі жоқ, әңгіме әр елдің басшының демократияны халық игілігіне пайдалана білу өнерінде жатыр.
Ұлт мәселесін әңгіме еткенде мемлекетіміздің де кемеліне келмегендігін, кешегі патшалық Ресей кезінде, кеңестік заманда да өз алдына ерікті ұлт болып қалыптаса алмағанымызды ескерген жөн. Кеше де, бүгін де халқымыз арасында, әсіресе, жастар арасындағы еліктеушілік факторларды осымен де түсіндіруге болады. Сол себептен де мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін меңгеру қажеттілігі елде толық мойындалмай тұр.
Ғалым бұдан шығар жолдарды ұсынады. Оның біреуi – ұлттық намыс, тілге деген әлеуметтік қажеттілік. Екінші – мемлекеттік тілді қызметке тұрудың қажетті шартына айналдыру. Үшінші – әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанның азаматтығын аламын дегенге қазақ тілін білу талабын қою.
Қазір қазақ сан жағынан да, сапа жағынан да өзгеріп келеді. Бірақ жаһанданудың қаупі күшті. Бұл – орыстанудың, батыстанудың, америкаланудың қаупі. Қазір білім, мемлекеттік қызмет және тағы басқа жүйелер еуропаландыру деген саясат қарқынды жүріп жатыр. Өркениеттен біздің ел тәуелсіз еліміз сырт қалмауы қажет. Адамзаттың ойлап тапқаны біздің халық үшін де жат емес. Әңгіме сол батыстық тәжірибелерді ұтымды пайдалана білуде болып отыр.
Соңғы кездері Амангелді Айталының зерттеулерінің ерекше бір бағыты – еліміздегі дін мәселелері. Бұған өзі қызмет ететін жоғары оқу орны басшылығының арнайы зертхана ашып бергені көп қолдау болып тұр. Соңғы кітабын «Ұлт пен дін – тәуелсіздік арқауы» деп атауы да осыдан. Жинақтағы дінге қатысты мақалалар өзінің соны зерттеулерімен,пайымдылығымен, парасатты ой толғаныстарымен қызықты.
Автордың ойынша, бүгінгі ислам дінін жаһанданусыз түсіну мүмкін емес. Бұл арада Елбасымыздың «Бүкіл дүние жүзінде миллиардтаған адамдардың технологиялық жаңалықтарға бейімделу қиындығы, жаһандық рыноктың қатал талаптары салдарынан адамзаттың діни ақиқатқа жаппай оралуы жүрді» деп, ХХІ ғасырда діндердің аса зор рухани қызмет атқарып отырғандығына көңіл аударуды да, Елордамызда әлемдік діндердің бас қосуына мұрындық болып жүргені жайдан-жай емес.
Ислам діні мен ұлттық құндылықтарымызды ажырату мүмкін емес. Себебі сол ұлттық құндылықтардың терең тамыры да осы исламдық адамгершілік пен имандылық рухтан нәр алып келеді. Алайда бүгінгі әлемдік сапырылыста мұсылмандығымыздың саны да сапасы да күрделі өзгеріске ұшырап отыр. Қазір өзінің ата дінінен жеріп, басқа діндердің шашбауын көтеріп жүргендердің, әсіресе жастардың тағдыры зиялы қауымымызды ойландырып отырғаны шындық.
Дінге деген әлі жетіле қоймаған мемлекеттік көзқарас негізінен ұлттық саясатпен айқындалады. Ғалымның «Қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі тұрақтылыққа, татулыққа тарих пен ел алдында қандай жауапты болса, қазақ еліндегі әрбір ұлт пен дін мемлекетке, мемлекеттік тілдің тағдырына соншалықты жауапты екенін түсінетін уақыт жетті» деуі негізсіз емес.
Ұлттық мәселені ешуақытта діннен бөле қарауға болмайтыны белгілі. Дін – ұлттық белгініңерекше түрі ғана емес, оның рухани мазмұны. Амангелді Айталының әлемдік діндерге, әсіресе оның ішінде исламға қатысты ойлары өзінің парасатты пайымдылығымен, толымды толғаныстарымен қызғылықты. Мұсылман діні – ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің әлеуетті тірегі. Егер соңғы үш жүз жылдай отарлықтың бар қасіретін, кеңестік қырғынның талай ойранын көріп, бірақ беріспей бүгінгі күнге аман-есен жетсек, ол біздің діннің де арқасы екені айқын. Дін тек ұлтты рухани таным, мәдени дәстүрлер негізінде ғана біріктіріп қоймай, бұқара халықты әлеуметтік негізде де біріктіретінін айта отырып, автор ойын: «Біздің заманымыздың маңызды талабы өркениеттер арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыстарды қолдау, әсіресе дінаралық қарым-қатынастарды ізгілік жолына, өзара сыйластыққа, толеранттылыққа тәрбиелеу, зорлық-зомбылық, күш қолданудан бас тартып, бейбіт, парасат арнасына бейімдеу болып отыр» деп түйіндейді.
Қазақтың ұлттық құндылықтары туралы сөз қозғағанда А.Айталыны ерекше толғандыратын мәселе – ұлттық тіліміздің бүгінгі күйі. Рас, тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы бағытында көп нәрсе жүзеге асты. Егемендіктің елең-алаңында мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміз туралы 1995 жылы конституциялық шешім жасалды. 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң қабылданды. Мұны жүзеге асыру бағытында Үкіметтің арнайы қаулы-қарарлары мен мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Сан жылдар теперіш көрген ана тілдік кеңістікте оң өзгерістер орын алып, жаңа бағыттар қалыптасты.
Ғалым осындай тығырықтан шығар жолдарды да ұсынады. Оның ең негізгісі – ұлттық намыс, тілге деген ұлттық қажеттілік. Бүгінгі күні ұлттық тілдің тағдыры қандастарымыздың өзінен саналы іс-әрекетті, табандылықты, рухани ізденістерді талап етіп отыр. Өркениетті елдерде оның байырғы халқы өмірдің өзекті мәселелерін өздері шешуге бейім. Бұл арада саяси белсенділік, әлеуметтік әрекеттілік аса қажет.
Елу жылдан астам білім жүйесінде ғылыми және оқытушылық жұмысты оңтайлы ұштастырып келе жатқан ғалым-ұстаз елімізде нарық пен білімді байланыстыруды бір жақты түсінудің арқасында білімнің сапасына емес, білімді ұйымдастырғанымызға ақы алу кең етек алып отырғанын атап көрсетеді.
Амангелді Айталының азаматтық, қоғамдық һәм ғылыми болмысы жағынан жетіле түсуіне оның1999-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болғандығы игі ықпал етті. Ол жаңа қырларынан көрініп, жаңа тыныс алды. Сондай-ақ, ол өзінің ғылыми дайындығымен, өмірлік тәжірибесімен, әсіресе Парламент үшін қажет-ақ қоғамдық, ұлттық қатынастар саласына жетік, азаматтығы арлы, қайбір мәселе болмасын парасаттылықпен пайымдай алатындығымен де кеңінен танымал болды. Оның депутат кезіндегі еңбегі мемлекеттік наградамен атап өтілді. Бүгін де оны еліміздің түкпір-түкпіріндегі теледидар көрермендері мен газет оқырмандары арасында білмейтіндер кемде-кем. Оны поезд үстінде де, самолет салонында да жұртшылық біліп жатады, пікірлесіп жатады.
Әсілі азаматқа да, ғалымға да, қайраткерге де халықтың шынайы ықыласының лауреаты болудан артық қандай мәртебе керек. Алда да айтары мол Айталыға инемен құдық қазғандай ғылым жолында толағай табыс тілегіміз келеді.
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдар докторы, профессор.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |