Айтса айтқандай, Жалағаш кентіндегі Н.Мырзалиев көшесі және оның тұрғындарының тағдыры қыл үстінде. Олай дейтінім, көше аудан тұсынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолына қажетті өнімдерді тасып жатқан алыс шет елдердің ауыр салмақты әрі тіркемелі жүк көліктерінің дәлізіне айналды. Бұдан елу жыл бұрын салынған коммуналдық каркас үйлердің қабырғалары үздіксіз жүрген көліктердің ауырлығынан дірілдеп, тұрғындардың зәрелерін зәр түбіне жібереді. Сондай-ақ, мұндай ауырлыққа есептелмеген асфальт жолдың талқаны шықты. Жол деңгейінің төмен түсуі, 80-100 тонналық көліктердің оған түсіп кетуі жарылғандай әсер етеді. Таяуда ғана жүргізілген су құбыры да сыр берді. Бәрін қойшы, балалар мен қарт кісілердің жүріп-тұруы қиындап кетті. Баласы мектептен, қарт әке-шешесі барған жерінен оралғанша мұндағы тұрғындардың жаны шүберекке түюлі, көңілдері алаңдаулы тұрады. Көше комитетінің төрағасы ретінде кент әкімі Қ.Құлмахановқа осы жайларды ескерткенімде, «сол жол толық біткенше көліктер сол көшемен жүре береді» деп қарап отыр. Сонда басшыларды көше тұрғындарының жай-күйі, қауіпсіздігі еш алаңдатпағаны ма?
Сайып келгенде, ауыр жүк көліктері салынып жатқан логистикалық магистральдың бойындағы жанама жолмен елді мекенге соқпай өтуі тиіс. Бұл халықаралық жол салудағы қағидалардың басты шарты, бұған арнайы қаржы да қарастырылған. Сонымен қатар, бұзылған жолды жөндеп, көліктердің қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету жол салушы мердігерлік мекемелердің міндеті саналады. Тек оған жергілікті әкімшіліктердің қатаң бақылауы мен табанды талабы қажет.
Рысбай КӘРІМОВ,
еңбек ардагері.
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.