ҚЫЗЫМНЫҢ ЖАҒДАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ

Менің осы мақаланы жазуыма Отбасы күніне орай Қызылорда телеарнасынан жүргізілген хабар себепші болды. Отбасы, оның беріктігі мен бекемдігі жайында әңгіме қозғалып, әркім өзіндік пікірлерін білдіріп жатты. Сонда студияда отырған бір кісі: «Қазіргі аналар 3, әрі кетсе 5 баламен шектеледі. Әйтпесе, көпбалалы аналарға бізде барлық жағдай жасалған»  деп қарап отыр. Ол сенімді айтты. Оны естіп отырып мен таңғалдым.
Себебі, менің Шиелі кентінде тұратын 36 жасар қызым Гүлнәрдің  8 баласы бар. Өзі де, күйеу балам да жұмыссыз, қолдарында 85-ке келген, адам қолына қарап қалған қарт кісісі бар. Бес баласы мектеп жасында. Олардың мектеп формасын, өзге киімдерін, кітабын, оқу құралдарын, бәрін де өздері сатып алады. Күйеу баламның әпкесі берген ескі «Нива» машинасы бар. Қырсыққанда оны такси ретінде пайдалануға рұқсат берілмеген. Кәсіпкерлікпен айналысуға еш мүмкіндігі жоқ, оған көптің алып жатқан несиесі де бұйырмады. Қызым Үкіметтің көп балалыларға беретін  Күміс және Алтын алқасын мойнына таққанына мәз, отбасымен тойып тамақ ішуді ұмытқаны қашан. Олардың тұрмыс-тіршілігін жүрегіммен сезініп, жаным ашиды. Алайда, менің де бөліп беретін ештеңем жоқ.
Жалпы, хабарда көп мәселелер жалпылама айтылды. Сонда ол кісінің көпбалалы аналардың жағдайын білмейтіні ме? Әйтпесе, өңірде менің қызым секілді күй кешіп жүрген көпбалалы аналар аз емесі анық. Тілегім, осындай жандарға мемлекет тарапынан нақты көмек берілсе, қанеки!
Болат ҰЛЫҚПАНОВ,
зейнеткер.
Қазалы ауданы.

ҚОҒАМ 02 қараша 2013 г. 1 065 0