«ҚАЙСАР» БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

«ҚАЙСАР» БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ«Қайсар» футбол клубының ұжымы мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық көрсетті.

Клубтың басшылығы, бапкерлік құрамы мен футболшылары Қызылорда қаласындағы облыстық №2 балаларды оңалту орталығында болып, бүлдіршіндердің жағдайымен танысты. Сондай-ақ, «Қайсар» клубы арнайы қаражат бөліп, мүмкіндігі шектеулі балғындардың ақыл-ойын дамытатын психологиялық-сенсорлық кабинетті қажетті құрал-жабдықтармен жасақтап берді. Ал, балғындар болса, футболшы ағаларына би билеп, ән шырқап, өнерлерін паш етті.

Оңалту орталығының директоры Перизат Жұматова жылы жүрек пен ыстық ықылас танытқан футболшыарға алғы­сын жаудырды. «Оңалту ор­та­лығы 2005 жылы ашылды. Мұнда тағдырдың жазуы­мен дүниеге келмей жатып немесе туылғаннан кейін денсаулығында, жан дүние­сінде ақау пайда болған балалар – даму мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер емделуде. 9 жылда 30-дан аса бала емделіп, тіркеуден шығарылған. Қазіргі таңда бұл орталықта 60 бала бар.

Ал клуб басшылары біз­ге жаңа оқу жылының басында сенсорлық кабинетті жабдықтап, сыйға тартып отыр. Бұл балалардың психо­логиялық-педагогикалық тұрғыда түзелуі мен ақыл-ойының дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Қаражаттың тапшылығына байланысты мұндай кабинет бізде осы уақытқа дейін болмап еді. Сондықтан «Қайсар» клубына зор алғысымды айтамын. «Қайсар» командасы – облысымыздың мақтанышы. Аймағымыздың абыройын асқақтатып жүр. Ел біріншілігінде алғашқы орындардан көрінсін, алдағы ойындарда тек жеңіске жете берсін», – деді Перизат Алмашқызы.

Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны, «Қайсар» футбол клубының директоры Руслан Балтиев орталықтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға алдағы уақытта да жәрдемдесетіндіктерін жеткізді.

«Балаларды тәрбиелеп жатқан ұстаздарға рахметімізді айтамыз. Өйткені, жұмыстың ауырлығына қарамастан біраз жыл бойы аянбай еңбек етіп, көптеген балалардың сауығып кетуіне себепші болуда. Шынын айтсақ, бүгінгі сауапты іс бәріміздің жүрегімізге ләззат сыйлады. Бүлдіршіндер де риза болды. Сондықтан орталыққа болашақта тағы келеміз», – деді Руслан Балтиев.

Команданың капитаны Кирилл Шестаков оңалту орталығына «Қайсар» футболшыларының қолдары қойыл­ған суретті естелікке берді. Ал шабуылшы Елжас Алтынбеков алдағы ойындарда салатын голдарымды осындағы балаларға арнаймын дей келе, балғындардың тезірек емделіп кетуіне тілектестік білдірді.

Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

ҚОҒАМ 09 қыркүйек 2014 г. 842 0