Бір шаңырақ аясында

Қазақ жерін мекен етуші әрбір ұлт өкілі Қазақстанмен мақтана алады. Өйткені, біздің мемлекетте олардың өзінің ана тілін үйрену мен дамыту үшін барынша жағдай жасалған. Сондай-ақ нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге деген көзқарасына, наным-сеніміне байланысты кемсітуге тыйым салынған. Бұл заң тұрғысынан алып қарағанда. Жалпы Қазақстан халқы арасындағы бірнеше ғасырлар бойы тамырын жайған өзара бауырмалдық, кеңпейілділік Конституция баптарына сызат түсірген емес. Айталық, Сыр өңірінің өзінде ондаған ұлттардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осы ұлттардың әрбірінің тілі мен ділін, салт-дәстүрін ұстануы мен дамытуына ешқандай кедергі жоқ деп сеніммен айта аламын.

Мен – түбі бір түркі ұлтының өкілімін. Ата-бабаларымыз Сыр бойына сонау соғыс жылдарында қоныс аударған екен. Оған да міне, жетпіс жылдың жүзі болып қалыпты. Осы жылдар ішінде негізінен Қармақшы ауданының ІІІ Итернационал ауылын қоныстанған түріктер жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып-құраласып кеткен. Қазақша айтқанда, құда-жекжат, тума-туыс болып өсіп-өніп жатыр. Ауылдың аты айтып тұрғандай, мұнда жарасымы жарасқан сан ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүруде.

Мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігіне, ақыл-ойының кемелдігіне ерекше таң­ғаламын. Бұрынғы кеңестік жүйе тарап, одақтас республикалар өздерінің тәуелсіздіктерін жариялаған жылдары олардың көпшілігінде ұлтқа бөлінушілік орын алып, халықтар арасына жік түскені жасырын емес. Ал біздің Қазақстанда Президентіміздің сарабдал саясатының нәтижесінде ұлттар ұйыса түсті. Елбасы әрбір ұлт өкілдерінің тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін дамыту үшін Қазақстан халықтары институтының құрылуына жол ашты. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді.

"Ежелден Сырдың елі – жырдың елі, киелі, қасиетті Қызылорда!” топырағында ондаған ұлттың орталықтары жұмыс істейді. Бір шаңырақ астында топтасқан орыс, украин, неміс, корей, түрік, өзбек және басқа да ұлт өкілдері жергілікті халық – қазақтардың қонақжайлылығы, кеңпейілділігі, қайырым­ды­лығы арқасын­да ғасырлар бойы еркін өмір сүріп келеді. Қай ұлттың болса да ұлттық мерекелерін, той-думандарын бірге қарсы алып, бірге мерекелейміз.

Біз, түріктер, қазақтардың тілін ғана біліп қоймай, салт-дәстүрлерін де үйреніп алдық деуге болады. Мысалы, біз де соғым соямыз. Сол соғымнан үлкендерге сыбаға береміз. Бір асым етте тұрған ештеңе жоқ. Бірақ сыбаға берудің өзінде үлкен мән жатыр. Мұның үлкенді сыйлау, құрмет көрсету секілді тәрбиелік маңызы бар. Келіп жеткен еліміздің Конституциясы күнін өзге де ұлттар секілді біздің түрік ағайындар да көтеріңкі көңілде қарсы алып, мерекелік күйге бөленуде.

Гулчин ГЕЙДАРОВА,

түрік этномәдени бірлестігінің төрайымы.


ҚОҒАМ 30 тамыз 2014 г. 1 236 0