« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кодекс 6 бөлім, 28 тарау, 177 баптан (қолданыстағы кодекс 8 бөлім, 25 тарау, 195 баптан) тұрады. Кодексте прогрессивті жүйе бойынша жазаны орындаудың тетігі жетілдірілген. Оны қолдану кезінде сотталғанның құқықтық жағдайы, оның құқықтары түзелу дәрежесіне байланысты, не оның шектелуіне қарай өзгереді. Осыған байланысты сотталғандардың құқықтық жағдайы түзелудің белгілі дәрежесіне сәйкес келуі тиісті болғанымен, олар «бөлшектеп» жіктеледі:
– колония-қоныс пен түрмеде түрлі жаза өтеу жағдайлары белгіленеді: қатаң, дағдылы, жеңілдетілген,
– мекемеге келген сотталғандар дағдылы жағдайда жазасын өтейтіндігі жөнінде ережелер айқындалған.
Прогрессивті жүйенің жекелеген институтына сотталғандардың мінез-құлқын нақтылап саралау енгізілген. Бір мекеменің шегінде ұстау жағдайының өзгеруі, мекеменің басқа түріне ауыстыру бойынша жазаның түрін өзгерту, шартты түрде мерзімінен бұрын босату сотталғандардың белгілі бір мінез-құлқының дәрежесіне сәйкес келуі тиіс. Сотталғандардың мінез-құлқының дәрежесін анықтау жазаны өтеудің жағдайларын нақтылап, саралауға мүмкіндік береді және бұл құқықтық тәртіпке бағынуға ынталандырады. Сотталған өз тағдырын өзі шешетінін біледі.
Мәселен, оң мінезделетін сотталғандар мынадай 3 топқа бөлінеді: түзелудің бірінші дәрежесіне қол жеткізген сотталғандар (бұл топқа ұстаудың дағдылы жағдайынан жеңілдетілген жағдайларына ауыстыру шарасы қолданылуы мүмкін); түзелудің екінші дәрежесіне қол жеткізген сотталғандар (ұстаудың неғұрлым жеңіл түріндегі мекемеге ауыстыру, мүмкіндігі бар ұстаудың жеңілдетілген жағдайларында ұсталатындар); түзелудің үшінші дәрежесіне қол жеткізген сотталғандар (ұстаудың неғұрлым жеңіл түріндегі мекемеге ауыстырумен қоса, сондай-ақ, ұстаудың жеңілдікті жағдайларына ауыстыру мүмкіндігі бар).
Теріс мінезделетін сотталғандарды үш топқа бөлу қажет: жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушылар (қандай жерде болғанына қарамастан, ұстаудың жеңілдікті және жеңілдетілген жағдайларынан дағдылыға ауыстырылады); жазаны өтеудің белгіленген тәртібін жүйелі түрде бұзушы адамдар (ұстаудың дағдылы жағдайынан қатаң жағдайына ауыстырулары мүмкін); жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзушылар (ұстаудың қатаң жағдайларына, немесе өзге, аса қатаң түрдегі мекемеге ауыстырылады).
Жаңа кодексте пробация қызметін кең ауқымда енгізу және осы институттың функцияларын кеңейту көзделген. Пробациялық бақылау белгіленетін адамдардың тізбесі кеңейтілген. Мәселен, пробациялық бақылау шартты түрде сотталған адамдардан басқа, бас бостандығы шектелген сотталғандарға, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға қойылады. Сондай-ақ, сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек алуға жәрдемдеседі. Бұл бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандардың бостандықтағы өмірге тезірек үйренуіне және жаңа қылмыстарға бармауына септігін тигізеді.
Жаңа қылмыстық-атқару кодексінде ұлттық алдын алу тетігі, қоғамдық байқау комиссиясы жөнінде қағидалар қарастырылған. Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясы жаңалықтарының біріне сотталғандарды ұстау және қоғамнан оқшаулау дәрежесіне байланысты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын түзеу мекемелерінің қолданыстағы атауларын өзгерту жатады.
Бас бостандығынан айыруды саралап орындаудың қазіргі заманғы жағдайында түзеу мекемелерінің атауындағы «режим» сөзі ұстау режимі – құқықтық институтты біркелкі түсінуге кедергі келтіреді. Осыған байланысты мынадай атаулар енгізіледі: минималды оқшаулау – қоныс-колониялар; орташа оқшаулау – жалпы режимдегі түзеу колониялары; кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа оқшаулау – тәрбиелеу колониялары; толық оқшаулау – қатаң режимдегі түзеу колониялары; максималды оқшаулау – ерекше режимдегі түзеу колониялары; төтенше оқшаулау – түрмелер; аралас оқшаулау – тергеу изоляторлары, сондай-ақ, сотталғандар камераларда тұратын түзеу колонияларының алуан түрлі режимдегі оқшауланған учаскелері бар мекемелер.
Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық мекемелерінде жазаны өтеуді біріздендіруді және сотталғандардың жазаны түрмеде көзделгендей «төменгі» сатыда емес, «орташа», яғни, дағдылы жағдайларда өтеуді бастау туралы қағиданы белгілеуді қамтамасыз ету үшін қоныс-колонияда, түрмеде ұстаудың әртүрлі жағдайлары белгіленеді. Сотталғанның жазаны өтеу кезіндегі мінез-құлқын бағалау үшін мінез-құлық дәрежесі белгіленеді. Ол жазаны өтеудің дифференциалды жағдайына егжей-тегжейлі қарауға мүмкіндік береді және сипаттайтын материалдарды құрастыру кезінде ескерілетін болады.
Кодексте қамаудағылармен қарым-қатынастың халықаралық стандарттарына жақындату арқылы сотталғандардың құқықтық жағдайы бекітіледі. Сотталғандардың құқықтары, міндеттері мен құқықтық шектеулері туралы ережелер жеке баптарға шығарылған. (10,11 және 104-бап). Сотталғандарға кездесулер, телефонмен сөйлесулерге рұқсат беру, бас бостандығынан айырылған сотталғандарға көтермелеулер мен жазалау шараларын қолдану, оларға ұстау жағдайларын және түзеу мекемесінің түрін өзгерту кезінде сыбайлас жемқорлық көріністерге жағдай жасайтын нормалар алып тасталады. Көп мағыналы "өзге адамдар” деген сөздер алынып тасталып, сотталғанмен ұзақ кездесуге рұқсат етілген адамдар тізімі нақтыланған. Телефон байланысы арқылы сөйлесу нормаларында " ерекше жеке жағдайлар” ұғымы нақтыланған.
Бірқатар нормалар сотталғандардың құқық бұзушылықтарының алдын алуын болдырмауға бағытталған. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері аумағында ғибадат үйлерін салуға тыйым салынған.
Халықаралық міндеттемелерді іске асыру шеңберінде қылмыстық-атқару жүйесіндегі алдын алу тетігі туралы ережелер жеке тарау болып енгізілген. Жаңа редакцияда сотталғандармен өткізілетін тәрбие процесіне жұртшылықтың қатысуы, сондай-ақ, жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне әлеуметтік бақылауды іске асыру көзделген. Сонымен қатар, жобада Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жаңа редакциясында енгізілетін жазаларды орындау тәртібіне түзетулер енгізіледі. Бұл, атап айтқанда, қамау, мүлікті тәркілеу, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығару түріндегіқылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жазаларға қатысты.
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық-атқару кодексін қабылдау бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын сотталғандардың санын, тиісінше, оларды ұстауға арналған ақшалай қаражаттың қысқаруына, пенитенциарлық және постпенитенциарлық қайталанған қылмыстардың деңгейін төмендетуге әкеп соғады. Сотталғандарды және жазасын өтеуден босатылған адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және оңалтуға жағдайлар жасайды. Сондай-ақ, сотталғандармен жүргізілетін тәрбиелік процеске жұртшылықтың қатысу тетігін қалыптастырады. Екі күндік ұзақ кездесулер белгіленіп, олардың саны, мекеменің түрі және ұстау жағдайына қарай саралап, жіктелген. Қолданыстағы бандерольдар мен сәлем-сауқаттар алу нормалары сақталып, заттарды алу тек кездесу берілген кезде мүмкіндігі бекітілген. Азық-түлікпен бірінші кезекте қажетті заттарды алатын айлық есептік көрсеткіш мөлшері көбейген. Жаза өтеу жағдайына қарай орта есеппен 2-4 айлық есептік көрсеткішке өскен, сонымен қатар орташа оқшаулау, толық, максималды оқшаулау, төтенше оқшаулау колонияларында қатаң жағдайда жаза өтеушілерге екі айлық көрсеткіш мөлшерінде қаражат жұмсауға мүмкіндік берілген. Қолданыстағы кодексте бұл категориядағы сотталғандар тек бас бостандығынан айыру кезінде еңбегімен тапқан қаражатын жұмсауға ғана құқығы болатын.
Жаңа кодекс бас бостандығын айырумен байланысты емес жазаларды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Пенитенциарлық және одан кейінгі қылмыстың қайталануының деңгейін төмендетіп, сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне, сонымен қатар, сотталғандарды тәрбиелеу процесіне жұртшылықтың қатысу механизмін қалыптастырады.
Ғанибек Отарбаев,
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |