ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚАДАМЫ КӨП КӨҢІЛІНЕН ШЫҒЫП ОТЫР

Атам қазақ: "Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады” деп бекер айтпаса керек. Айтса айтқандай, ел бірлігі – келешегіміздің кілті. "Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай, сақтап қалуға соншалықты жігер керек” деген Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамытуға да айрықша басымдық берген болатын. Бұл бағытта бүгінде елді мекендердің кешенді дамуына облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тікелей қолдауымен барынша көңіл бөлінуде.

Аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың ұсынысымен облыс әкімдігінің биылғы жыл басындағы қаулысына сәйкес Сырдария ауданы бойынша тіректі елді мекен тізбесіне Ақжарма ауылы енген. Ақжарма ауылы күре жолдың бойы­на қоныс тепкен. Ауызбірлігі мол, шаруашылыққа қолайлы елді мекен болғандықтан бұл ауылдың тіректі ауылға айналуға мүмкіндігі мол. Бұған осы тіректі ауылдың 2014-2018 жылдарға негізделген кешенді даму жос­пары айқын айғақ болса керек.

Бүгінгі таңда бұл елді мекендегі халық саны 2747 адам болса, осының ішіндегі экономикалық белсендісі 1565 адам екен. Яғни, жалпы халыққа шаққанда 54,0 пайызды құрап отыр. Десе де, ауылда 70 адам жұмыссыз екен. Демек, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету – бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.

Сырдария ауданы бойынша барлық елді мекендерде қоғамдық кеңестер құру секілді жақсы бастама бар. Қоғамдық кеңестің мақсаты: ауыл тұрғындарының әкіммен қарым-қатынасын оңтайландыруға, тіршілік әрекетінің барлық саласында халықты біріктіруге, олардың ұсыныс-пікірлерін сарапқа салып, зерделеуге негізделген. Қоғамдық кеңес жұмысы ашықтық пен заңдылыққа бағытталған. Содан да жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, кент, ауылдық округі әкімінің халықпен өзара қарым-қатынасын одан әрі жетілдіру, қоғамдық қатынастарды демократияландыру бағытында жұмыс жасап жатқан жайлары бар.

Қоғамдық кеңес мүшелері ауылдағы ардагерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, "Жас Отан” жас­тар қанаты мен діни бірлестіктер, бизнес өкілдерінен жасақталған. Ақжарма ауылындағы қоғамдық кеңес құрамына 11адам енгізіліп, өткен жылдың шілде айында жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін кеңес 23 отырыс өткізіп, ауыл аумағындағы өзекті мәселелерді сарапқа салыпты. Нақтылай айтар болсақ, қоғамдық кеңесте "Ақжарма және К” және "Ақжарма-2” шаруа қожалықтары арқылы 2014-2018 жылдар аралығында 6 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жопарланған. Яғни, мал бордақылау алаңын салу, ет-сүт өнімдерін өндіру, Сыр салысын өңдеу, тағы басқа игілікті жобалар бар. Сондай-ақ, бұл жобаларға қосымша "Батыс Еуропа – Батыс Қытай” көлік дәлізінің Ақжарма ауылдық округінен өтетін бөлігінде "Ақжарма-1” шаруа қожалығының "В” категориясы бойынша сервистік кешен салу жобасы облыс әкімі жанындағы сәулет-қала құрылысы кеңесіне ұсынылып, мақұлданды. Бұл жобалар іске асқан жағдайда ауыл тұрғындары тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп, жұмыссыздық деңгейі 2,7 пайызға дейін төмендейді деген болжам бар.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, осы ауылдың қоғамдық кеңес мүше­лерінің ұсынысымен №130 Абай ор­та мектебінің түлектері, әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасы балалары, "Бола­шақ” университетіндегі ақылы бөлім­де оқып жүрген Сағыныш Жақбарова мен Ербол Дәулетовтер грант иегері атанса, осы университетте оқитын аз қамтамасыз етілген отбасы баласы Айдана Сағындықова "Петро­ҚазақстанҚұмкөлРесорсиз” компа­ния­сы­ның демеушілігімен тегін оқуға көшірілген.

Қоғамдық кеңес ауыл аймағының санитарлық тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарына да бір­кісідей бірлікпен жұмыла кірісуді мұрат тұтқан. Осы бағытта бақылау және үйлестіру үшін штаб құрылып, ауыл көшелері мен тұрғын үйлері меншік нысанына қарамастан, мекемелерге бөлініп беріліпті. Сондай-ақ, елді мекеннің таяу жылдардағы кешенді даму жоспарына сәйкес салынатын әлеуметтік нысандар: емхана, полиция бекеті, спорттық сауықтыру кешені, ашық спорт алаңына жер учаскелері бекітіліп берілген. Елді мекенді абат­тандыруға мемлекет тарапынан бөліне­тін қаржылар қоғамдық кеңес отырысында талқыланып, мақсатты жағдайда жұмсалуы бақылауға алынып отыр.

Қоғамдық кеңес мүшелері ауыл аймағында қоғамдық тәртіпті нығай­туға, құқық бұзушылықты болдырмауға баса мән беруде. Содан да түн мезгілінде кәмелетке жасы толмаған балалардың көшелерде бақылаусыз жүрмеуін учаскелік полиция инспекторына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ, Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартып жүргендердің де теріс әрекеттерін талқыға салып, ата-аналарымен ашық әңгімелесуді де тәжірибеге енгізген.

– Бес саусақ бірдей емес. Ел болғандықтан түрлі жағдайлар болады. Содан да Ақжарма ауылының келешегі кемелденуі үшін қоғамдық кеңес мүшелері рушылдыққа, ағайын­гершілікке бой алдырмай, ауызбір­лікпен жұмыс жасауы керек, – дейді қоғамдық кеңес төрағасы.

Айтса айтқандай, ауыл тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып тірлік жасаса, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, келешегі кемелдене бермек.

Еркін ӘБІЛ.

Сырдария ауданы.

ҚОҒАМ 30 тамыз 2014 г. 1 000 0