ШЫНАЙЫ АЛҒЫСЫМДЫ БІЛДІРЕМІН

Құрметті Қырымбек Көшербаев мырза!

Сізге тамыз айында өтініш арыз жазған болатынмын. Биыл тұңғышым оқу бітіріп, тағдырын 125 сұраққа теліп қойған ҰБТ-ға қатысып, 82 балл алды. Бұдан көбірек нәтиже күткенбіз. Себебі ұлым оқу озаты еді. 11 жылғы білімін сарапқа салар тұста қобалжыды ма, әлде күйзеліске түсті ме, нәтиже осындай болды. Сосын тек қана грант керек деген шешіммен жалпы конкурсқа Елбасының "Мәңгілік ел” жобасының аясында жасалған "Серпін” бағдарламасына орай солтүстік облыстардағы оқу орындарына тапсырып көрдік. Бірақ тамыз айының 8-і күні нәтижесі шықты. Ұлым тізімде жоқ болып шықты. Бұдан бөлек, 4 бала оқытып отырған маған бұл ауыр тиді. Енді не болады деп уайым жетегінде жүргенде облыс әкімінің жергілікті түлектерге арналған гранты бар екенін естідім. Сізге жазған өтінішіме сәйкес Жалағаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету басқармасы қоңырау шалып, құжат тапсыруды сұрады. Егер сізге өтініш арыз жазбағанымда, бәлкім, назардан тыс қалатын ба едік. Сондықтан да сізге алғысым шексіз. Құжатымызды 67 балмен Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіне агрохимия мамандығы бойынша тапсырдық. Жақында аудандық комиссиядан өтіп, ұлым облыс әкімінің грантын жеңіп алды. Ұлымның қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сізге ризашылығымды білдіремін. Сіз басқарып отырған облыс әлі талай жетістікке жететініне сенімдімін. Сізге ұлым Баубектің осы оқуды үздік көрсеткішпен оқып, өз еліне қызмет ететініне уәде беремін.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Шәйкүл Қалдыбаева құжаттарымызды өзі қабылдап, облыс әкімінің біздің ауданға бөлінген гранттары жөнінде ақпар беріп, жіті назарда ұстап отырды. Қарапайым халық өкілдеріне осындай қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлер тұрғанда ел үшін сүбелі жұмыстар атқарылатыны сөзсіз. Даналарымыз "Жол бастау қиын емес, артыңа ерер қолың болса” деп бекер айтпаған.

Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақыт, еліңізге тыныштық, еңбегіңізге жеміс тілеймін. Ұлыма болашаққа бағдар, үлкен өмірге жолдама бергеніңіз үшін шын жүректен зор алғысымды білдіремін! Халқыңызға жұмсаған адал еңбегіңіз әрқашан елене бергей!

Г.БЕКТІБАЕВА.

Жалағаш ауданы.

ҚОҒАМ 30 тамыз 2014 г. 1 162 0