ПОЛИГОН ЗАРДАБЫ

Төрткүл әлемдегі ядролық сынақ жасайтын ірі полигондардың бірі болған Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ 1949 жылдың 29 тамызында жасалса, мұнда барлығы 468 ядролық сынақ жасалған екен. Нақтылап айтсақ, отыз жарылыс жер бетінде және сексен сегіз ядролық қондырғы ауада сыналған. Олардың ішінде бірінші термоядролық қондырғы 1953 жылы 12 тамыз, алғашқы сутегі бомбасы 1955 жылы 22 қарашада болса, алты қондырғы сынағы үлкен биіктікте, яғни ғарышта сыналып, жер бетіндегі сынақтан бөлек полигонда 340-тан астам жерасты сынағы тік ұңғылар мен көлбеу туннельдерде жасалыпты.

Қазақстанда қиратқыш әлеуеті жағынан басқа мемлекеттермен са­лыс­тырғанда зор ядролық арсенал болды, – дейді аталмыш полигонда 1971-1973 жылдары әскери борышын өтеген "Невада-Семей” қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша ардагерлері төрағасы Сәбит Әбіш. – Мұндағы қарудың жиынтық ядролық қуаты бұрынғы Кеңес Одағының ықтимал дұшпандарының аса маңызды стратегиялық нысандарының сау тамтығын қалдырмауға жетіп, артылатын. Бұл қаруды қолдану миллиондаған халқы бар мыңдаған қаланы, тұтас бір мемлекеттерді, тіпті континенттерді жермен-жексен етуге мүмкіндік беретін.

– Бұл өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын, – деді әңгімесін одан әрі сабақтай түскен Сәбит Әбіш. – Халықтың төзімі таусылып, шегіне жеткен тұста белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған "Невада-Семей” қозғалысы дүниеге келді. Биылғы 28 ақпанда бұл қозғалысқа ширек ғасыр толды. Ал өз кезегінде осы қозғалыс полигонның жабылуына үлес қосты. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен полигон жабылды. Осылайша қырық жылдан астам жарылыс болған "аждаһаның” үні біржолата өшті.

Сәбит Әбіштің айтуынша, аймақта Семей полигонында 10 мыңнан астам азамат әскери қызмет атқарған. Жыл өткен сайын қатары сирей түскен олардың аса ауыр дертке шалдыққандары да жетерлік.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

ҚОҒАМ 28 тамыз 2014 г. 1 228 0